Қала

ИГІЛІК ҮЛГІСІ

Ақтөбені  абаттандыру мен көркейтуге үлес қосқан кәсіпкерлер арнайы марапатқа ие болды. Қала әкімі Азамат Бекет биыл түрлі қоғамдық жобаға қолдау білдірген кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорын өкілдеріне алғыс айтты.

Салтанатты жиынға 30-дан астам кәсіпкерлік субъектісінің басшысы қатысты. Олар жыл бойы әлеуметтік нысандарды жөндеуге, саябақтар мен аулаларды абаттандыруға қолдау көрсеткен. Қала басшысы мұндай серіктестік алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Біз қаланың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің еңбегін ерекше бағалаймыз. Демеушілік — бұл жай ғана көмек емес, туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі. Сол себепті мұндай қолдауды жүйелі негізде қалыптастырып, тұрақты институтқа айналдыру — маңызды қадам.

Сіздердің қолдауларыңызбен қаланы абаттандыру жұмысының қарқын алғанын ерекше атап өтуге болады. Биыл жанашыр азаматтардың демеушілігімен 15-тен астам жаңа саябақ пен гүлзар салынып, ескі демалыс аймақтары жаңғыртылды. Бұл — бірліктің, отаншылдықтың, шаһарымызға деген сүйіспеншіліктің және ортақ мүдде жолындағы ынтымақтың айқын көрінісі.

Келесі жылы да осындай бірлескен жобаларымызды жүзеге асыратын боламыз. Бұл жұмысты алдағы жылдары да дәстүрге айналдырып, Ақтөбеде демеушілік институтын қалыптастыруымыз керек.  Сіздерге қала тұрғындарының атынан алғыс білдіремін, — деді Азамат Бекет.

Жиын соңында бірқатар кәсіпкер мен мекеме басшысына Алғыс хатпен естелік сыйлық табыс етілді.

Демеушілердің көмегімен биыл бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Қала жастары үшін заманауи скейт парк ашылса, «Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығының қарсы бетінде, Есет батыр және Алтын Орда тұрғын алаптарына, сондай-ақ қала орталығында тұрғындардың тынығуына арналған жаңа аллеялар бой көтерді.

Сонымен қатар «Ретро» саябағы қайта жаңғыртылып, көп жылдан бері қараусыз қалған автовокзал маңындағы гүлзар аумағы да абаттандырылды.

Аталған жобаларға «Әлихан ойл», «Анвар», «Гранд», «Зерде Керамика», «BS Holding», «Максимус», «Айс», «Центр групп», «Ақтөбе мыс компаниясы», «BDkair», «Gorilla Asia», «Rakhmet group» сынды компаниялар мен өзге де кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетті.

Бұл — мемлекет пен бизнестің ортақ жауапкершілігі негізінде қаланың көркі мен тұрғындардың жайлылығы үшін жасалған игі қадам.

 

БАТЫРЛАРДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ

Ақтөбеде қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтардың есімі ескерусіз қалмайды. Қаладағы атауы жоқ 9 көшеге лайықты тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныс қаралды. Бұл мәселе қалалық мәслихаттың 32-сессиясында талқыланды. Жиынға қала әкімі Азамат Бекет қатысып, бастаманы қолдайтынын жеткізді.

Қазіргі таңда облыс бойынша құқық қорғау органдарынан келіп түскен ұсыныстар сараланып, ерлік көрсеткен адамның есімі республикалық ономастика комиссиясы тарапынан мақұлданған. Оның ішінде  2011 жылы 1 шілдеде Шұбаршы кентінде діни экстремистік топты ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Айдос Боранбаев, Нұрлан Алпысбаев, Руслан Жолдыбаев және  сол жылдың 29 шілдесінде Қызылжар тұрғын алабында лаңкестік топты ұстау барысында оққа ұшқан Рүстем Кенжалин бар. Батырлардың есімі Рауан тұрғын алабындағы атаусыз көшелерге беріледі. Бұл олардың есімін өшірмей, келешек ұрпаққа үлгі етуге бағытталған.

2009 жылдың 13 шілдесінде Хромтауда алкогольді ішімдік ішкен қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапқан Қымбатқазы Уразалиннің есімі Украинка тұрғын алабындағы, 2012 жылдың 21 маусымында Кірпішті ауданында аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапқан Темірбек Жақсылықбаевтың есімі Қызылжар-2 тұрғын алабындағы, 2016 жылдың 5 маусымында террористердің қарулы шабуылына тойтарыс беру кезінде әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан Берікжан Қалиевтің есімі Балауса тұрғын алабындағы, 1983 жылдың 11 ақпанында Ақтөбе элеваторындағы өртті сөндіру кезінде қызметтік міндетін соңына дейін атқарып қаза тапқан Рақымжан Жаңабергеновтің есімі Құрашасай тұрғын алабындағы атаусыз көшеге беріледі. Сондай-ақ  2016 жылдың 5 маусымында террористердің қарулы шабуылына тойтарыс беру кезінде әскери борышын өтей жүріп қаза тапқан Досбол Сапардың есімі Қанағат тұрғын алабындағы атауы жоқ көшеге ұсынылды. Бұл азаматтардың барлығы да ерлікпен қаза болғаннан кейін Президент Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталған, — деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Жазира Бақытжанова.

