Басты жаңалықтар

VIP- нөмір алдыңыз ба?

Жыл басынан бері жүргізушілер көліктеріне мемлекеттік тіркеу нөмірін өз қалауы бойынша таңдап алып жатыр. Бұл жаңашылдық, әсіресе ерекше немесе есте қаларлық нөмірлерге қызығушылық танытатын азаматтар үшін қолайлы жағдай туғызады. Биыл 5 қаңтардан бастапенгізілген мұндай мүмкіндік арқылы азаматтар арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында өздеріне ұнаған комбинацияны таңдай алады.

«5 қаңтарда 500 өтініш түсті»

Биыл 5 қаңтардан бастап елімізде автокөлік иелері өздерінің мемлекеттік тіркеу нөмірін өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігіне ие болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс халыққа ыңғайлы жағдай жасау мақсатында енгізілген.

Жыл басынан бастап күшіне енген жаңа ереже бойынша азаматтар кез келген сан мен әріптен тұратын нөмірді таңдай алады. Мұны арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жасауға болады.Мемлекеттік тіркеу нөмірін өз қалауы бойынша таңдау құны — 10-15 айлық есептік көрсеткіш аралығында. Бірақ бұл баға жоғары сұранысқа ие ерекше нөмірлерге қолданылмайды, олар үшін бөлек тариф белгіленген.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Серік Молдашқалиевтің айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл 5 қаңтардан бастап кез келген азамат мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өз қалауынша таңдай алады. Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекеттік тіркеу нөмірін алу тәртібі бұрынғыдай сақталған. Азаматтар автокөлікті тіркеу үшін арнайы ХҚКО-ға барып, өтініш бере алады. Бұдан бөлек өтінішті eGov Mobile қосымшасы арқылы, сондай-ақ Халық банкі мен Еуразиялық банктің мобильді қосымшалары арқылы жолдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ өтінішті компьютер арқылы eGov.kz ресми сайты арқылы да беруге болады.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша Vip-нөмірлерге түскен өтініштердің нақты саны жөнінде ресми мәлімет жоқ. Дегенмен онлайн жүйе алғашқы күні жұмыс жасамай қалған кезеңде автокөлікті тіркеу орталығына бір күннің ішінде 500-ден астам өтініш тіркелді.Жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмір белгілеріне енгізілген өзгерістер тек қолжетімді әдемі нөмірлерге және «зеркальный» үлгідегі нөмірлерге қатысты. Атап айтқанда, қолжетімді әдемі нөмірлер қатарына 093, 081 секілді комбинациялар жатады. Мұндай нөмірлердің құны 10 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды, яғни 43 250 теңге. Ал «зеркальный» үлгідегі нөмірлерге, яғни — бірінші және соңғы сандары бірдей, мысалы, 181, 272, 363 сияқты нөмірлерге 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 64 875 теңге мөлшерінде ақы төлеу қажет, — дейді департамент өкілі Серік Молдашқалиев.

Ескі нөмір қалай сақталады?

Оның айтуынша, азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірін жеделдетіп дайындау қызметіне өтініш қалдыра алады. Бұл қызметтің құны — 15 978 теңге. Нөмір келесі күні дайын болады.

Ескі нөмірлерге қатысты шешім азаматтың өз еркінде. Автокөлікті тіркеу барысында орталық қызметкерлері жүргізушіден ескі нөмірді өзіне сақтап қалғысы келе ме, әлде тапсыруды қалай ма, соны нақтылайды. Егер азамат нөмірін сақтауды таңдаса, ол арнайы тәртіппен сақтауға қойылады. Алайда ескі нөмір жүргізушінің қолында жүрмейді, міндетті түрде орталыққа тапсырылады. Нөмір бір ай мерзімге дейін сақталады. Егер осы уақыт ішінде пайдаланылмаса,нөмір жойылады, бірақ сол нөміразаматтың атына бекітілген күйінде қалады. Кейін кез келген уақытта қайта пайдалануына болады, тек ол нөміржаңадан басып шығарылады,— дейді ол.

Заңнамаға сәйкес бір азаматтың бірнеше мемлекеттік тіркеу нөмірін алуына рұқсат етіледі. Vip-нөмірлерді азамат өз тума-туыстарына алып бере алады. Ал туыстық қатынасы жоқ адамдарға сыйға тарту арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Нөмірді алғаннан кейін оны сыйға беру шартымен әкесіне, інісіне немесе басқа да жақын туыстарына қайта рәсімдеуге болады.

Аққалидің таңдауы

Ақтөбе қаласының тұрғыны Аққали Сағидың көлік тізгіндеп жүргеніне 15 жылдан асқан. Құрылыс саласында еңбек ететін ол осы уақытқа дейін көліктеріне қарапайым мемлекеттік нөмір тағып келгенін айтады. Алайда жаңа жылдан бастап қолданысқа енген жаңашылдықты ести сала, Аққали да ерекше нөмір алуға ниет білдіріп, Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жол тартады.

