Жедел көмек жолға шықты…

Ақтөбе қаласындағы 101-атқыштар бригадасы көшесінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апаттар медицинасы орталығының Ақтөбе облысы бойынша филиалы бар. Бұл орталық туралы көп адам біле бермейді. Орталық мамандары күн сайын қатермен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқарады. Олар түрлі деңгейдегі өрт оқиғалары мен өндірістік жарақат, кез келген апаттық жағдай кезінде жедел әрекет етіп жүр. Осы орайда орталық мамандарымен сұхбаттасып, олардың атқаратын қызметі туралы білген едік…

Былтыр 684 шақырту түскен
Аталған мекеме өңірде 2000 жылы Аймақтық апат медицинасы орталығы болып ашылды. Бүгінде бұл орталықтың филиалында 23 адам жұмыс істейді. Шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімі басшысының міндетін атқарушы, дәрігер Камилла Қожаберлинаның айтуынша, мұндағы мамандар 112 бірыңғай диспетчерлік қызметінен түскен қоңырау бойынша зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Өткен жылы орталық қызметкерлері 684 шақырту бойынша 500-ге жуық адамға көмек көрсеткен.
— Орталық адам шығынын болдырмау мақсатында жедел әрекет етеді. Негізінен, кез келген апаттық жағдайға барамыз. Өкінішке қарай, бүгінде жол апаты жиілеп барады. Салдарынан адамдар түрлі дәрежедегі жарақат алып, тіпті оқиға орнында көз жұмған жағдай да кездеседі. Апаттық жағдай кезінде медициналық сұрыптау жүргіземіз. 4 адамнан жасақталған төрт бригадамыз бар. Онда диспетчер, дәрігер, фельдшер, жүргізуші-санитар жұмыс істейді. Әр шақыртуға мамандардан жасақталған бригада мен жедел құтқару жасағы жіберіледі. Олар қызмет барысында түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Өткен жылы 12 адамның өліміне әкелген ірі жол апаты Самара-Шымкент автожолының бойында, Белқопа ауылының маңында болғаны белгілі. Осы оқиға кезінде шұғыл әрекет етіп, науқастарды жақын маңдағы ауруханаларға жеткіздік. Ал құтқарушылар жасағы көлік ішінен шыға алмай қалғандарды құтқаруға атсалысты. Күн сайын осы секілді сан алуан оқиғаға тап боламыз. Қай адамға шұғыл көмек көрсету керегін анықтаймыз. Зардап шеккендер көп болған жағдайда өзге де жедел жәрдем қызметінің бригадалары диспетчер арқылы жұмылдырылады, — дейді ол.

