СУБҰРҚАҚТАР ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ЖАБЫЛДЫ

Биыл жазда қаладағы 22 субұрқақтың 19-ы жұмыс істеді. Қазір қалада субұрқақтарды қысқы маусымға консервациялау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бұл іс-шаралар аязды күндері инженерлік жүйелер мен жабдықтардың зақымдануына жол бермеу үшін қажет. Консервациялау кезінде әр субұрқақтан су толық ағызылып, тостағандары тазартылды. Сонымен қатар сорғы мен жарықтандыру құрылғылары бөлшектеліп, сақтау қоймасына жеткізілді.
Бұдан бөлек субұрқақтардың құрылымдық бөліктерін температура ауытқуларынан туындайтын деформациялардан сақтау үшін арнайы ағаш материалдар және қорғаныш пленкамен жабылды.
Қысқы күтім субұрқақтардың келесі көктем-жаз маусымында ақаусыз әрі үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
— Қазір біз «Нұр Ғасыр» мешітінің алдындағы субұрқақты консервациялап жатырмыз. Бұл — жабылып жатқан 18-ші нысан. Бұған дейін де қала бойынша жаз бойы өзіміз күтіп ұстаған барлық субұрқақты осылай жауып, қажетті бөлшектерін, сорғылар мен форсункаларын шешіп, қоймаға тапсырдық. Бетін ағаш және пленкамен жауып жатырмыз. Субұрқақтардың көпшілігінде түнде жарық беретін элементтер, шам, электр құрылғылар бар. Олар қыста бүлінбес үшін осылай консервация жасалуы керек. Жалпы субұрқақтарды қысқы маусымға арнайы консервациялау Ақтөбеде биыл алғаш рет жасалып отыр. Осыған дейін барлық субұрқақты қамтитын мұндай ауқымды жұмыс болған емес, — деді «Green Connect Solution» ЖШС мердігер ұйымының өкілі Райымбек Бахитов.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



