Құқық

Тәртіпсіздіктер мен тиісті жазалар

Өткен аптада Тәртіптік кеңес отырысында 5 мәселеге қатысты 15 тәртіптік іс қаралды. Оның үшеуі сыбайлас жемқорлыққа қатысты, ал он екісі Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексі талаптарын сақтамауға байланысты болды.

Әдеттегідей кеңесті ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы — Тәртіптік кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев ашты. Әуелі Шалқар ауданы бойынша салық басқармасының бастығы Ж.Жұмабаев пен басқарма бастығының орынбасары С.Баймұратқа қатысты тәртіптік істер қаралды. Тексеру барысында олардың азаматтарға салық төлемдерін төлеуден босатылғандығы жөнінде заңсыз анықтамалар беріп, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылықтар жасағаны анықталды. Тәртіптік кеңестің мүшелері оларды қазіргі қызметтерінен босату керектігі туралы ұсынысты бірауыздан қабылдады.

Екінші қаралған мәселеде мемлекеттік сатып алуда талапқа сай келмейтін тапсырыс берушіні жеңімпаз деп танып, сондай-ақ «Ай-Жібек» базарын және Қарауылкелді селосының кондитер цехын сумен қамтамасыз етуде келісімшартта көрсетілген жұмыстар толық атқарылмағандығына қарамастан «Аман Құрылыс Ойл» мен «Ақтөбе-Жарық» серіктестіктеріне заңсыз қаражат аударылғаны белгілі болды. Кеңесте сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылықтар жасағаны үшін Байғанин аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Е.Көкшенің қызметтен босатылуы туралы ұсыныс берілді.

Шалқар ауданынан түскен істе мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан өткізуде заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Жауапты бір топ мемлекеттік қызметкерлердің үстінен тәртіптік іс қаралды. Нәтижесінде Шалқар аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Г.Бердешова, Шалқар аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Р.Ұлмағанбетова, Шалқар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Қ.Қосымов, Тоғыз селолық округі әкім аппаратының жетекші маманы Р.Алыпбаева, Шалқар аудандық мәслихат аппаратының бөлімше жетекшісі С.Шақшабасов, сондай-ақ Шалқар ауданы бойынша салық басқармасының бас маманы Р.Мырзагелдина, Біршоғыр селолық округі әкімі аппаратының бас маманы А.Дүйсенбаева, Бозой селолық округінің әкімі М.Оразалин, Айшуақ селолық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Р.Қоблашевалар тиісті жазаларын алды.

Ал Ар-намыс Кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Ақтөбе облысының жұмылдыру дайындығы, азаматық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің бастығы Қ.Әбекеровке де сөгіс берілді.

Айнұр  ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button