Мәдениет

Жиенғали Тілепбергеновтің 130 жылдығы мен «Темір» газетінің 95 жылдығы аталып өтті

Темір ауданында қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілі Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына 130 жыл толуы және аудандық «Темір» газетінің 95 жылдығы кеңінен аталып өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, баспасөз саласының ардагерлері, журналистер, жазушының ұрпақтары және жастар қатысты.

Қонақтар алдымен аудандық «Темір» газетінің алғаш «Кедей» атауымен жарық көрген ордасы Темір қаласына барып, Ж.Тілепбергенов рухына тағзым етіп, тарихи орындармен танысты. Кейін аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде мәдени нысандарды аралап, аудандық музейге құнды жәдігерлер, ал кітапхана қорына жаңа әдебиеттер табысталды.

Шара аудандық мәдениет үйінде өткен «Темір үні: тұлға және тағылым» тақырыбындағы тарихи-танымдық конференциямен қорытындыланды.

Конференция барысында ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев бұл шараның мәніне тоқталып өтті.

«Бүгінгі Жиенғали атамыз бен «Темір» газетінің мерейтойын қатар өткізіп жатқандарыңыз өте дұрыс. Себебі, Ж.Тілепбергенов осы газетте кезінде редактор болған. Сондықтан ол кісінің жазушылығын журналистігінен бөліп қарай алмаймыз. Газеттің сөзі тасқа қашалғаннан кейін мәңгі сақталады, архивтерде тұрады. Қанша уақыт өтсе де, керек адам бұны ашып, қажет нәрсесін оқи алады», – деді.

Бұл күн – ауданның рухани және мәдени өміріндегі маңызды оқиға. Осындай шаралар арқылы ұлт тарихы мен әдебиетіне деген құрмет арта түседі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button