Егемен елдің Естайы

Бүгінде тәуелсіздігіміздің туы биік көтеріліп, егемендігіміз еңсесін жоғары ұстаған тұста осы бір жетістігімізге менің де үлесім бар дегенді бәріміз айтқымыз келеді. Бірақ «сонда да солардың бар таңдамасы» деген сияқты, тоқсаныншы жылдардың басындағы қысталаң сәттерде жанын шүберекке түйіп, топ жарып шыққан, Қазақстанның, қазақтың намысы үшін отқа түсіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған шынайы патриоттар сирек-ау, сірә.
Солардың бірі — Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Естай Жайлыбаев.
Биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында жетпіс деген биік белеске көтеріліп отырған осы бір ел азаматы туралы бүгінде арнайы әңгіме қозғаудың реті келген сияқты.
Балалықтан басталған ұмтылыс
Егер дүниеге келген сәттен мектеп бітіргенге дейінгі уақытты шартты түрде балалық деп атайтын болсақ, оның осы кезеңінде қатарластарынан көп өзгешеліктер бар.
Мәселен, ол 1955 жылдың 12 желтоқсанында қазіргі Мұғалжар ауданына қарасты Покровка селосында дүниеге келген.
Әкесі Жұмағазы — осы аумақтағы Алтықарасу ауылының адамы. Соғысқа дейін Ақтөбе қаласындағы екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп, Қарабұтақ ауданындағы Қызылжұлдыз селосындағы мектепте шәкірттерге дәріс берген.
Елге батыстан жау тигенде қолына қару алып, майданға аттанады. Білімді жігіт әскерде комсомол жетекшісі болып, жас жауынгерлерді ерлікке жұмылдырады. 1944 жылы Будапешт төңірегіндегі сұрапыл шайқаста ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жарақатының қаттылығы сондай — елге оралған соң да екі жылдай емделеді.
Ол майдандағы ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Денсаулығы біршама қалыпқа келген соң майдангер еңбекке араласады. Әуелі Шұбарқұдықтағы депода саяси-ұйымдастыру бөлімінің басшысы міндетін атқарады. Одан кейін Покровкадағы МТС-та жауапты қызмет тізгінін ұстайды.
1950-1960 жылдары алыстағы ауылдарды білікті кадрлармен нығайту шаралары қолға алынғанда Жұмағазы Жайлыбаев Байғанин ауданының Қопа ауылына мектеп директоры болып жіберіледі. Одан кейінгі бір тұста Қарауылкелдіде мектеп директорының орынбасары да болады.
Бір кезде жарты Жазушылар одағы атанған Жарқамыс аудан орталығы болған кезде осында шығып тұрған жергілікті «Ленин туы» газетінде де қызмет атқарыпты Жұмағазы аға. Оның жазған мақалалары газеттің әр санында жарық көріп тұрған.
Осы арада айта кететін бір жайт — ұстаздықпен еңбек жолын бастаған, ылғи да қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында келе жатқан Жұмағазы аға сол уақытта Мәскеуде шығатын «Правда», «Известия» газеттерінен бастап, өзіміздің республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», облыстық «Коммунизм жолы», басқа да сан түрлі басылымдарды үйге жаздырып алады екен.
Әліппені қолға алып, әріп танығаннан бастап бала Естай оразасын газет-журнал оқумен ашатын дәрежеге жеткен. Мұнымен қоймай, есейе келе бірыңғай әдеби кітаптар оқуды дағдыға айналдырады. Жарқамыстағы кітапханада ол оқымаған кітап қалмағанға ұқсайды.
Үміт күткен бір перзентін осылай білім жолына салған қайран әке 1967 жылы соғыс жарақаты салдарынан өмірден өтеді. Бұл кезде Естай он екі жаста еді.
Отбасындағы өсіп келе жатқан өндірдей алты ұл, бір қызды алда талай сынақ күтіп тұр еді. Тағдырдың жазуы шығар, Естай Шұбарқұдықта, Жарқамыста, Алға ауданының М. Горький атындағы мектебінде де білім алыпты. Оны аз десеңіз, бірер жыл сонау Жамбыл облысының Қаратау қаласындағы ағайынның үйінде тұрып та мектепке барған. Сол кезде кенді қала Қаратауда, негізінен, орыс тілді тұрғындар мекен еткен екен. Алыстағы ауыл баласы бұл жерде орыс тілін тез меңгеріп кеткен. Заман ағымына қарай оның пайдасын кейін талай көргенін де жасырмайды.