Орталық мамандарының дені — реаниматолог. Дәрігер әрі анестезиолог-реаниматолог Камилла Қожаберлина қызмет барысында ауыр жарақат алған науқастарға медициналық көмек көрсетіп келеді.
— Орталық мамандары тәулік бойы адам өмірін арашалау жолында қалтқысыз қызмет етеді. Осы орталыққа қарасты трассалық медициналық құтқару бекеттері Мұғалжар ауданына қарасты Қандыағаш қаласында, Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұтақ және Ырғыз ауданының Қалыбай ауылында да бар. Бұл бекеттер өткен жылы 129 шақыртуды қабылдап, 176 адамға шұғыл медициналық көмек көрсеткен.
Биыл өңірде Жаңа жыл түні былтырғыдан тыныш өтті. Бұрын отшашу салдарынан жарақат алатындар жиі тіркелетін, қазір мұндай оқиға айтарлықтай азайды. Көлік апаты, өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылу, өрт және басқа да оқиғалар кезінде адамдарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Ақтөбе сейсмологиялық қауіпті аумаққа жатпағанымен, көктемде су тасқыны болады. Мұндай жағдайда құтқарушы, өрт сөндіруші және апаттар орталығының бригадасы тәулік бойы құтқару жұмысымен айналысады. Қауіпсіздікті сақтамау адам өліміне әкелетінін тұрғындарға қатаң ескертеміз. Өткен жылы Абай даңғылында көп қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында жарылыс болып, салдарынан ер адам көз жұмды. Ол үйінде керме төбелер жасайтын қондырғыны сақтаған екен, — дейді ол.
Дәрігер Камилла Қожаберлинаның айтуынша, жарақат алған адамға көмек көрсетпес бұрын сақтық шараларын ескерген дұрыс. Ашық жарақат инфекцияға бейім болғандықтан, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері немесе жедел жәрдем келгенше жарақат алған бөлікті қатырма қағаз арқылы иммобилизациялау қажет, бұл сынықтың ұлғаюының алдын алады.
— Көпшілігіміз жарақат алған адамды көрсек, көмек беруге асығып жатамыз. Сынған сүйекті қозғау жақын орналасқан тіндерге зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан медицина қызметкерлері келгенше науқасты қимылдатпай ұстау керек. Зардап шеккен адамның шок алмағанына көз жеткізіп, шұғыл медициналық көмек келгенше сүйекті иммобилизациялау үшін шинаны қолданыңыз. Ал қолыңызда ештеңе болмаған жағдайда қатырма қағазды екіге бүктеп, жарақат алған бөлікті оқшаулаңыз. Ашық жарақат болса, таза шүберекпен немесе таңғышпен жабыңыз, бұл инфекция түсудің алдын алады. Науқастың дене бөлігін неғұрлым жоғары ұстаңыз, ішке қан кетуді және ісінуді азайтуға септігін тигізеді. Ал жұлын, омыртқа жарақатын алған адамды тақтайшаға жатқызып, арнайы бригада келгенше орнынан қозғалтпаған дұрыс, — дейді ол.
Психологтің көмегі
Орталық психологі Гүлсезім Дәулетова мұнда 2012 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол кез келген шақырту кезінде зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетеді. Психолог күн сайын оқиға орнына бригадамен бірге барады. Тіпті ол мұндағы мамандардың жай-күйін қадағалап, олардың көңіл күйінің көтеріңкі болуы үшін түрлі психологиялық әдістерді қолданады.
— Зардап шеккен адамдар медициналық көмектен бұрын психологиялық қолдауға зәру. Кейбірі жақынынан айырылып, өз эмоциясын басқара алмайды. Тіпті балағат сөздер айтып, медицина қызметкерлеріне қол көтермек болғандар да кездеседі. Ондай жағдайда науқастың жақындарымен жұмыс жасап, психологиялық көмек беруге тырысамыз. Төтенше жағдай кезінде «Қауырт желі» арқылы телефон қоңырауларын қабылдап, зардап шеккен немесе қайтыс болған азаматтардың туыстарына хабар береміз. Өлім мен өмір арасында жүретін құтқарушылар мен дәрігерлердің жұмысының қаншалықты ауыр екенін осы орталықта қызмет ете жүріп сезіндім, — дейді Г.Дәулетова.
Орталықта күн сайын болатын төтенше жағдайларды тіркеу диспетчерге жүктелген. Жаңылсын Романенко — орталықта 25 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол жұмыс орнынан ескертусіз кете алмайды. Себебі апат кез келген уақытта болуы мүмкін.
— Мұнда 4 диспетчер кезекшілікпен тәулік бойы жұмыс істейді. Дәрігерлер мен фельдшерлер секунд сайын адам өміріне араша түсуге асығады. Ал олардың оқиға орнына жедел жетуі диспетчерлердің шапшаңдығы мен тиянақтығына байланысты. Белгілі бір жерде төтенше жағдай тіркелген кезде ең бірінші қоңырау дабылы 112 бірыңғай диспетчерлік қызметіне түседі. Диспетчерлік қызметке түскен қоңырау бойынша зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағыттаймыз. Күн сайын кезекші диспетчер оқиға болған орынды анықтап, орталық мамандарын медициналық көмек көрсетуге жібереді. Бір күнде бірнеше шақырту қабылдаймыз. Шақырту санаты мен орналасқан аумағына байланысты бригада жұмылдырылады. Бұрын жедел жәрдем қызметінде де еңбек еткендіктен, диспетчерлік қызмет маған таңсық емес. Адам өмірін арашалау жолында қалтқысыз қызмет етуден аянбаймын, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



