Қала

ТҰРҒЫН ҮЙ РЕФОРМАСЫ: КӨППӘТЕРЛІ ҮЙЛЕР ҚАЛАЙ БАСҚАРЫЛАДЫ?  

 Биыл қыркүйекте күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістер еліміздегі көп қабатты үйлерді басқару жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталды. Бұл өзгерістер тұрғындардың құқығын күшейтіп, үйдің әрбір теңгесі қайда жұмсалып жатқанын ашық көрсетуге, ал басқаруға жауапты тұлғалардың міндетін нақтылауға мүмкіндік береді. Ақтөбе қаласы тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Ақнұр Қазбаевамен осы тақырыпта әңгімелескен болатынбыз.   

Пәтер иелері кооперативі қайта тіркеледі

Ақтөбе қаласында бүгінде 2100 көппәтерлі тұрғын үй бар. Осы үйлер 36 пәтер иелері кооперативі, 16 сервистік компания мен 191 мүлік иелерінің бірлестігі арқылы басқарылады. Биыл 15 қыркүйектен бастап күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты көп қабатты тұрғын үйлерді басқарудың формасы да өзгерген.  Бұл өзгертудің мақсаты — басқарудың айқындылығын, қаржылық есеп берудің ашықтығын және тұрғындардың басқаруға қатысуын күшейту.

Ең маңызды өзгерістің бірі — көп қабатты тұрғын үйлерді басқарудың «жай серіктестік» нысанының жойылуы. Бұл үлгі жылдар бойы тұрғындардың мүлкін тиімді басқара алмады, жиналған қаражаттың қайда жұмсалатыны да көбіне түсініксіз болып жүрді. Енді оның орнына көп қабатты үйлерді басқарудың екі негізгі формасы жұмыс істейді. Ол —  мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және тікелей өзара басқару. Бұрын қолданылған жай серіктестіктердің күші жойылып, ал пәтер иелері кооперативтері мен басқарушы компаниялар басқару субъектісі ретінде сақталғанымен, оларға Заң бойынша жаңа мәртебе берілді. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес пәтер иелері кооперативтері (ПИК) бір жыл ішінде толықтай қайта тіркеуден өтуге тиіс. Бұл — оңай процесс емес. Әрбір көп қабатты үй бойынша тұрғындардың жалпы жиналысы өткізіліп, ПИК-тің әрі қарай жұмыс істейтіні немесе жұмысын тоқтататыны сол тұрғындардың шешіміне байланысты болады. Егер тұрғындар ПИК-тің қызметіне риза болып, оның сақталғанын қаласа, кемінде 51 пайызы қолдау білдіруі керек. Осы келісім жиналғаннан кейін, қайта тіркеу кезінде әділет органдарына әр үйдің хаттамасы толық түрде тапсырылуға тиіс, — дейді Ақтөбе қаласы тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Ақнұр Қазбаева.

Оның айтуынша, жай серіктестіктердің қызметі бүгінде мүлдем тоқтатылған. Тұрғындар  тікелей өзара басқару формасын таңдаған жағдайда да олар өз бетінше барлығын жүргізе алмайды. Тұрғын үй инспекциясы өкілінің айтуынша, 36 пәтерге дейінгі үйлер ғана өзара топ құра алады, дегенмен басқару субъектісі ретінде міндетті түрде ПИК немесе сервистік компанияны таңдауы қажет.

Жай серіктестік неге жойылды?

Бұрын көп қабатты үйлердің басым бөлігі жай серіктестік арқылы басқарылып келгені белгілі. Дегенмен бұл модельдің құрылымы да, құқықтық мүмкіндігі де заманауи талаптарға сай болмады.

Жай серіктестік үйлерді басқару нысаны ретінде ең әлсіз модель болды. Оның негізгі кемшіліктерінің бірі — заңды тұлға мәртебесінің болмауы мердігерлермен келісімшарт жасауды, банктік шот ашуды қиындатты. Сондай-ақ қаржылық ашықтықтың төмендігі тұрғындардың жиі наразылығын тудырды. Бірнеше үйдің қаражаты араласып кететін жағдайлар көп болды. Жауапты тұлғаның болмауы басқарудың осы формасында барлық мәселені күшейтті. Тұрғындар кімнен есеп-талап ету керегін білмейтін. Заңдық даулардың көптігі келісімшарттардың жеке тұлғалар атынан жасалуына байланысты сот процестерінде де қиындық туғызды. Түптеп келгенде, осындай кемшіліктердің жиынтығы «жай серіктестікті» қауіпті және тиімсіз басқару моделі ретінде көрсетіп, оны заңнан алып тастауға әкелді, — дейді инспекция өкілі.

