Азамат
Бүгінгі күні ердің жасы елуге толып отырған Бердібай Кемалдың есімін облыс жұртшылығы ғана емес, республикадағы қалам ұстаған журналист атаулы тегіс біледі. Себебі ол әу баста осы мамандықтың иесі болуға жаралған. Сосын болған. Алғашқы хабарлама, мақалалары Қайыр 8 жылдық мектебінде (қазіргі Мөңке би аулындағы) оқып жүргенде-ақ тасқа басылған. Ол заман – кеңес заманы, сөзі тасқа басылған адам өзгелерге ерекше аруақты көрінетін шақ. Ал Бердібайдың жазғандары аудандық «Коммунизм таңынан» әрі асып, республикалық «Қазақстан пионері», «Балдырған» сияқты басылымдарда жарияланды. Сөйтіп, «Тамабайдың баласы жазушы» деген атқа ерте шығып, қатар-құрбылары арасында айдарынан жел есіп, мәртебесі биіктеп-ақ тұрды. Кейін 8 жылдық мектеп орта мектепке айналды. Қаламы төселе бастаған Бердібай өндіріп жазып жүрді. Менің де ол кез орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болсам деген биік арманыма қол жеткізіп, ауыл мұғалімдігіне іліккен тұсым. Анау-мынау емес, ауылдағы жалғыз «жазушыға» сабақ беру мәртебесіне ие болдым.
Мектептің мұғалімдер құрамы мықты еді, өз мамандығына келгенде ешкімге дес бермейтін Мырзаберген Әбдіғалиев, Зәкіржан Мұхтаров, Жақсыберген Малаев сияқты өңшең ығай мен сығайға біз де жетеміз деп біраз тыраштандық. Бердібай аталған ұстаздары беретін физика, математика, химия сабақтарын өңкей беске үлгерді.
Асылында, Бердібай сырт көзге жуас көрінгенмен бір қисайса түзелмейтін бірбеткей адам. Бала кезінде де осындай-ды. Мектеп бітірушілерден құрылғалы жатқан шопандар бригадасына бармаймын деп төрт тағандап тұрып алды. Қанша үгіттедік, болмады. Жалындық – илікпеді. Ақыр аяғында жынымызды келтірді. Таяқ өзіне тиетін болған соң, әсіресе, мектеп директоры қатты ашуланды. Директор – физик, мен де физик. Мектеп бітірушілердің мемлекеттік емтиханында «қиқарды» ортаға алдық. Көп уақытымызды Бердібайға арнайы бөлдік. Қоймаған сұрағымыз жоқ. Оңдырмайтынымызды білсе керек, «соғысқа» үлкен дайындықпен келіпті. Бала ұстатпады. Тақылдап тұр. Және біз қызбаланған сайын ол өзін салқын қанды ұстап жүйкеге тиді. Емтиханнан соң аттестатқа қоятын бағасын өзара ақылдасқанда директор «4» деді, жас та болса беделі үлкен Қаламша мұғалім «5» деді. Қазіргідей емес, әлі жүрек шайлықпаған, әрі бастықтардан көп таяқ жей қоймаған уағым, ардан аттап кете алмай Қаламшаны қолдадым. Сөйтіп, Қаламшаның күшімен қиқар Бердібай «5» алды. Дегенмен, бізден соңғы бір емтиханда бүкіл мұғалім жабылып әзер дегенде бағасын «4»-ке түсіріпті. Коммунистік партияның күні кеше ғана өткен конференциясында қаралған бір мәселеге қатысты қосымша сұрақ қойып, зорға кідірткен көрінеді. Реті келген соң айта кетейік, бұл Бердібайдың қайсарлығын кейін де көзіммен көрдім. Туған інісі Елтайдың келіншегі 2001 жылы аяқ астынан дүниеден озды. Жап-жас бала. Аса қиын жәйт. Бәріміз абдырап қалдық. Енесі аңырап жатыр, Елтай есінен адасуға жақын, жылай береді. Біз самсоз, тұқырып төмен қарап, аузымызға жөнді сөз түспей, жасаураған көзімізді сүрте береміз. Сонда Бердібай кілт ес жинап, бойын тіктеп, сазара қатайып алды. Шешесін жұбатып, өлікті жөнелтудің жоспарын аяқ асты құрып, соны жүзеге асырудың қамына шұғыл кірісті. Келіні алдындағы соңғы парызын бел шешпей тиісінше атқарып шықты. Сол жолы Бердібайдың беріктігі болмаса көлденеңнен келген, қайырым, бүкпесі көп шаруаны қожыратып аларымыз ақиқат-ты. Мен өзім мұны ерлікке санадым.
