Мәдениет

Жас өнерпаздардың басын қосты

Классика — 2025

 Ақтөбеде жас таланттардың басын қосқан облыстық фестиваль-байқау өтті.

«Классика — 2025» деген атпен ұйымдастырылған фестиваль-байқауға облыс орталығынан және Алға, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би, Мәртөк, Темір аудандарынан жас өнерпаздар — әншілер, сондай-ақ ішекті, үрлемелі және ұрмалы аспаптарда, фортепианода ойнайтын балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жалпы, бұл — жас буын арасында классикалық музыка мұрасын насихаттау мақсатымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау.

Қазылар алқасының құрамында халықаралық байқаулардың лауреаты, мәскеулік музыкант Александр Златин, белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Ішекті аспаптар» кафедрасының меңгерушісі Қорлан Халилова, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы, мәдениет саласының үздігі Бектұрған Дүйсенбаев болды.

Өнер орталығында байқау басталмас бұрынөткен баспасөз конференциясында қазылар алқасының мүшелері сөз алып, жастар арасында классикалық музыканы насихаттаудың маңызы, осы бағытта біздің өңірде жасалып жатқан жұмыстар, қазіргі жастардың талғамы жөнінде сөз қозғады, сондай-ақ журналистер мен қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Өнер әлемі қайнаған тірлікті, бір-бірімен тәжірибе алмасуды қажет етеді, сол арқылы дамиды, ал жаңа әсерлер ойға, ізденіске жетелейді. Жас буын үшін бұл ерекше маңызды. Ақтөбе өңірінде осы бағытта жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Облыстағы музыка мектептерінде, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген шәкірттерім бар, олармен хабарымды үзбеймін, — деді Қорлан Халилова.

Фестиваль-байқаудың шымылдығын Мұхтар Ибраһим ашты. Кіші топ (10-12 жас) арасындағы сайысқа түскен Мұхтар флейтамен өнер көрсетті. «Ішекті аспаптар», «Үрлемелі және ұрмалы аспаптар» номинациялары бойынша өнер көрсеткен жас музыканттардың қазақ композиторлары туындыларына ден қойғанын айта кету керек. Мысалы, Дмитрий Кирпа тыңдарманды — Абайдың, ал Айару Мұрат Ахмет Жұбановтың шығармаларымен қуантты, т.б.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер екі топ (10-12 жас арасындағы кіші топ және 13-15 жас арасындағы ересек топ) және «Ішекті аспаптар», «Үрлемелі және ұрмалы аспаптар»,«Фортепиано», сонымен бірге «Вокал» (академиялық ән айту) номинациялары бойынша анықталды. Ән айтудан кіші топта — Дарья Селиванова, ал ересек топта Гүлназ Мұқан жеңімпаз атанды. Басқа номинациялар бойынша жеңімпаз атанғандар қатарында Есей Нұғыман, Ділназ Наурызова, Аружан Саин, Алина Сағалова, Мұхтар Ибраһим және Дмитрий Кирпа бар.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, сый-сияпат көрсетілгеннен кейін, облыстық фестиваль-байқаудың гала концерті өтті. Концертте қазылар алқасының төрағасы, халықаралық байқаулардың лауреаты Александр Златин де өнер көрсетті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button