Қызметке қабылдау онлайн форматта жұргізіледі

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнінде Aqtobe IT HUB ғимаратында конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты.
Жиын барысында өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытыланды.
— Бұл шара қалалық әкімдік пен департаменттің бекітілген жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс бір күнмен шектелмейді, жыл бойы облыс, қала, аудан деңгейінде түрлі іс-шаралар өтті. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласында адами факторды азайту мақсатында бірқатар цифрлық жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Енді мемлекеттік қызметке қабылдау толықтай онлайн форматта жүргізіліп, конкурстар компьютер арқылы өтеді.
«Е-қызмет» жүйесі мен жасанды интеллект элементтерін енгізу кадрлық жүйенің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Биылдан бастап бюджеттік ұйымдардың кадр қызметтері бірыңғай жүйеге көшіріліп бұл мәселе толық автоматтандырылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Адал ұрпақ — саналы ұрпақ» қағидаты бойынша жүргізілетін жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінеді, — деді Р.Бисенов.
Конференцияда адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттауға үлес қосқан азаматтар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған эссе, бейнеролик және сурет салу байқауларының жеңімпаздары қала әкімінің және департамент басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Облыстық «Ақтөбе» телеарнасының журналисі Ботагөз Сахитжанова конференцияда сыбайлас жемқорлық тақырыбын көтеру қоғамның ашықтығына үлес қосу екенін атап өтті.
— Сыбайлас жемқорлық мәселесіне қалам тербеу арқылы журналистер қоғамға хабар жеткізеді. Менің ұсынған сюжетімнің тақырыбы дәл осы мәселеге арналды, ол дебат форматында өтті. Алдағы уақытта да өзекті тақырыптарды көтеруге тырысамыз, — деді журналист.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.