Мектеп бітірген соң журналистікке түсуге 2 жылдық жұмыс өтілі жоқтықтан Бердібай педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға барды. Ол кезде ақша төлеп оқу дейтін жоқ, жұрттың қолы жетпей жүрген жоғары оқу орнына түсуін түскенімен әрі ойланып, бері ойланып тастап кетті. Себебі оның арманы журналист болу еді. Кейін соған барамын деді. Күмәнді нәрсе, сондықтан жасы үлкен ағаларының бәрі ұрысты. Барып оқы деді. Қыңырайып бармады. Ақыр Алматы асып ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне студенттікке қабылданды. Аты шулы 5-ші жатақхананың дәмі тартса керек. Сөйтіп, біздің ауылдан шыққан бірінші кәсіпқой журналист осы Бердібай болды. Жүрген жеріне қадірлі, кісілікті жігіт бүгінгі таңда атағы Алашқа танымал Бауыржан Омарұлымен, Ақпанбет Әлішевпен, Қуаныш Иембердиевпен, Дәурен Қайыппен, Құлтөлеу Мұқашевпен, Бекжігіт Сердалиевпен, тағы қаншама арынды жастармен бірге жүріп, дос-жаран болды. Әлі күнге сыйластықтары үзілмей келеді. Хабарсыз кетсе олар «Бердеш қайдасың?» деп іздеп тұрады. Екінші курсты тамамдаған жылы өндірістік тәжірибеден өту үшін Ақтөбенің облыстық газетіне досы Бауыржан Омарұлын ертіп келген Бердібай ол кезде атағы аспандап тұрған жас пері Ертай Ашықбаевтың көңілінен шығып, ақын шығармасының арқауына айналды.
Ақтөбе, талай ерге болдың ыстық,
Алматыдан келді, уай —
Сын-байқауға бір айлық өндірістік,
КазГУ-лік Бауыржан мен Бердібай.
Мен — түлекпін, студент — бұлар әлі,
Бұлар-ескек бағытсыз қайықтағы.
Жоқ әзірге байсалды мұралары,
Жоқ тіпті зайыптары…
Өзінің журфакті бітіргеніне екі-ақ жыл өткен, Бердібайдың көпті көрген «қартамыс» жездесі осылайша шалқиды. Сондағы өндірістік тәжірибені Бауыржан ширек ғасыр өткен соң былайша ыстық ілтипатпен еске алады: «Үшінші курсты бітірген соң, Ақтөбеге өндірістік практикаға келдім. Бұл қаланы таңдауымның екі-үш түрлі себебі бар еді. Біріншіден, бір курс төмен оқитын Бердібай Кемалов деген досым: «Біздің елге барайық, Шалқарда шалқып жүріп, бір жақсылап дем алайықшы», – деп қолқалап қоймады. Екіншіден, Ақтөбе біздің Аралдан соншалық алыс емес» («11-ші қаламұш», 2010 ж. 162-бет).
Бердібай ақыры бала кезіндегі арманының бәріне қол жеткізді: кәсіпқой журналист деген табақтай диплом алды, бұрқыратып жазсам деп еді, жазды, аудандық газетке редактор болсам деген еді, болды. Кейін облыстық «Ақтөбе» газетінде жұмыс істеп, бөлім меңгерушілігіне дейін барып қайтты. Бірнеше жыл аға газет «Егемен Қазақстанның» тілшісі болды. Төселген ауыл шаруашылығы тақырыбын қоя салып, өнер тақырыбына көшті. Күйші Қазанғапты, сазгер Шәмші Қалдаяқовты, суретші Сағынтай Әлімбетовті беделді баспасөз бетіне шығарды. Мемлекеттік тіл мәселесін де біраз жерге дейін қаузады. «Егемен Қазақстанда» әулие Мөңке туралы күрделі ғылыми зерттеу жариялап, ғалымдарды шулатты. Бір уақ спортқа көшіп, өндіре жұмыс істеп, Израиль, Грузия тағы бірдеңе дейтін шетелдерге барып қайтты. Азиада ойындарына арнайы сапармен барды. Қысқасы, журналистік өнерді олай да, былай да сапырды. Елуге тақағанда қалалық газет «Керек инфоның» белді қызметкеріне айналып барып байсал тапты. Бердібайды тек Алматы мен Астанадағы қатар оқығандары ғана емес, Ақтөбедегі барлық әріптестері сыйлайды. Тіпті, кірпияз, мінезі күрделі, әйгілі «Алтын Орданың» іргесін қалап, аса биікке алып шыққан даңқты журналист Мейірхан Ақдәулетұлының өзі оны көргенде: «Бердеш, қалың қалай? Бізге қайта айналып келсейші», – деп шын көңілімен жылы шырай танытады.
