Тағзым

«Тарихтан бір үзік сыр»

Қаламгер Табыл Құлияс туралы сөз

Дөңгелек үстел

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Табыл Құлиястың туғанына 90 жыл толуына байланысты «Тарихтан бір үзік сыр» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Оған қаламгердің көзін көрген, бірге қызметтес болған замандастары, әріптестері қатысты.
Жиырма жастан енді аса берген шағында Ойыл аудандық газетінде еңбек жолын бастаған Табыл Құлияс кейін «Көкшетау правдасы», Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеттерінде қызмет істеген. 1970 жылы республикалық телерадионың Торғай, Ақмола облыстарындағы меншікті тілшісі болған, Қазақ телевидениесінің насихат редакциясында редактор қызметін атқара жүріп, «Жебе» сатиралық журналын шығарды.
Тұңғыш сатиралық кітабы «Кесілген бұрым» 1977 жылы жарық көрді. «Сауда сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкі-грамма», «Жалмауыз», «Құйын», «Ақмылтық» (екі том), «Жегі», «Ши оқ», «Қара терең». «Тажал», «Үрей» кітаптары, «Шемен шер», «Дүние дәурен», «Ізет» сияқты очерктері, Жиенғали Тілепбергенов туралы «Аңыз ізімен» романы шықты.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған Ойыл ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист Идош Асқар өздерінің жастық кезеңі бірге өткенін баяндады. «Қаламы жүйрік журналист болды, аудандық газетте жауапты хатшы қызметін атқарып, редакция мен баспахананың арасында тыным таппай жүретін. Сықаққа бейім болды, фельетон жазды. Сөзді қадап айтатын. Сондықтан да көп адамдар, әсіресе басшылар одан сескеніп жүретін» — деп, өткен кезеңнің бір көріністерін тілге тиек етті.
Астана қаласынан келген қаламгер Сырым Бақтыгереев те өздерінің жарты ғасырдай өмірі тығыз шығармашылық байланыста болғанын айта келіп, оның өмірге көзқарасының ерекшелігін, қоғамдағы кемшіліктерге төзбестікпен қарап, сын садағына түйреп жүретіндігін нақты мысалдармен әңгімеледі.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше онлайн-байланыста Табыл Құлияс туралы ойын ортаға салды. «Оның фельетондары өткір тілімен, көздеген нысанасына дәл тиетін шеберлігімен ерекшеленетін. Профессор, сатира сыншысы Темірбек Қожакеев өзінің зерттеу еңбегінде Табыл ағамыздың фельетондарына арнайы тоқталып, талдағанын жақсы білеміз», — деп, қаламгердің шығармашылық бір қырына тоқталды.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин: «Мен Табыл ағамен өткен ғасырдың соңына таман таныстым. Адам жатырқамайтын, көңілі ашық-жарқын адам екен. Содан ағалы-інілі жақын болып кеттік.
Біздің облыстық телевидениеде «Қаламгер» деп аталатын хабар болды. Ақтөбеге келген бір сапарында Табыл Құлиясты осы хабардың қонағы етіп, оның өмірі, шығармашылығы туралы жұртшылыққа кең көлемде жария еттік.
Одан кейін қаламгер Ақтөбе арқылы Орынбор, Орск қалаларына барып, тарихымызды түгендеп, жекелеген танымал тұлғалар туралы материалдар жинақтап жүрді. Сонда бізге соғып кететін. Өзінің мақсатын, қайтар жолда не бітіргенін баяндап отыратын. Біз сол кезде ол кісінің еңбекқорлығын, өз ісіне тиянақтығын байқаған едік» — деп, жазушының тағы бір қырын ашқандай болды.
Журналист Аманқос Орынғалиұлы өзінің алдындағы буын өкілдері арасындағы Табыл Құлиястың қаламгерлік қуаты дараланып тұрғанын айта келіп, сол кезде оның фельтоншылығына байланысты ел ішінде тарап кеткен: «Табыл келді дегенше, дабыл келді десеңші!» деген тіркесті жұртшылық есіне салды.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ертай Ашықбаев өзінің жас кезінде Табыл ағасының қамқорлығын көргенін, оның жастарға жол көрсеткенін ырза көңілмен білдірді.
Жазушының немересі Жиембет Асылханұлы байланысқа шығып, осындай шара ұйымдастырып отырған қаламгер ағаларына, кітапхана қызметкерлеріне алғыс сезімін білдірді.
«Мен атамның бүкіл еңбегін, артында қалған мұрасын ылғи қарап отырамын. Ол ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақтың атақты қаһарман жырауы жайында «Жиембет батыр» роман-эссесін жазды. Менің есімімді де осы бір атақты адамның құрметіне қойғанын білемін. Сондықтан атамның үмітін ақтау жолында алға ұмтылып, еңбек етіп келемін», — деп, ол жан сырын ақтарды.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button