Мәдениет

Әдебиет

Электрондық тірлік әбден үстемдік құрған, балаларымыз сол үрдіске үгіттеліп жатқан мына заманда да көркем әдебиетті шұқшиып оқитын, оған қоса өлең, әңгіме жазуға талпынатын балауса буын бар екендігі көңілге сәуле себетіні рас. Сөз қадірін нәзік түсінетін ауылдың жөні бір басқа, оған қоса соңғы жылдары әйдік шаһарлардағы шәкірттердің де қазақы сөздің қаймағынан нәр татуға көптеп талпынуы тіпті қуантады.

Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектепті биыл бітіретін, төменде қанат қақты туындылары ұсынылып отырған Гүлсамал Құрманқұлова — сондай талапқа қол созған шәкірттердің бірі. Осылайша жыр тербеумен бірге ол сурет те  салады, ән де шырқайды, аудармамен де айналысады. Осылардың барлығы биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің халықаралық журналистика факультетіне баруға талпынып отырған Гүлсамалдың алғашқы қадамдары ғана. Бүгінгі ілкі қадам ертеңгі ұзақ сапардың құтты тілекшісі болғай.

 

Жапон аралдары

 

Сұмдығына апаттың шыдай алмай,

Шыдай алмай,

Араша сұрағандай,

Құлады аунай

Жапонның аралдары,

От пен суға еш қарсы тұра  да алмай.

 

…Жер шары дөңбекшіді, ыңырсыды,

Жарасы жанға батқан тірі адамдай.

 

* * *

 

Ей, адам, сен неге аспанды қалайсың?!

Аспанға сен неге арманмен қарайсың?

Түнеріп, түрленіп тұрса да жолатпай,

Аспанды сен неге ұлыға балайсың?

 

Ұшам деп өткердің басыңнан талай сын,

Ұшып ап бір сәтке, қайтадан құлайсың.

Бұлттармен бүркелген тылсымын білем деп,

Көгіне аспанның құмарта қарайсың.

 

Қарайсың…

Ей, адам, осы сен қандайсың?

Қанатсыз болсаң да қиялмен самғайсың.

Аспанның ар жағы тағы да аспан ғой,

«Алыс қой жеткізбес!», — десе де нанбайсың.

 

Нанбайсың…

Қараудан аспанға қажып бір талмайсың.

Қауіпсіз тұрағың — қара жер тұрғанда,

Ей, адам, сен неге аспанды қалайсың?

 

Қос қанат маған беріңіз…

 

Арманың қандай деп менен,

Сұраса егер…

Сеніңіз,

Мүдірмей, анық айтар ем :

Қос қанат маған беріңіз!

 

Қос қанат маған беріңіз,

Көңілім соны қалайды.

Ақ түстен болса жақсы олар,

Болмаса сұр да жарайды.

 

Түс көргем сәби кезімде,

Есіме соны жиі алам,

Қос қанат бітіп арқама,

Көрінгем сонау қиядан.

 

Қос қанат маған беріңіз,

Арманым осы, не етейін.

Пенделік күйден биіктеп,

Періштелікке жетейін.

 

Қос қанат маған беріңіз…

 

Махаббаттан басталады бәрі де

 

(Роберт Рождественскийден аударма)

 

Махаббаттан басталады бәрі де…

«Бәрі сөзден бастау алды» дегенмен.

Мұны тынбай қайталаумен келем мен:

Махаббаттан басталады бәрі де!

 

Махаббаттан басталады бәрі де:

Сезіміңнің оянуы,

жұмысың,

Тұрмыс құрып, гүлденуің,

тынысың —

Махаббаттан басталады бәрі де.

 

Махаббаттан басталады бәрі де,

Махаббаттан!

Мен мұны анық білемін.

Бәрі,

тіпті жек көріп те жүрерін,

Махаббатпен туыс сезім әріден.

 

Махаббаттан бастау алған бәрі де:

Арман.

Қорқу.

Шарап.

Оққа дәрі де.

Қайғы-мұң да,

батырлықтың мәні де —

Махаббаттан басталады бәрі де.

 

Көктем саған «Өмір сүр» деп әлі де,

Сыбырласа,

Ауыр ойды тастайсың.

Бойды түзеп, бір жаңа іс бастайсың,

Махаббаттан басталады бәрі де!

 

Шеге

(Мысал)

 

Тұрып жатты бір ауылда,

Шал мен кемпір ардақты.

Шал үйіне, ескіргесін

Жаңа есік орнатты.

Жаңа есік шегелері

Қағылды рет сәнімен.

Тек біреуі мүлт қағылып,

Оқшауланды бәрінен.

Асып-тасып сол бір шеге,

Артық сәл-пәл бойымен,

Артықпын деп санады өзін,

Астамсыған ойымен.

Артықтығын жақсы іске

Арнаса екен, әй, қайдам?

Тәкаппарсып мен-менсіді,

Пайдасы жоқ бұл бойдан.

Биікпін деп санады өзін,

Билік көріп биігін,

Әрі-бері өткендердің

Жыртты іліп киімін.

Шал шыдай ма бұл мазаққа?

Алды қолға балғаны.

Балға іске қосылғасын,

Белгілі ғой ар жағы.

Не болғанын білмей қалды,

Ұшып кетті қалпағы.

Ғайып болды көзден мүлдем,

Бір ұрғанда шал тағы.

 

P.S. Текке мақтанғандар

Сондай жаза тартады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button