Мектеп бітірген соң ауылда жұмыс істеп, одан соң әскери-теңіз флотында үш жыл жауынгерлік міндетін абыроймен өтеп келген жас жігіттің алдында білім жолы күтіп тұр еді.
Күреспен өткен жылдар
«Өмір — күрес» деп жатады әдетте. Ал шын мәнінде, Естай Жұмағазыұлының осы кезге дейін жүріп өткен жолдары күреске толы. Жалпы күресте кім жеңетіні белгісіз. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Ең бастысы, жігерің жасымаса болғаны. Оның ұстанымының өзі осыған саятын.
1983 жылы Алматыдағы қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын тарих факультетін үздік бітіргеннен кейін оны жолдамамен Гурьев педагогикалық институтына оқытушы етіп жібереді. Мұнда екі жыл еңбек еткен соң, Ақтөбеге келіп, осындағы кооператив техникумына ұстаздық қызметке кіріседі. Техникумда болашақ сауда қызметкерлеріне тарих, қоғамтану, құқық, саяси экономия, философия пәндерінен дәріс береді.
Ол кезде техникумда сабақ бірыңғай орыс тілінде жүреді. Тұрақты өтіп тұратын педагогикалық кеңесте өзге ұлт өкілдерінен тұратын оқытушылар ауыл балаларының сауаты төмендігін алға тарта береді екен. Алғашқы күннен-ақ жас мұғалім Естайды осы мәселе қатты ойландырады, бір жағы әлгіндей сындар айтыла беруі намыстандырады. Ақырында сондай жиында сөз алып, өзінің нақты дәлелдерін келтіріп, кейбір пәндерді қазақша оқыту жөнінде ұсынысын айтады. «Бұлай болуы мүмкін емес» деп қарсыластары өре түрегелгенде, Бакудегі, Самарқандағы кооперативтік жоғары оқу орындарында сабақтың әзірбайжанша, өзбекше жүретінін мысалға келтіруі олардың бетін қайтарғандай болып көрінеді.
1988 жылы кооператив техникумында алғаш рет қазақша бөлім ашылады. Бұл Естай Жайлыбаевтың қазақ тілі мәртебесін көтеру жолындағы алғашқы жеңісі болатын. Ол оған дейін де қазақ мектебін бітіргендерге лекция, семинар сабақтарын ана тілінде өткізуді бастап кеткен еді.
1989 жылы Қазақстан Тұтынушылар одағы жанындағы оқу-әдістемелік орталық қызметкерлері өз жоспарларына сәйкес техникумға келіп, оқытушылардың сабақтарына қатысып, тексеру жұмысын жүргізді. Осы шара нәтижесінде жас мұғалім Естай Жайлыбаевқа жоғары категориялы оқытушы дәрежесі берілді.
Тіл үшін талай айқасқа түсті. Бүгінде адам айтса нанғысыз жайлар да орын алды сол кезде. Бір уақытта облыстық тіл комитетіне жетекшілік жасағаны бар. Кәдімгі мемлекеттік қызмет. Қарамағында төрт адам ғана бар. Бірақ аты бар да, заты жоқ деген сияқты. Облыс әкімдігінде өтетін жиналыс-кеңестерге шақырмайды, аудандарға іссапарларға жібермейді, іс-шаралар өткізуге қаражат бөлмейді.
Облыс басшысы Савелий Пачиннің теріс көзқарастағы бұл ұстанымы одан төменгі шабармандарына берілген нұсқау іспетті болды. Не істеу керек?
Шама-шарқы келгенше шаруалар атқарған болады. Бірақ жоғары басшылық тарапынан байқалған самарқаулық бәрібір еңсесін көтертпей қойды. Ақырында ойланып-ойланып, «Облыс әкімі тілге неге теріс қарайды?» деген мақала жазды да, жоғары жаққа аттанды. Республикадағы басшысы Сұлтан Оразалиновтың қабылдауында болып, елдегі жағдайды жасырмай айтты. Сосын жазғанын ұсынды. Ол асықпай оқып көрді де, басын шайқады.
«Қорықпайсың ба?» деді сынай қарап.
«Қорқатын ештеңе қалмады. Бұлай жүре алмаймын», — деді бұл.
