Бағаны көтеруге болмайды

Ақтөбеде қала әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізіп жатыр. Мақсат — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Былтыр 23 желтоқсанда еліміздің Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне өзгеріс енгізілді. Бұған дейін 19 атаудан тұратын тізім енді 31-ге дейін кеңейтілді.
Бұл шешім халық тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау мен қолжетімділігін арттыру мақсатында қабылданды. Кеңейтілген тізімге күнделікті тұрмыста жиі тұтынылатын өнімдер енгізілді.
— Осы ретте Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі Алматы және Астана аудандары әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйлердің жанындағы дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.Яғни аудандық әкімдік өкілдері мен жауапты мамандар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15% шекті сауда үстемесінің сақталуын бақылап, мониторинг жасайды. Сонымен қатар қаланың барлық сауда нысанына «Сауда қызметін реттеу туралы» Заң талаптары бойынша түсіндіріліп, жадынамалар мен ресми хабарламалар таратылуда. Егер заңнама нормалары бұзылған жағдайда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылатыны да ескертіледі, — деді Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі, жалпы сұрақтар секторының меңгерушісі Талғат Болысбаев.
Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы анықталады. Егер тауар бағасына артық үстеме қосылса, кәсіпкерлер заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар тауарды жеткізетін кәсіпорындар жайлы ақпарат жиналады. Дүкен иелеріне мүмкіндігінше алыпсатарлардан емес, өнімді өндіруші кәсіпорындардан алуға кеңес беріледі.
Егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы негізсіз қымбаттағаны анықталса, бұл мәлімет облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданады. Бұл орган бағаның не себепті өскенін анықтап, қажет болған жағдайда тиісті шара қабылдайды.
— Жыл басынан бері қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 33-тен астам сауда нүктесіне 14 рет мониторинг жасалды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі «Дина» және «Анвар» сауда желілерінің басшыларымен кездесті. Нәтижесінде осы сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесі 15 пайыздан 7 пайызға дейін арзандайтын болды. Яғни 7 пайыздан артық үстемеақы қосылмайды. Бұл — тұрғындарға азық-түлікті қолжетімді бағада ұсынуға бағытталған нақты қадамның бірі, — деді Талғат Болысбаев.
2026 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қала әкімдігі жергілікті тауар өндірушілер, ірі сауда желілері, базарлар және жылыжай шаруашылықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл құжат аясында тараптар азық-түлік бағасын негізсіз көтермеуге, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге уағдаласты. Қазір осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттағанынхабарлау үшін жедел желі жұмыс істейді. Тұрғындар 41-63-96 және 109 нөмірлері арқылы тиісті органдарға шағымдана алады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



