Мәдениет

«Оқитын өлкенің» өзегі — «Жұлдызды жорық»

Акция

 «Оқитын өлке» облыстық акциясының таңдауы — өлкені жырлап өткен ақын кітабы.

Кітап — адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп беретін ғажайып құрал. Алайда дүниежүзілік деңгейде кітап оқу мәдениетінің төмендеп кеткені кітапханашы қауымды алаңдатып отыр. Дамыған және дамушы елдердің миллиондаған сауатты тұрғыны кітап пен журналды тым сирек қолға алатын болды. Ал студенттер мен мектеп оқушыларының басым көпшілігі оқулықтар мен болашақ мамандықтарына қатысты кітаптарға ғана әуес.

Оқуға қызығушылықты көтеру мақсатында Ұлыбританияда «Үлкен оқу», АҚШ-та «Бұл жайлы көп оқы», Испания, Латын Америкасы елдері мен Кореяда «Бір ел — бір кітап» жобасы, Ресейде «Оқуды дамыту мен қолдаудың Ұлттық бағдарламасы», Қазақстанда «Оқуға құштар Қазақстан» бағдарламасы жасалды.

2007 жылы Астанада «Оқитын ел — бәсекеге қабілетті қоғам негізі» атты тұңғыш рет Халықаралық Оқу Конгресі өтті. Осы форум аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел — бір кітап» акциясын өткізуді қолға алды. Содан бері қазақстандықтар ұлы Абайдың «Қара сөздерінен» бастау алып, М.Әуезовтің «Қилы заманын», М.Жұмабаевтың «Махаббат жырларын», Ж.Молдағалиевтың «Мен —  қазақпынын», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін» оқыды.  Биыл оқырмандар О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» кітабын оқуда.

Мұндай акциялар бірқатар облыстарда да ұйымдастырылуда. Ақтөбе облысында акция «Оқитын өлке» деген атаумен биыл екінші рет өткізіле бастады. Мақсаты —  жыл бойы өлкедегі ең үздік туындыны, жергілікті ақын-жазушы, қоғам қайраткерінің бір шығармасын насихаттау, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту, олардың оқу мәдениетін қалыптастыру.

Акция ережесі бекітіліп, өткізілетін шаралар жоспары жасалды.

Құрамына облысқа танымал ақын-жазушылар, ғалымдар,  қоғам және мәдениет қайраткерлері кіретін ұйымдастыру комитетінің ұйғаруымен өткен жылы өңір оқырмандары жазушы  Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында»  романын оқыған болатын. Ал үстіміздегі жылы туғанына 85 жыл толуына орай ақын Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» кітабы оқуға таңдалды.

Акцияға облыстың барлық  тұрғындары, барлық оқу орындары, ұйымдар мен мекемелер қатысады, өткізілетін шара түрлері де сан алуан —  сынып сағаттары, оқырмандар конференциясы, әдеби кештер, кітап жайлы көрсетілімдер мен талқылаулар,  кездесулер, флэшмобтар, буккроссинг, онлайн конференциялар, виртуалды кітап көрмелері, т.б.

Биылғы акция пердесін 18 сәуір күні ақынның туған жері Қарабұтақ ауылында өтетін «Өлкемді жырлап өтемін» атты әдеби кеш ашады. Кешке ақынның қаламдас замандастары, артындағы ұрпақтары, кітап кейіпкері барлаушы Қожабай Жазықовтың балалары, Әйтеке би аумағындағы зиялы қауым өкілдері және оқу марафонын өз аудандарында  жалғастыру үшін Хромтау, Ырғыз аудандарының кітапхана мамандары шақырылды.

23 сәуір — Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқықты сақтау күні Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында облыстық кітапхана, Темір, Алға аудандары кітапхана директорларының қатысуымен және Мәртөк ауданында Қарғалы, Қобда аудандары кітапханашыларының қатысуымен «Оқитын өлке» акциясы бойынша оқу марафоны басталады.  Марафон мамыр айында Ырғыз ауданынан Шалқар ауданына, Темір ауданынан Байғанин ауданына, Қобда ауданынан Ойыл ауданына ауысады.

Күзде ақын туған күні қарсаңында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өтетін үлкен шара акцияны қорытындылайды.

Республикалық акцияны ұйымдастыру комитетінің төрайымы ақын Ф.Оңғарсынова: «Жақын қалған жаһандану үрдісі қоғамымызға кітапсыз мәдениет, тәрбиесіз білім мен түрлі діни ағымдарды енгізіп отыр. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін түсіндіретін құдіретті күш — Ұлы жаратушы Алла, одан кейін Кітап… Кітап әлемі —сырлы, тылсым әрі тұңғиық әлем. Оны таныған, тереңіне бойлаған оқырманның жаны сұлу, жүрегі мейірімге толы, рухы асқақ болары анық», — дейді.

Олай болса, таңдалған М.Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» кітабы облыс оқырмандарының жүректерін мейірімге толтырып, рухтарын асқақтатарына күмән жоқ.

 Гүлстан ХАМЗИНА,

С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының

кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button