ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП, КӨШЕЛЕРГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Алматы ауданы тұрғындарымен кездесті. Жиында биылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жылдың жоспары туралы аудан әкімі Рүстем Өтешов баяндама жасады.
Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, инженерлік инфрақұрылым, қоғамдық көлік, жарықтандыру секілді өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе қала шетіндегі тұрғын алаптардағы өзгерістерге назар аударылды. Мысалы, Кірпішті тұрғын алабында бұған дейін асфальт көрмеген 22 көшеге жол төселді. Сонымен қатар суағарлар мен тротуарлар салынып, көшелер жарықтандырылды. Жергілікті тұрғындар орнатылған жарықшамдардың қашан қосылатынын сұрады.
— Мердігер ұйым «Асссана дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Кірпішті елді мекенінің көшелеріне жол салды. Сол жобаға жарықтандыру жұмыстары да кірген болатын. Тапсырыс беруші тарап ретінде біз қазір қабылдау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Мердігер жарықты қосуға қажетті құжаттарын тапсыруда. Осы айдың соңына дейін жарық қосылады, — деді әкім.
Азамат Бекет кездесуде тұрғындардың көкейіндегі өзге де мәселелерге тоқталып, олардың шешу жолын да атап өтті. Әсіресе инфрақұрылымдық жобалар — жол, жарық, су және қоғамдық көлік бағыттарын дамыту басты назарда екенін жеткізді.
Биыл Алматы ауданы бойынша елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық берілді. Бұрын жол, жарық, тротуар сияқты негізгі инженерлік желілерден толықтай шет қалған бірнеше тұрғын алапта ауқымды құрылыс жүргізілді. Кірпішті, Жарық-2, Қызылжар-3, Өрлеу сынды жаңа тұрғын алаптардағы жалпы саны 25-ке жуық көшеге алғаш рет асфальт жол төселіп, жаяу жүргіншілер жолы, жарықшамдар және суағар желісі орнатылды.
Көктем, Балауса, Нокин, Ақжар-2 сынды елді мекендерде де жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Ақшат-2 мен Ақшат-3 тұрғын алаптарына су желісін тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, келесі жылғы жоспарға енгізілді.
Қурайлыда су өткізу құрылғылары орнатылып, сел жүру қаупінің алдын алу мақсатында арнайы инженерлік қорғаныс шарасы жүзеге асуда.
Биыл асфальт жүргізілмесе де, кейбір елді мекендердің көшелеріне қиыршықтас төселіп, тұрғындардың көлікпен және жаяу жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар ескі қала бөлігіндегі жаяу жүргінші жолдарының мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұрын тротуар мүлдем болмаған немесе ескіріп кеткен көшелерге 10 356 шаршы метр түрлі түсті брусчатка төселіп, қала келбеті жаңғырды.
Көп қабатты үйлердегі 66 аула толық абаттандырылып, балалар ойын алаңы, демалыс орындары, суағар салынып, жарықшамдар орнатылды. Аулаішілік жолдар мен тротуарларға асфальт төселіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырылды.
Тұрғындар кездесу барысында ерекше ризашылығын білдірді, жасап берген дүниені күтіп ұстайық деп бір-бірін тазалыққа шақырды.
Кездесу соңында жеке сұрағы бар 26 адамды қала әкімі Азамат Бекет қабылдап, мамандар кеңес берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



