Денсаулық

Медициналық пункт жаңарды

Байғанин ауданында халықтың өмір сапасын арттыру, ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Соның айқын дәлелі —  Дияр ауылындағы медициналық пункт толықтай жөндеуден өтті.

Ауыл тұрғындары үшін бұл көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Бұрынғы ғимараттың тозығы жетіп, қыс мезгілінде жылыту мен жарық жүйесінде қиындықтар туындайтын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Заманауи талаптарға сай жаңартылған медициналық пункт медицина қызметкерлері мен тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдаймен қамтамасыз етілді.

Жөндеу үш айдың ішінде сапалы аяқталып, нысанның сыртқы қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жаңартылды. Еден, терезе, есік және төбе жабындары ауыстырылып, жылыту, жарықтандыру және су жүйесі ретке келтірілді. Медициналық кабинеттер санитарлық талаптарға сай жабдықталып, жаңа медициналық құрал-жабдықтар орнатылды.

Жобаны облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысы негізінде мердігер ұйым жоғары сапада орындап, нысанды толық талапқа сай жаңартты. Яғни нысан мемлекеттік стандарттарға сай келеді және тұрғындарға қызмет көрсетуге дайын.

Жақында аудан әкімі Айбек Көпенов Дияр ауылына жұмыс сапарымен барып, жаңарған медициналық пункттің жұмысымен танысты. Әкім ғимараттың ішкі бөлмелерін аралап, жылыту жүйесінің жұмысын және қысқы маусымға дайындығын тексерді.

— Мұндай әлеуметтік нысандардың басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту. Медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуы — басты назарда. Сондықтан осындай жобалар аудан көлемінде кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, — деді аудан әкімі.

Сапар барысында Айбек Көпенов нысанның құрылыс сапасына, ішкі безендірілуіне және қызметкерлердің еңбек жағдайына назар аударып, тиісті ұсынымдар берді.

Дияр ауылдық медициналық пункті — ауыл халқының алғашқы медициналық көмек алуына, профилактикалық тексерулер мен екпелер жүргізуге, балалар мен аналар денсаулығын бақылауға арналған маңызды нысан. Енді ауыл тұрғындары күнделікті медициналық көмек пен дәрігер кеңесін өз ауылында, жылы әрі жайлы ғимаратта ала алады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде және шалғай ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болмақ.

Ауылдық дәрігерлік пункттің жаңаруы — мемлекет тарапынан ауыл инфрақұрылымын дамыту мен азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған нақты қадамның бірі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button