«Зеркальный» нөмірге өтініш бердім. Екеуін бірдей — бірін өзіме, екіншісін әкеме арнап алмақпын. Бастапқыда жүйе дұрыс жұмыс істемей тұрды. Негізі, мұндай нөмірлерге үйден шықпай-ақ онлайн тапсырыс беруге болады екен. Бірақ база істемеген соң, халыққа қызмет көрсету орталығына баруға тура келді. Барсам, адам қарасы көп, кезек те ұзын. Соған қарамастан, кезегім тез келіп, тапсырысымды рәсімдеп, төлемді сол жерде жасап кеттім. 101-ден басталатын нөмірге серияны өзім таңдадым. Алғашында басқа серия көздеген едім, бірақ ол комбинация бос болмай шықты, сондықтан таңдауымды өзгертуге тура келді. Екі нөмір үшін шамамен 130 мың теңге төледім. Нөмірлерді дайындауға екі апта уақыт кететінін айтты, — дейді Аққали.

Қазіргі таңда Аққалидің иелігінде транзит нөмірлі көліктер бар. Ол жаңадан алатын «зеркальный» нөмірлерін болашақта сол көліктеріне тағуды жоспарлап отыр.

Транзит нөмірлерге тәртіп өзгермеді

Егер кездейсоқ сандардан тұратын нөмірді база автоматты түрде берсе, оның құны 2,8 АЕК, яғни 12 110 теңге болады.

Vip-нөмірлерді алу үшін уақыт бойынша ешқандай шектеу жоқ. Ал транзиттік нөмірлерге қатысты әзірге заңнамада өзгерістер енгізілмеген. Мұндайкөліктер ел аумағына кіргізілгеннен кейін міндетті түрде заңды түрде есепке қойылуға тиіс.Vip-нөмірлер өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Бұл мерзім өтініштер санына байланысты.Ең ұзақ күту мерзімі — 15 жұмыс күні, ал өтініш азайған жағдайда нөмір бір апта ішінде дайын болуы да мүмкін,— дейді Серік Молдашқалиев.

Айта кету керек, дайын болған нөмір жөнінде азаматтың телефонына хабарлама жіберілмейді. Нөмірдің дайын екенін білу үшін азамат арнайы орталыққа өзі барып анықтауы қажет.

Мақтаныш па, мәртебе ме?

Бірнеше цифрдан тұратын немесе ерекше символдар жазылған нөмірлерді көпшілік «vip-нөмір» деп атайды. Мұндай нөмірлер тіркеу құжаты ғана емес, кейде иесінің байлығы мен мәртебесін көрсету тәсіліне айналғандай.

Әлемде vip-нөмірлерге сұраныс жоғары. Мәселен, Ұлыбританияда қысқа нөмірлер аукцион арқылы сатылып, кейде ондаған миллион фунтқа жетеді. АҚШ-та адамдар өздерінің жеке таңдауымен нөмір жасатып, оны әртүрлі бағамен сатып алады. Ал Дубай мен Абу-Дабиде бір ғана цифрдан тұратын нөмірлер миллион доллардан асып кетуі мүмкін. Сингапурда VIP нөмірлерге арнайы салық салынып, олардың бағасы миллион доллардан асады. Тіпті Қытай мен Гонконгте белгілі бір сандар сәтті деп есептеліп, ерекше нөмірлерге үлкен сұраныс бар.

Мамандардың айтуынша, vip-нөмірлердің қымбат болуының себебі қарапайым. Олар иесінің мәртебесін көрсетеді, кейде коллекциялық құндылыққа ие болып, уақыт өте инвестиция ретінде қарастырылады. Кейбір бизнес иелері үшін мұндай нөмір — жарнама мен брендтің бір бөлігі.Көліктің нөмірі тек тіркеу құжаты емес. Ол — сән мен сәттіліктің, кейде тіпті байлықтың белгісі. Расында да, көшеде ерекше нөмірі бар көлікті көргенде, қарапайым цифрлардан әлдеқайда көп мән жатқанын түсінуге болады.

Автонөмірлерден түскен баж — бюджетке табыс

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовбиыл 1 қаңтардан бастап ел азаматтарына цифрлар мен әріптердің кез келген комбинациясы бар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін таңдау құқығы берілгенін,бұл қызмет үшін алынатын мемлекеттік баждың мөлшері таңдалған нөмірлік белгінің ерекшелігіне байланысты белгіленетінін айтты.

Стандартты қалаулы нөмірдің құны 10 айлық есептік көрсеткішті, яғни 43 250 теңгені құрайды. Бірдей әріптері немесе бірдей цифрлық комбинациялары бар vip-нөмірлер үшін 57 айлық есептік көрсеткіш, бұл — 246 525 теңге, ал цифрлары да, әріптік белгілері де толық сәйкес келетін нөмірлер үшін 114 айлық есептік көрсеткіш немесе 493 050 теңге көлемінде төлем қарастырылған.Аталған мемлекеттік баждардың мөлшері Салық кодексіне сәйкес айқындалады және жыл сайын қайта қаралатын айлық есептік көрсеткішке тікелей байланысты болады. Қалаған нөмірлік белгі комбинациясын таңдау қызметі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы, сондай-ақ eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы онлайн форматта қолжетімді.Жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері үшін төленетін мемлекеттік баж толықтай жергілікті бюджетке түседі. Қазіргі таңда құны 43 250 теңге болатын қалаулы нөмірлік белгілерді алу бойынша 2 мыңнан астам өтінім қабылданып, олардан түскен жалпы түсім көлемі шамамен 85 миллион теңгені құрады. Түскен қаражат көлік инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға және өңірдің өзге де басым бағыттарын қаржыландыруға бағытталатын болады, — деді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button