РЕСПУБЛИКАЛЫҚ WORKSHOP СЕМИНАРЫ: КӘСІБИ БІЛІКТІЛІК ПЕН ТӘЖІРИБЕ

Қалалық оқушылар сарайында республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Қосымша білім беру педагогінің кәсіби құзыреттілігі, жаңашылдығы және жұмыстың оң нәтижеге бағытталуы» атты республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Осы іс-шара аясында өткен республикалық WORKSHOP семинарына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтер мен қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Қалалық оқушылар сарайында өткен іс-шара үлгілі Қазақ ұлт аспаптар студиясы өнерпаздарының орындауындағы күймен ашылды.
Қалалық оқушылар сарайының директоры Лаура Оңғарбаева еліміздің барлық аймағынан келген педагогтерді қарсы алып, орталықтың жұмысымен таныстырды. Одан соң семинар қонақтары мен қатысушылар үшін сергіту ойыны ұйымдастырылды. Педагогтер мұнда өзара таныстық орнатып, балалар шығармашылығы академиясы қолданбалы факультетінің, «Алтын мұра» қазақ қолданбалы өнері және қолөнер үйірмелері оқушыларының қолынан шыққан бұйымдарын тамашалады.
Салтанатты іс-шара кеңейтілген отырысқа ұласты. Мұнда қатысушылар Zoom платформасы арқылы басқа өңір педагогтерімен өзара пікір алмасты. Ал өзге өңірден Ақтөбеге арнайы келген қатысушылар қызмет барысында пайдаланатын жаңашыл әдістері туралы жобаларын көпшілікке таныстырды.
Солардың бірі — Орал қаласы мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Тілек Қуанышкереев. Ол «Басқарудағы жаңа көзқарас пен тәжірибе трансформациясы» тақырыбында алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні дұрыс пайдалана білу мұғалімінің жұмысын жеңілдетеді.
— Қазір кез келген адамның тұлғалық дамуы үшін бар жағдай жасалған. Осы жолғы семинар қатысушыларына жасанды интеллект арқылы педагогтің әлеуетін арттырудағы басқару трансформациясының артықшылығын түсіндірдім. Бүгінде өзім басқаратын орталықта 6500 оқушы білім алып жатыр. Оларға 300-ге жуық педагог сабақ береді. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, үйірмелерге қалмай келуі көңіл қуантады. Үйірме қатысушылары шығармашылық, спорт, өнер, зияткерлік бағытта білімін шыңдайды. Бүгінде балалардың мінез-құлқы құбылмалы. Десе де осындай оқушыларға тәлім беріп жүрген ұстаздардың өзімен тікелей қарым-қатынас орнату үшін оларға тапсырма беріп, тесттен өтуін сұраймын. Осы орайда Padlet бағдарламасы арқылы педагогтердің мұң-мұқтажын, жеке мәселелерін біле аламыз. Жасанды интеллект арқылы іске асырылатын бұл бағдарлама мұғалімдермен жеке және топ болып жұмыс жасауға мүмкіндік береді, — дейді ол.
Ал Оқушылар сарайында 1996 жылдан бері қызмет ететін домбыра класының оқытушысы Жанар Төлеубаева домбыра аспабының үнін әлемдік деңгейге жеткізіп жүр. Ол домбыра әрбір қазақтың рухын көтеретін құнды қазына болуға тиіс деген пікірде.
— Республикалық WORKSHOP семинары — педагогтердің шығармашылығын шыңдауына мүмкіндік беретін заманауи іс-шара үлгісі. Қатысушылар семинарға жоғары даярлықпен келген. «Домбыра үні — әлемдік үн» атты авторлық бағдарламам бойынша білгеніммен бөлістім. Бүгінде өзге ұлт өкілдері қазақтың мәдениетіне, ұлттық киімдері мен аспаптарына қызығушылықпен қарайды. Биыл Өзбекстанның Ташкент, Түркияның Анталия қаласында өткен байқауларға қатысып, жеңімпаз атандық. Біздің шебер өнер көрсетуімізге олардың ыстық ықыласы мен қошеметі демеу берді. Тіпті кейбірі байланыс нөмірімді сұрап, домбыра класына жазылуға ықылас танытып та жатты. Домбыра мен шаңқобыздың үні шетелдік көрерменнің таңданысын тудырды. Осы семинар арқылы жас педагогтерге жаңашыл бағдарламаларды қалай дұрыс пайдалану керегін ұғындыруға тырыстым. Қасиетті қара домбырамызды ұлықтау, оны шетелдіктерге паш ету — басты мақсатым, — дейді оқытушы.
Семинарға қатысушының бірі — Алматы облысы Қарғалы шығармашылық орталығының директоры Жангүл Оразалиева. Ол бұл семинардың оқытушылардың біліктілігін арттыруда маңызы зор екенін айтады.
— Ұйымдастырылған секциялар өте мазмұнды болды. Әрбір спикер жаңа идеяларымен, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, цифрлық дәуірдегі білім беру үдерісінің жаңа қырларын ашып көрсетті. Бұл іс-шара білім саласындағы жаңашылдықты қолдауға, өңірлер арасындағы кәсіби байланысты күшейтуге және болашақ жобаларды жоспарлауға зор мүмкіндік береді. Бүгінде өзім басшылық ететін орталықта 831 оқушы түрлі бағыттағы үйірме мен студияларда білім алып, шығармашылық қабілетін шыңдап жатыр. Семинарда балалармен жұмыс жасаудың тың әдіс-тәсілдерін үйрендім. Әсіресе Жанар Төлеубаеваның «Домбыра үні — әлемдік үн», Бауыржан Әбішевтің «Жас зерттеуші» экологиялық үйірмесінің жұмыс моделін ұйымдастыру әдістері және басқа да жоба авторларының еңбектері ізденіспен жазылған, — дейді қатысушы.
Семинарға жиналғандар дарынды оқушылардың алдағы іс-шараларға даярлығын өз көзімен көрді. Мұнда мың бұрала билеген бишілерден бастап, болашақ театр артистері даярланады. Мәселен, Қалалық оқушылар сарайындағы үлгілі «ЖасART» балалар театрында 40-қа жуық оқушы оқып жатыр. Олар көптеген республикалық додаларда топ жарып жүр. Аталған театрдың белсенді оқушысының бірі — Назерке Кәкімжанова. Ол Алматыда өткен байқауда Джессика рөлін сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіпті.
— Театр өнеріне бала кезден қызығатынмын. Үлгілі «ЖасART» балалар театрындағы әр күніміз қызықты өтеді. Жетекшіміз Мира Таубатырова оқушылардың әрқайсысымен тіл табыса біледі. Алғаш келгенімде ұялшақ едім. Кейіннен сахна мен театр арасындағы байланысты сезініп, тіл байлығым молая түсті. Ортамен тез тіл табысып кеттім. Бүгінде жаңажылдық қойылымдарға дайындықты бастадық, — дейді ол.
Семинар бағдарламасына сәйкес қатысушыларға «Цифрлық кеңістіктегі білім: форматтан мазмұнға дейін», «Әдістемелік шеберханасы: педагогтердің табысты практикалары», «EdPractice: үздік педагогикалық шешімдерді тарату», «Инклюзивті білім берудегі заманауи әдістер мен құралдар» атты 4 секциядан тұратын бағдарлама ұсынылды. Іс-шара соңында барлық қатысушыға сертификат табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



