Тағзым

Қаршыға айтса — қалып айтпайды

Халел Досмұхамедовтің ақылы

Қазір тоқсанды алқымдауға таяған Қаршыға ағаның есімін бала күнімнен білуші едім. Әкесі Сүйесін Тілеумағамбетов, Ойыл ауданының біз туып-өскен Қараой ауылында, елуінші жылдардың ортасына дейін, ширек ғасыр ұжымдық шарушылықтың басшысы болған.  Басы артель боп құрылған кеңестік шаруашылықтың негізін қалаған адам. Әке жолымен жүрген Қаршыға ағамыз да бүкіл саналы ғұмырын Жекенді өңірінде, ауыл шаруашылығын өркендетуге арнады.

Техника саласының айтулы маманы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қаршыға Сүйесінұлы қазір Ақтөбе қаласында тұрады. «Қаршыға айтса — қалып айтпайды» деп замандастары кезінде баға берген азамат,  Ойыл мен Қызылқоға өлкелерінің шежіресі бойында тұнып тұрған тірі тарих. Оның әңгімесін тыңдаудың өзі — бір ғанибет.

— Біздің шыққан жеріміз — Қызылқоғаның Тайсойған бойы, —  деп, сөзін әрі қарай жалғастыра берді. —  Осы жерде дүниеге келген атақты Халел Досмұхамедов саясатқа араласып, 1905 жылғы Петербордағы қанды жексенбіні көрген соң заманның қалай бұрылып бара жатқанын ерте аңдайды. Аңдап қана қоймай, елге бір келгенінде ұйысып отырған Беріш ағайындарына:

— Енді бұрынғыдай кеңшілік болмайды. Екі-үш әйел ұстау қиын болады. Қалған жерде олардың біреуімен ғана отасуға тура келеді. Сондықтан екінші, үшінші әйелдеріңді балаларыңды, мал-мүлкін-еншісін беріп, төркіндеріне апарыңдар! Сонда ғана өкімет өзгергенде тәркілеуге ұшыраудан аман қаласыңдар, — деп ақыл айтады. Әрине, бұған болып-толып отырған ірі байлар илана қоймайды, тыңдамайды. Тек жуастау жеті-сегіз үй ғана қозғалып, Ойыл өңірінің Жекенді өзенінің бойындағы Шилісай, Соркөлсайдан жер алып, орналасады. Соның арқасында аумалы-төкпелі кезеңнің тәлкегіне ұшырамай, аман қалады, ұрпақ жаяды.

Қаршекең кешегі «Жекенді» кеңшарының орталығы Сарыбие ауылында ұйысқан сол ағайын-туыстарының әрқайсысының қалай өсіп-өнгені, тағдыр-талайы, бүгінгі ұрпақтарының кезең- кезеңдегі тіршілігі туралы жазулы тұрған хаттай толық мағлұмат беріп сөйлейді.

— Елді есеңгіреткен соғыс жылдарында майдан даласынан қайтпай қалған ағайындарымыз да аз болған жоқ. Жараланып келгендер де, хабар-ошарсыз кеткендер де, сол оралмаған сарбаздардың соңында қалған жесірлерінің, бала-шағаларының қалай өсіп-жетілгені де есімізде тұр-дейді сонау сұрапыл жылдарды еске алып.

Биыл Жеңіске 80 жыл дегенде, солар туарлы айтуды, оқырмандарға жеткізуді өзіне парыз санайтын сияқты.

Оның пайымдауынша, соғыста қаза болған сарбаздың хабары қандай ауыр қайғы болғанмен, ақыры пенде оған мойын ұсынады, уақыт өте келе көндігеді, күдер үзеді. Өз бетінше тіршілік етуге көшеді. Ал хабар-ошарсыз кеткендердің жөні бөлек. Олардың артында қалғандардың өмір бойы дәмесі үзілмейді, күтумен болады.

«Менің қайран жеңгем!»

— Соның бір мысалы — отағасының отын өшірмеймін, шаңырағын құлатпаймын деп, түтінін түтетіп, соғыста хабар-ошарсыз кеткен жарын сарғайып күтумен ғұмыр кешкен менің қайран жеңгем —Лия Шайжанқызы Досжанова! — дейді Қаршыға аға.

