Темірдегі қос мерейтой

Мерейтой
Темірде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жазушы, драматург, журналист Жиенғали Тілепбергеновтің 130 жылдығы және аудандық «Темір» газетінің 95 жылдығына орай кешенді шара өткізілді.
Осы қос мерекеге арналған «Темір үні: тұлға және тағылым» атты тарихи-танымдық конференцияға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов қатысып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтау хатын тапсырды.
Сонымен бірге филология ғылымдарының докторы С.Байменше «Ж.Тілепбергеновтің тарихи тұлғасы мен мұрасы заман зердесінде», филология ғылымдарының кандидаты Ғайша Ниязова «Сатира жанрының семсері» деген тақырыптарда баяндама жасады.
«Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаев аудандық басылымның мерейтойына байланысты сөз сөйлеп, темірлік әріптестерге Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасын, оның облыстық филиалының құттықтау хатын тапсырды.
Іс-шараға аудан әкімі А.Жақсылықов, Ж.Тілепбергеновтің ұрпақтары, еліміздің бірқатар қалалары мен Ақтөбе қаласынан, облыстың аудандарынан қонақтар және аудан жұртшылығы қатысты.
(Осы қос мерейтойға орай толық материалды газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқисыздар.)
Өз тілшіміз.