Сұлтан ағасы дереу республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалинге телефон шалып, қазір бір жігіттің баратынын, соның мақаласын газетке беру керегін айтады. Сосын өзінің көлігіне мінгізіп, редакцияға жібереді.
Бас редактор мақаламен танысқан соң, «Бала, мына түріңмен алысқа бармайсың ғой» деп жанашырлық пейілмен айтқанымен және бір үркітті. Естайда шегінетін жер қалмаған еді шынында.
Осылайша сол кез үшін жалпы жұртты шошындыратын сын мақала республикалық бас басылымда жарқ ете қалды.
Елге оралған Естайдың алдынан биліктегілер жау көргендей өре түрегелді. Әрине, жақтап, мақұлдағандары да бар, бірақ көбісі ашық айта алмайды.
Сонымен не керек, осылай айтыс-тартыспен жүргенінде Пачин мырзаның астындағы тағы да шайқала бастады. Оған негізгі себеп — оның Ақтөбені еркін экономикалық аймақ құрамын деген бастамасы болғанға ұқсайды. Бұл «жаңалықтың» астарында елдің егемендігіне қастандық сияқты әрекеттер байқалған сыңайлы. Бірақ тіл жанашыры Естай Жайлыбаевтың да жанайқайы біраз жағдайға әсер етіпті…
…Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрылған «Алдаспан» қоғамдық бірлестігі мен «Азат» республикалық партиясының Ақтөбе облыстық бөлімінің төрағасы ретінде де Естай Жұмағазыұлының атқарған жұмыстары жетерлік. «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының мүшесі болып, біраз шаруаның көш басында жүрді.
Осы жаңашыл ұйымдардың мүшелері Ақтөбеде алғаш рет Құрбан айт мейрамын өткізді. 1990 жылдың 22 наурызында алғаш рет саяси-ағарту үйінің алдына 12 қанат киіз үй тігіп, Наурыз мейрамын тойлаған да осылар.
Мәскеуден шығатын «Аргументы и факты» газетіне: «Жан-жақтағы қазақтардың үйлерін Ақтөбе қаласындағы үйлерге айырбастауға көмектесеміз», — деген жарнаманы жариялап, қандастардың елге оралуына мүмкіндік туғызған да алдаспандықтар. Ақтөбеде қазақ мектептерінің ашылуының да басында осы азаматтар жүрді.
Казактар бас көтерген Орал оқиғасына қатысып, ел бірлігін сақтап қалуға да ақтөбеліктер үлкен үлес қосты.
* * *
Естай Жұмағазыұлының әдебиет әлеміне құштарлығы оның жан дүниесін жаңартып, жасартып отыратыны байқалады. Қазіргі уақытқа дейін жақсы өлең көзіне түссе, жаттап алады.
Бір кездері қазақтың керемет ақыны Қадыр Мырзалиев поэзиясын пір тұтқанын өзі де мақтанышпен айтады. «Жас кезімнен сүйіп оқыған ақыным ғой, оның жүзден астам өлеңін жатқа білетінмін», — дейді ол бүгінде.
Қазақ педагогикалық институтында студент кезінде ақынмен кездесуге қатысып, «Естай, атыңа лайық азамат болғайсың!» деген қолтаңбасын алыпты.
Одан кейін ақын Ырғызға белгілі жазушы Өтебай Қанахиннің рухына тағзым ету жиынына келгенде қасында болыпты. «Сонда Ырғыздан Шалқарға жеткенше оның өлеңдерін жатқа оқып бардым, Қадыр ағам керемет ырза болды», — деп еске алады сол күндерді.
Үшінші ретте Ақтөбеде байланыс колледжін басқарып жүрген кезінде елге келген ақынның студенттермен кездестіруін ұйымдастырған. Сонда жиналған қалың жұртшылық алдында колледж директоры Естай Жайлыбаевтың Қадыр ағаның «Ұлы махаббат» атты өлеңін бір деммен жатқа оқып шығуы талайды таңғалдырды.
Ал шын мәнінде сол өлең жолдарындағы:
Жерім! — деймін ондайда,
Елім! — деймін.
Тұрған тұстан жарты елі шегінбеймін.
Өзім үшін күресте жеңілсем де,
Елім үшін күресте жеңілмеймін! — деген шумақ Естай Жұмағазыұлының өмірлік ұстанымына сәйкес келетіндіктен де оның жанына жақын еді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