 

Басқару мен бақылау қатар жүреді

Заңға енгізілген өзгертулерге байланысты, енді бұрынғыдай әр үйдің өз ережесі, әр ПИК-тің өз тәртібі болмайды. Барлығы бір жүйеге түсіп, басқарудағы жауапкершілік те, қаржылық ашықтық та жаңа деңгейге көтеріледі.

—  Жаңа реформа тек құрылымды өзгертумен шектелмейді. Басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін әр үйге міндетті түрде жеке шот ашу талабы енгізілді. Бұл бұрынғыдай бір ПИК-тің бірнеше үйдің ақшасын бір жерге жинап, оны қалай бөліп жұмсайтыны белгісіз болатын жағдайға нүкте қойды. Енді тұрғындар өз үйінің шотындағы қаражатты нақты көріп, оның қайда және қандай мақсатқа жұмсалатынын бақылап отыра алады. Үйлердің басқарылуын тұрақтандыру үшін төраға міндетіне де жаңа талаптар қойылды. Бұрын жыл сайын ауысып отыратын төрағалар тұрақсыздық тудырып, орта жолда жұмыс тоқтап қалатын. Биыл қыркүйектегі бұйрыққа сәйкес «Мүлік иелері бірлестігінің үлгі жарғысына» енгізілген өзгерістерге байланысты енді төраға үш жылдық мерзімге сайланады және өзі тұратын үйдің меншік иесі болуы міндеттелді. Бұл — үйдің мәселесін шын мәнінде білетін, жауапкершілікті сезінетін адам басқаруға келуі керек деген сөз. Сонымен бірге төраға міндетті түрде үй кеңесінің құрамына кіреді. Яғни барлық жүйе бір арнада жұмыс істеп, басқару мен бақылау қатар жүреді, — дейді Ақнұр Қазбаева.

 

Жеке шарт пен жеке шот

Жаңа заңдағы ерекше өзгерістердің бірі — уақытша басқарушы компания институты. Құрылысы енді біткен үйлерде тұрғындар басқару формасын таңдап үлгергенше, үй басқарусыз қалмауы үшін құрылыс салушы екі жылға дейін уақытша компания тағайындай алады. Егер тұрғындар ұзақ келісімге келе алмай жатса, тұрғын үй инспекциясы да осындай компанияны өзі бекітуге құқылы.

Көп жыл бойы үй басқару құрылымы ретінде жұмыс істеген ПИК-тердің мәртебесі түбегейлі өзгерді. Енді ПИК басқарушы субъект бола алмайды. Ол қызмет көрсететін шаруашылық ұйым ретінде ғана жұмыс істейді. Тұрғындар ПИК-пен әр үй бойынша жеке шарт бекітеді, тарифі мен сметасын өздері бекітеді, әр үйге жеке есепшот ашылады. Бұл да ашықтықты арттыруға арналған маңызды тетік. Заң ПИК-терге бір жыл ішінде қайта тіркелу міндетін жүктеп, олардың қызметін жаңа үлгі жарғыға сәйкестендіруді талап етті, — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілі.

Заңдағы осындай өзгерістерге байланысты қазір Ақтөбе қалалық әкімдік өкілдері  тұрғындармен кездесулер өткізіп жатыр. Осы бағытта әкімдікте де бірнеше рет жиын ұйымдастырылған. Онда барлық ПИК өкілдері мен басқарушы компаниялардың басшылары бас қосып, заңнамаға енгізілген өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Жиын барысында басқарудың жаңа формасына қатысты негізгі талаптар мен тәртіптер тарқатылып, тұрғындардың жиналыстарына да қатысу жоспарланған.

Мұндай кездесулерде біз қарапайым серіктестіктен мүлік иелері бірлестігіне өту тетіктерін, жаңа басқару моделінің қалай жұмыс істейтінін толық түсіндіреміз. Сонымен қатар қалалық әкімдік бұл бағытта ZOOM платформасы арқылы бірнеше рет онлайн форматта жиын өткізіп үлгерді.  Алдағы күндері орталық мамандарының қатысуымен тағы да бірқатар онлайн кездесу ұйымдастырылатын болады, — дейді Ақнұр Қазбаева.

Көп қабатты үйлерді басқаруға қатысты жаңа реформаға сәйкес меншік иелері бірлестігі де жаңа талаптарға толық бағынысты. Олар заңды тұлға ретінде әділет органдарында тіркелуге міндетті.

Мұндай ұйымдардың да жауапкершілігі күшейтілді. Енді МИБ-тің төрағасы тек меншік иесі болуы мүмкін, ал қаржылық есепті тұрғындарға ашық көрсету — басты міндеттердің бірі. Шот ашпау, есеп бермеу сияқты талаптарды орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, — дейді ол.

 

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button