Бердібай кешегі өтпелі кезеңде қалалық әкімшілікте бөлім басқарды. Ауылында жұмыссыз қалған талайлар келіп, Бердібайды төңіректеді. Біреудің сатып тұрған ұсақ-түйегін «Жылжымалы полиция» жинап кеткен, біреуге жайма базардан шұлық сату үшін шаршы метр орын керек, екіншісіне үй салатын жер, үшіншісі салған үйшігіне құжат алайын десе сыбайлас жемқорлар өткізбейді, төртіншісінің денсаулығы кеткен, дәрігерге көрінейін десе қалаға тіркелмеген. Обалына не керек, Бердібай соның бәріне жүгірді. Қолынан келгенін істеді. Сөйтіп, тар кезеңде ағайынға қайыр-шапағаты көп тиді. Ағамыз Тамабай марқұм бауырмал, алты-жеті ата жердегі адамның өзін туысым деп есептейтін, ақкөңіл адам еді. Бұл жағына келгенде бір әке, бір шешеден туған ағайынды төрт жігіттің ішіндегі әкеге нағыз тартқаны да осы Бердібай. Ағайын-туыс: «Себебі Бердеш әкелері Тамабайдың, Шәукілдің алдын көбірек көрді ғой» деседі.
Айттық, әншейінде мінезі майдан қыл тартқандай жұмсақ, тіпті, жуас көрінетін Бердібай қандай да бір күрделі істі орындауға бел буса қайтпас қайсарға айналады деп. Оның осы мінезінің арқасында әйгілі Мөңке әулие елімен уақытында қайта қауышты. Кешегі отарлық езгі, құлдық бұғау тұсында алдындағы мың жылды болжап кеткен Мөңкенің өсиет сөздері түгілі атын атауға табу қойылған-ды. Есімінің өзі көмескі тартқан-ды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі «өтпелі кезең», аласапыран уақытта Бердібай бар шаруасын тастап, сол Мөңкенің соңына түсті. Қайтпай тіресіп, төрт айын сарп етіп, ғалым Абат Пангереев жазған, қолды болып кеткен «Мөңке бидің ғибраттары» деген кітапты баспадан шығарды. Алты ай арпалысып, беделін салып, зиялыларға түсіндіріп, Ақтөбедегі «Мөңке би көшесін» алды. Тоқтамай майдандасты. Сол кездегі облыс әкімі Е.Имантаевтан ескерткішін орнатуға рұқсат алды. Әлі есімде, 2002 жылдың 1-ші тамызы күні сағат 15.00-де облыстық маслихат хатшысы, өзінің досы Қасымжан Байсадақовты әкімге кіргізіп, екі беттік өтініш қағазға қолын қойдырып еді. Қасына ерген, тағаты таусыла күткен Алдияров Жоламанның қуаныштан төбесі көкке екі-ақ елі тимей қалып еді. Сол кезде ескерткішке қатысы бар бастық Мұхтар Құл-Мұхаммедке Мөңке Тілеуұлы туралы материалдарды, деректерді жинап, үш дүркін жіберген де Бердібай болатын. Соңғы үшіншісін ретін тауып Мұхтардың бірге оқыған курстасы Нұрмұхамед Дияровтан беріп жібергенін көзіміз көрді. Ақыры әулиенің ескерткіші 2003 жылдың күзінде Әбілқайыр хан даңғылының 101- атқыштар дивизиясы көшесімен қиылысқан жеріне орнап тынды. Әуелгіде ескерткішке қарсы болған Мұхтар-Құлмұхаммед Мөңкенің әулиелігіне бас ұрып, конференцияда 45 минуттық баяндама жасады. Кейіннен қазақ және орыс тілді белді басылымдарда жақсы зерттеулер жариялап, белгілі мөңкетанушыға айналды. Басқасын былай қойғанда Бердібайдың осы еңбегінің өзі оның Азаматтық тұлғасын айқын танытса керек.