Қалалық мәслихат депутаты Жаңалық Ахаш қызметтік міндеттерін өтеу барысында көз жұмған 9 адамның есімін атауы жоқ көшелерге беру туралы ұсыныс қоғамдық тыңдаулар кезінде тұрғындар тарапынан қолдау тапқанын атап өтті. Депутаттар ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Сессияны қала әкімі қорытындылады.

Қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза болған бауырларымыздың есімдеріне көше атауын беруі — өте дұрыс шешім. Бұл ұсынысты тұрғындар қолдап жатыр. Жалпы, сессия барысында қаралған мәселелердің  бәрі де маңызды. Олар қаланың дамуына тікелей байланысты, — деді Азамат Бекет.

 

ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген 41 азамат әртүрлі өтініш айтып келді.  Оның ішінде баспана алу, баласының оқу ақысын төлеуге жәрдемдесу, жұмысқа орналасу және материалдық көмек сұрау секілді тұрмыстық мәселелер бар.

Қала басшысы әрбір азаматтың мәселесіне жеке тоқталды. Сала жетекшілері мен бөлім мамандары бірқатар өтінішті сол жерде қарап, тұрғындарға кеңес ұсынды. Әкімдік алдағы уақытта да тұрғындармен кері байланысты нығайтатынын айтты.

Қала әкімінің жеке қабылдауында тек әлеуметтік жағдайын айтқандар ғана емес, елді мекенге, қалаға ортақ мәселелерді көтеріп келген тұрғындар да болды. Соның бірі — «Швейник» бау-бақша ұжымының тұрғыны Қуандық Өксікбаев. Ол саяжай аумағында балаларға арналған ойын және спорт алаңын салып беруді сұрады.  Алматы ауданы әкімдігінің мамандары азаматқа «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысу тәртібін түсіндіріп, жоба ұсыну жолын көрсетті.

Мамандардың айтуынша, егер тұрғындар қаңтар айында өтетін іріктеуге өтінім беріп, дауыс жинай алса, ойын және спорт алаңы жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Бұған дейін дәл осындай тәсілмен бірнеше бау-бақша ұжымында әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтерген.

Қала әкімі қоғамдық ұсыныстардың да маңызды екенін айтып, тұрғындарды белсенді болуға шақырды.

Қала әкімінің қабылдауында Құрашасай тұрғын алабына қарасты жаңа аймақ — Қанағаттың тұрғындары да өз өтінішін жеткізді. Олар әкімнен қоғамдық көлік кіргізуді және көше жолдарына қиыршықтас төсеуді сұрады.

Астана ауданы әкімдігінің өкілдері тұрғын алаптағы жағдаймен таныс екенін айтып, бұл бағытта жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда асфальт жолы жоқ елді мекендердің ішкі көшелеріне қиыршықтас төсеу жұмыстары басталған. Аудан әкімдігі өкілдері инфрақұрылым мәселелерін жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып шешуге мүдделі екенін айтты.

Құрашасай тұрғындары көтерген маңызды мәселенің бірі — №37 бағыттағы автобустардың жағдайы. Бұл маршрутқа «Автопарк» ЖШС қызмет көрсетеді. Көп жыл бойы қатынаған автобустардың ескі әрі жайсыз екені тұрғындар тарапынан жиі сынға ұшырап келген. Мәселені уақытша шешу үшін жуырда ғана жаңартылған №21 маршруттан босаған 8 автобус №37 бағытқа ауыстырылды. Бұл көлік қатынасын біршама жеңілдетеді.

«Автопарк» ЖШС өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 50 жаңа автобус жеткізу жоспарланып отыр. Сол кезде қаладағы бірнеше бағыттың техникасы жаңартылып, №37 маршрутқа да жаңа автобустар берілмек.

Азаматтарды қабылдаған соң қала әкімі әрбір өтініш бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке бақылауына алды.

 

ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР ЖАҢАРТЫЛДЫ

Ақтөбеде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Биылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы тарапынан кезекті ауқымды жобаның бірі іске асырылды.

Атап айтқанда, қала орталығындағы Ломоносов көшесінен басталып, Қарасай батыр көшесі арқылы Жүргенов көшесіне дейінгі аралықтағы жылу желісі толықтай жаңартылды. Ескі және тозығы жеткен инженерлік жүйені ауыстыру қыста апаттың алдын алуға, сондай-ақ тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазба жұмыстары мен жылу желілерін жаңарту аяқталғаннан кейін бұл учаскеде жол төсемі де толық қалпына келтірілді. Жаңадан төселген асфальттың жалпы аумағы — 3000 шаршы метр. Қалпына келтіру жұмыстарын «Жахан кез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы әрі мерзімінде орындады.

Сондай-ақ «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның қызметкерлері қазіргі уақытта диаметрі 400 мм болатын бетон коллекторын, яғни құбырларды жаңасына ауыстырып жатыр. Ұзындығы 3500 метрге жететін жаңа құбыр желісі қысымды басу құдығынан басталып, Курсанттар тасжолы арқылы КНС-13 кәріз стансасына дейін тартылуда.

Бүгінге дейін 2334 метр учаскеде құбыр тарту жұмысы аяқталды. Қалған 1166 метрге жуық бөлік жақын арада толығымен аяқталмақ. Айта кетерлігі, бұл жұмыстар мердігердің көмегінсіз, кәсіпорынның өз күшімен жүргізілуде.

 

Бетті дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button