— Майданға шақырту қағаз алғанда Бағытжан ағамның үйленгеніне аз ғана уақыт болған екен.  Аттанып бара жатып ағамыз жарына: «Ал, Лия, анам мен мына үш қыз саған аманат! Егер аман-сау тірі келсем, өзіңді ханның қызындай ханша қылып, төбеме көтеріп бағармын. Әлдеқалай хабарсыз кетіп жатсам да, бұларды тастап кетпегейсің» деп тапсырған екен. Соны жеңгем еске алып, «сені күтемін» деп ағаңа уәде беріп едім. Уәдемді күні бүгінге дейін сақтап келемін. Осы жылдарда «тұрмыс құралық, қосылалық» деп сөз айтып келгендер қаншама. Біріне де илікпедім. Үш қызға рақмет! Шаңырақта жалғыз қалған маған «соғыста хабарсыз кеткен ағамыздың шаңырағын құлатпаймыз» деп, Жолдығалиды әкеліп берді. Бауырыма басып, бағып-қағып, үйлендірдім. Балалы-шағалы болды. Кейін Асан, Үсен  деген ұлдары ержетіп, Хромтау ауданында беделді қызметтер атқарды. Олар да балалы-шағалы»  деп айтқан  сөзі есімде қалды.

Сондай-ақ соғыста хабарсыз кеткен ағамыздың  қарындасы Қалжанның да бір жарым жастағы Асхатты әкеліп, жеңгеміздің бауырына салғанын, сонда ол кісінің балалы болдым деп айналаға той жасағанын да  ұмытқанымыз жоқ.

Сол Асхат -Лияның тәрбиесінде ержетіп, жоғары оқу орнына түсті. Ақтөбе қаласында мамандығы бойынша жұмыс істеді.

Ертедегі кез ғой. Қалада тұратын үй табу қиын еді. Табылса да қымбат, кез келген адамның қалтасы көтермейтін. Біреудің тауық қораға жапсыра салған бір бөлмесінде тұрды. Ол кезде қаладағы қызметкерлердің жалақысы төмен. Шаһарда тұратындардың тапқаны қапқанына жетпейді. Ауылда қалған Лия балаларына қаймақ-майын, айран-сүтін, қолына түскен азын-аулақ азық-түлігін, күн құрғатпай қалаға жіберді де тұрды. Ештеңесін аяған жоқ.

Бір күні маған: «Келіннің аяғы ауыр деп естідім. Асхаттың азғантай табысына қарап отырғанша, келін жұмыс істеп жәрдемші болсын! Баласын бағып, қолын босатайын, мені көшіріп апар!» — деді. Жеңгемнің тілегін орындап, Ақтөбеге көшіріп әкелдім. Біздің ұжымдық шаруашылық қаладағы ет комбинатына жиі-жиі мал тапсырады. Сондайда барған сайын мүмкіндігіне қарай жәрдемдесіп жүрдім.

Өмір бойы көрген қиындықтың кесірі ме, болмаса бұрыннан ауырып жүріп, ауылда айтпаған ба, көп ұзамай жеңгем аяқ астынан қайтыс болды.

Өте қиын уақыт. Асхаттың үш-төрт жолдасы жәрдемдесіп, «Россовхоз» жанындағы қорымға жерледік. Басын қарайту оңай болмады. Қаладан автомеханик  оқуын өзіммен бірге бітірген Сағын деген азамат 7-8 құйматас тауып, соны іргетасқа пайдаландық. Баласы Асхаттың жинаған  азғантай ақ кірпішін жоғары жағына қаладық. Сөйтіп, басын қарайттық.  Бейіті шағын қорымның шетінде еді. Қазір табудың өзі қиын. Өтіп бара жатқан өмірді  бедерлегендей, сол кездегі құйттай қорымның аумағы ересен ұлғайып, өсіп кеткен.

Су сұраса сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау,қайран жеңгем!

Қарғаның валетіндей едірейіп,

Қасыңа мына біреу қайдан келген? — деп басталатын ақиық ақын Мұқағали Мұқатаевтың өлеңі бар еді ғой, соғыста өлген ағасын еске алатын. Сол сияқты қанды балақ соғыс жұтқан біздің ағамыздан да  сондай аяулы жеңгеміз қалған. Бірақ менің  жеңгем  жанына ешкімді жолатпай кетті. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен жарын күтумен, шаңырағын құлатпаймын деп бауырларының балаларын бауырына басып, әрқайсысын тәрбиелеп үй қылып, қатарға қосып, ардақты ана болып өтті өмірден! — деп түйеді әңгімесін Қаршекең.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

журналист, «Құрмет» орденінің иегері.

Суретте: Қаршыға Сүйесінұлы

Жеңгесі Лия.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button