Ғалымжан Байдербес ғибраты

Ақтөбе облысының құрметті азаматы, әлиятанушы Ғалымжан Байдербестің туғанына 90 жыл толуына байланысты «Ерліктің шырақшысы» атты танымдық-тағылымдық шара облыс орталығындағы Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде өтті. Мұнда ұйымдастырылған көрмеде жиналғандарға жәдігер мұралар арқылы Ғалымжан ағаның өмірбаяны, жүріп өткен жолы, еңбек кезеңдері таныстырылып, оның отаншылдық пен ерлікті насихаттау бағытындағы көп жылғы қапысыз қызметі аталып өтілді.
Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан өз сөзінде Ғалымжан Байдербестің өмірдегі өнегесі, Әлия ерлігін дәріптеу, насихаттау арқылы жастарға патриоттық тәрбие берудегі ерен еңбегі туралы жан-жақты айтты.
— Облыс әкімі Асхат Шахаров осы жұмыстың алдағы уақытта да жалғасуы тиістігіне көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ ол Ғалымжан ағаның 90 жылдығына байланысты өзінің оң тілегін білдірді, өмір жолы мен қызметі Ақтөбе өңірінің рухани, тарихи және мәдени мұрасының аса қастерлі бір бөлігіне айналған тұлғаның еңбегіне жоғары баға берді, — дей келе, әке жолын жалғастырып келе жатқан Ақмарал Ғалымжанқызына облыс басшысының Алғыс хатын тапсырды.
Басқосуда еңбек ардагерлері Серік Ботағарин, Сағынай Құсайынов ерліктің шырақшысы атанған Ғалымжан Байдербестің тынымсыз еңбегі, ізденістері, Әлия-ғұмырдың жаршысы болғандығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Музейдегі жиында «Өзгеше өмірбаян немесе Ғалымжан Байдербес ғибраттары» атты кітаптың тұсаукесері болды. Бұл жинақта әлиятанушының тәлімдік-тағылымдық жолы баяндалады.
Салтанатты шаралар бұдан кейін қасиетті Қобда өңірінде жалғасты. Ақтөбеден келген қонақтар әуелі Әлия ауылындағы қазақтың батыр қызы ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев батырлар елі атанған өңірдің бүгінгі тынысымен қысқаша таныстырып, Ғалымжан Байдербес ағаның осы ауданның рухани өмірі дамуындағы көптеген іргелі істердің дем берушісі болғанын атап көрсетті.
Содан кейін осы ауылдағы «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығы ғимараты қабырғасында Ғалымжан Байдербеске арналған мемориалды тақтаның ашылу рәсімі өтті.
Бұл салтанатты сәтке қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, еңбек ардагері, осы ауылдың тұрғыны Қашқынбай Жанаев және басқалары естеліктер айтып, жақсының аты өшпейтіндігіне Ғалымжан аға өмірі мен өнегесі тұрғысынан дәлел келтірді.
Орталықта «Тарих тағылымы: Байдерес мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды және аруағына бағыштап ас берілді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



