«Таза Қазақстан»

ТАЗА ҚАЛА — ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр.

 

Акцияның негізгі мақсаты — оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу.
Ақтөбе қаласындағы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 жалпы орта білім беретін мектепте «Таза Қазақстан — ортақ жауапкершілік» тақырыбында облыстық іс-шара өтті. Іс-шараға 150-ден астам оқушы қатысты. Жиында облыстық білім басқармасының бас маманы Аяжан Аманғалиева жастарды табиғатты аялауға, экологиялық сана мен жауапкершілікті қалыптастыруға шақырды. Ол мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, жас буынның белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ арнайы шақырылған спикерлер де экологиялық мәдениет туралы ой бөлісті.
— Ақтөбе облысы — өндірісі дамыған аймақ. Экономикалық әлеуеті артып келе жатқаны қуантады, дегенмен өндірістің қоршаған ортаға тигізетін зияны да аз емес. Ауаның ластануы, қатты-тұрмыстық қалдықтар, оларды сұрыптау мәселелері өзекті. Осы тақырыптар бойынша оқушыларға түсіндіріп, табиғатты аялау, айналаға ұқыптылықпен қарау туралы өз ойымызды айтып жатырмыз, — деді эколог Шынтас Нұрдаулет.
Сондай-ақ жиында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Гүлзат Жолмұратова да оқушыларға қоршаған ортаны қорғау туралы айтты. Спикерлер экологиялық бастамаларға белсенді қатысу, табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін баса айтты.
Оқушылар да экологиялық тақырыптағы ойларын ортаға салды. 6-сынып оқушысы Айсұлу Тоқашева:
— Мұндай іс-шаралар бізге көп нәрсе үйретеді. Табиғатты аялау керек, қоршаған ортаны қорғау — әркімнің міндеті. Қаламызды таза ұстауға бәріміз атсалысуымыз қажет, — деді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button