Бердібай Кемалдың жазушылық талантын өз алдына бір мақалаға арқау етуге болады. Досы Бауыржан Омарұлы «11-ші қаламұшта»: «Қолымыз сәл босаса дәлізге шығып, әрі Ерекеңнен темекіні дұрыстап шегуді үйреніп, әрі әсерлі әңгімесін тыңдап қайтамыз. Алматыдағы қатар өткізген күндерді еске алып, күлісеміз. Ерекең зілсіз әзілге өте шебер. Шайтан иектеген Бердібай екеуіміз де қысыр әңгіменің қалыптасқан маманымыз. Ал Әмір әзіл-оспаққа мүлде жоқ. Соны байқаған Бердеш екеуіміз мәдениет бөліміне барып, Ерекеңнен ауық-ауық қуат алып келеміз», – деп жазады (164-бет). Астарлы сөз. Бердібай – тілінің қотыры бар жігіт. Сатиралық әңгімелер жазбаса арқасы ұстайды. (Ана жылы «Айқынға» «Есебін ести жатарсыз» деген әңгіме шығарып, басшылар біраз әбіржіп қалғанын облыс зиялылары тегіс білсе керек). Әңгімелерін жинақтап 2001 жылы Алматыдан «Келіспеген кесте» атты кітап шығарды. Мұнда жазушының өз қолтаңбасы менмұндалап айқайлап тұр. Сондықтан болса керек, белгілі сатирик Үмбетбай Уайдин: «Қазақстан Республикасы сықақшыларының «құрама командасына» өз мінезімен, өз күлкісімен тағы бір «қырсық» келіп қосылды. Ат-есімі, екібастан, Бердібай Кемал», – деп мақтанышпен жазды. Мың данамен басылған кітап қолдан-қолға тимей тарап кетті. Бердібай – нағыз сатирик. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Баяғыда, жас кезімізде «Сансызбай Сарғасқаев пен Садықбек Адамбаев төбелесіп, ол төбелесті көрген әйгілі ақын Қ.Аманжоловты сот куәлікке шақырып, сөз бергенде «Сансызбай Сарғасқаев Садықбекті сарт еткізіп салып кетті» деп өлеңдете жөнелген екен» дегенді естіп таңырқағанбыз. Бердібай «Келіспеген кестеде»: «Саудабай суалған сары сиырының соңғы сүтін сауып, саудаға салды. Сиыры сатылмады. Сосын соғымға сойды. Сыйлы сүйегін, сүбесін сұрыптаушыны сайладық. Соғымына сүйсінген Саудабай сыйластарына сыбаға салды. Соғымның сүйкімділігене сырбазданып сыра, сүйретіліп самогон, сыңғырлап стакандар сауылдады. Сегіз стакан самогонды сімірген соң, санэпидстанцияның санитары Сәрсек сертификат сұрады… Сертификат сұраған санасыз санитар Сәрсекке солақаймен сарт-сұрт сыбағасын сыйладым. Сауыққан соң Сәрсек сертификат сұрамады, сотқа сүйреді», – деп шұбырта жөнелгенде аузымызды ашып қалдық.
Досы Сағынтай Бердібайға суретшінің көзімен қарап «Сен осы Есет Көтібарұлына ұқсайсың» деп қалжыңдайды. Біздің Бердештің сырт пішіні ғана емес, ішкі әлемі де батыр атасына тартқан, «ертеден салса, кешке озған, ылдидан салса, төсте озғанның» нақ өзі. Солай, біздің Бердеш қайда салсаң, соны бұзып өтеді. Ердің жасы елуге жаңа келді. Кемеліне толып, байсал тапқан тұсы. Алла ұзақ ғұмыр бергей. Берсе біздің Бердібайдың ол сыйды ақтайтынына мен кепіл.
Жұбаназар АСАНОВ,
Тілеу Айтұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы,
филология ғылымының докторы.



