Қала

ӨНЕРЛІ ЖАСТАР ДОДАСЫ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Студенттер сарайында Халықаралық студенттер күніне орай «UNIFEST AQTOBE — 2025» шығармашылық фестивалі өтті. Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған байқауға 200-ге жуық өнерпаз студент қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин, қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова мен қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық қатысты.

Жастар арасындағы достықты нығайту, жас дарындарды анықтау және шығармашылық әлеуетті қолдауды мақсат еткен бұл байқау өңірде алғаш рет ұйымдастырылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, С.Бәйішев атындағы университет, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті және М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының студенттері фестивальге қатысу өтінімдері мен қажетті құжаттарды алдын ала тапсырған.

Фестивальді бағалаған қазылар алқасы құрамында мәдениет саласының тәжірибелі мамандары бар. Қазылар алқасы әр қатысушының дайындығы мен өнерін әділ бағалап, аталымдар бойынша үздіктерді анықтады.

—  Әр оқу орны сахнада бір сағаттық концерттік бағдарламасын ұсынып, жүргізушілік, эстрадалық және дәстүрлі ән, аспап орындау, хореография, көркемсөз оқу, үздік фан-клуб, видеоролик, мобилография және ерекше жанр сынды он аталым бойынша өнер көрсетті. Фестивальде ең көп қатысушы өнер көрсеткен — Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты. Бұл оқу орнының 85 студенті өнер көрсетті. Институт курсанттары өздерінің білім мен тәртіпке ғана емес, өнерге де жақын екенін дәлелдеді. Ал Құдайберген Жұбанов университетінің жанкүйерлері өздерінің ерекше қолдауымен фан-клуб аталымында үздік деп танылды. Жалпы, жастардың белсенділігі өте жоғары. Мұндай байқауларды алдағы уақытта тағы да өткізу жоспарымыз бар. Өйткені осындай жобалар жас таланттардың танылуына жол ашады, — деді Ә.Садық.

Әрбір қатысушы өз бағыты, мамандығы бойынша жоғары дайындықпен келіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Байқау туралы естігенде жоспарымызды әзірлеп, кімнің қандай өнерге икемі барын білдік. Әр аталым бойынша ерекше дайындалдық. Болашақ заң саласының мамандары болғандықтан біз үшін тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында болды, — деді М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының 2- курс студенті Дастан Серікбай.
Фестиваль қорытындысы бойынша аспапта орындау шеберлігі, дәстүрлі ән, үздік жүргізуші, хореография және мобилография аталымдары бойынша М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері озық шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ видеоролик түсіру және көркемсөз оқу бойынша Ақтөбе заң институтының студенттері үздік деп танылды.

Кеш соңында жеңімпаздар арнайы дипломмен, бағалы сыйлық және ақшалай сертификатпен марапатталды.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button