Мәдениет

«Абысын тату болса…»

Байқау

Жуырда «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен IV республикалық «Абысын-ажын» байқауы өтті. Осы жолы Қызылордада өткен байқауда ақтөбелік Қоңыр кете әулетінің келіндері топ жарып, бас жүлдегер атанды.
«Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 180 келін өзара сайысты. Байқау қатысушыларының айтуынша, бұл сайысқа облыстық байқаудың финалистері қатысқан. Биыл Ақтөбе облысының намысын Қоңыр кете әулетінің 19 келіні қорғады. Тартысты өнер додасына қатысушылар арасында Қобда ауданының Әлия ауылынан келген алтын құрсақты аналар да болды.
— Биылғы байқау тартысты өтті. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде республиканың барлық аймағынан жиналған абысындар бір-бірін таныстырып, ұлттық киім дефилесін көрсетті. Одан кейін өз өнерін ортаға салып, әннен шашу шашты. Біз қазақтың ұлттық тағамдарының ішінен қарын бүрмені әзірлеу жолын қазылар алқасы назарына ұсындық. Текемет тоқып, ауылдың күйбең тіршілігінен сыр шертетін көрініс те көрсеттік. Кейінгі кезеңде тары түю және одан талқан жасаудың әдістерін арнайы әзірленген бейнематериал арқылы жеткіздік. Мұнда Ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиев ауылының бүгінгі тынысын көрсетуге тырыстық. Және сайыстың соңғы кезеңінде қатысушыларға ғаламтордың пайдасы мен зияны туралы танымдық бейнематериал дайындау жүктелген-ді. Осыған орай ақшасын құмар ойынға тіккен жас отбасының тағдырын бейнелейтін бейнематериал әзірледік. Сондай-ақ ғаламтордың пайдалы тұсын да көрсетуді ұмытпадық. Жас келіндерге пайдалы болсын деген оймен қарын бүрмеміздің жасалу жолын әлеуметтік желіге жүктеуді жөн көрдік, — дейді байқау қатысушысы Мөлдір Нұрмұхамбетова.
Бір әулеттің түтінін түтетіп отырған Мөлдір сайысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әулеттің үлкендері Разия Сағындықова мен Алтын Букешованың ерекше қолдауын сезінгенін айтады. Қоңыр кете әулетінің мүшелері отбасының алтын діңгегі — ауызбіршілікте екенін ұйымшылдық, шығармашылық қабілетімен дәлелдей білді.
Байқауда келіндер тату-тәтті отбасының үлгісін көрсетті. Олар өздері жасаған киім-кешек, қолөнер, тағам түрлері мен тұрмыста пайдаланатылатын заттарды таныстырды.
Айта кетейік, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» жобасы ұмытылған дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында жыл сайын республикалық деңгейдегі байқаулар ұйымдастырады. Бүгінде аталған қоғамдық бірлестіктің еліміздің барлық өңірінде филиалдары жұмыс істейді.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button