102 ПУЛЬТІНЕ 4000-НАН АСТАМ ХАБАРЛАМА ТҮСКЕН

Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік халықаралық науқан басталуына орай Ақтөбедегі «Халықтық кеңсе» мемлекеттік қызмет көрсету орталығында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті.
Іс-шараға қалалық полиция басқармасының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, психологтар мен заңгерлер қатысты.
Ақтөбеде екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда шамамен 30 шақты әйел балаларымен бірге тұрып жатыр. Олар мұнда 6 айға дейін тегін тұрып, психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек алады. Балалардың мектепке немесе балабақшаға баруы да қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздік мақсатында орталықтардың мекенжайы жарияланбайды, ал агрессорлармен мамандар тек телефон арқылы немесе үйіне барып жұмыс жүргізеді.
— 16 күндік акция аясында тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қолдау көрсететін мекемелердің жұмысы туралы ақпарат береміз. Биылдан бастап цифрлық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактика күшейтілді. Сталкинг, кибербуллинг, онлайн қудалау сияқты жағдайлар жиілеп отыр. Енді мұндай әрекеттер үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылады. Акция барысында сауда орталықтарында, оқу орындарында, дағдарыс орталықтарында мамандар мен заңгерлер бірлесіп ақпараттық кездесулер өткізеді. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру отбасындағы сыйластық пен жауапкершіліктен басталады, — деді Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Нұрсәуле Жылқыбаева.
Сонымен қатар заңнамадағы өзгерістерге сәйкес отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты істер қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Бұрын олар әкімшілік құқықбұзушылық бабымен қаралса, қазір Қылмыстық кодекстің 108/1 және 109/1 баптары бойынша іс қозғалады.
— Науқан аясында мобильді топтар 102 нөміріне түскен отбасылық жанжал бойынша барлық хабарламаны бақылауда ұстайды. Әсіресе қайталама қоңыраулар ерекше назарда. Биыл жыл басынан бері 4 196 үйішілік жанжал туралы хабарлама тіркелді, оның 300-і – қайталама фактілер. Мұндай отбасылармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі, — деді Ақтөбе қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Айымгүл Төкешова.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық жанжалдың негізгі себебі — қызғаныш, туыстардың араласуы, қаржылық қиындық, маскүнемдік пен ойынқұмарлық. Қайталанатын құқықбұзушылықтар кезінде агрессорларға қолданылатын шаралар да күшейеді. Мәселен, іс сотқа жолданып, қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу тәрізді қосымша жауапкершілік жүктеледі.
А.АЛТЫБАЕВА.



