Қобыз үнін іздесеңіз…

Өнер
24 қаңтарда Ақтөбеде халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, қобызшы Айнұр Кәрібаеваның «Қобыз әуені» атты концерті өтеді.
«Ұстазы мықтының — ұстамы мықты» дегендей, Айнұр Кәрібаева — Қайырғали Қожанбаев, Дәмелі Таубекова, Нұржамал Ержанова сынды білікті ұстаздардың шәкірті. Ал өнер әлеміндегі алғашқы ұстазы Бану Жайханова екен.
Қобызшы Айнұр 2003 жылдан бері Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп келеді. Ол — А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінде қобыз тобының концертмейстері.
Қобыз үнін іздейтін ақтөбелік көрермендер Айнұрдың жеке концерттерін, міне, он жылға жуық уақыттан бері сүйсіне тыңдап келеді. Оның репертуарында көне қобыз күйлерінен бөлек, Ахмет Жұбановтың («Романс»), Кенжебек Күмісбековтің («Поэма»), италиялық скрипкашы Антонио Вивальдидің («Жаз») туындылары бар. Қазіргі авторлардан Әлқуат Қазақбай, Қуаныш Жұмағали, Ермұрат Үсенов, Арман Жайым сынды композиторлардың шығармаларын орындайды.
«Қобыз әуені» атты концертте өнерсүйер қауым тылсымға толы қобыз үнінен бөлек, домбыра күйлерін және ақтөбелік белгілі әншілерді де тыңдай алады. Атап айтқанда белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Мәдениет саласының үздігі, күйші Талап Хамзин, сондай-ақ Айбек Қарағұлов, Мерей Самұрат, Аманжол Өтемұратов, Гүлжан Бөрібасова сынды филармония әншілері өнер көрсетеді.
Концерт Өнер орталығында өтеді.
Айна САРЫБАЙ.



