20 ТҮП ҚАРАҒАЙ ЕГІЛДІ

Ақтөбеде абаттандыру жұмысы аясында тағы бір бос аумақ жасыл желекке айналды. Әбілқайыр хан даңғылы мен Ғ.Жұбанова көшесінің қиылысындағы бос бұрышқа әрқайсысының биіктігі 4-5 метр болатын 20 түп әдемі қарағай егілді.
Қала әкімдігінің бастамасымен жүзеге асқан игі істің ерекшелігі — бұл жолы бюджеттен бір тиын да жұмсалған жоқ. Қарағай көшеттерін жергілікті тәлімбақтар (питомниктер) қалаға тарту ретінде сыйға берді. Аталған учаске енді шағын қарағайлы аймаққа айналмақ. Мұндай қоғамдық-іскерлік әріптестік қаланың көркі мен экологиясын жақсартуға үлес қосып қана қоймай, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін де көрсетіп отыр. Қалаға жанашыр жас кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар қала әкімінің қолдау көрсету туралы ұсынысын қабылдап, ағаш егу жұмыстарын ұйымдастырды. Биік ағаштар тамыр жүйесі бұзылмас үшін арнайы техниканың көмегімен әкелінді. Асты қара топырақпен, баластпен толықтырылды.
Мамандардың айтуынша, ағаштар жергілікті тәлімбақтарда өсірілгендіктен жаңа ортаға тез бейімделіп, жерсініп кетеді. Бұл олардың өміршеңдігін арттырып, күтімін жеңілдетеді.
Осыған дейін «Нұр Ғасыр» мешітінің алдына, автовокзалға барар жолдағы көпір астына және «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешені алдындағы жолдың бойына да демеушілердің қолдауымен ағаш егілген болатын.
К.ҚОПАЕВА.



