Мәдениет

Жыршылар байқауы өтті

Жыршылық өнерді жаңғырту, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінде ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, шешендік дәстүрдің шебері — Мөңке бидің 350 жылдық мерейтойына арналған облыстық жыршы-термешілердің «Дала дастаны» байқауы өтті.

Байқаудың ашылуында Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Сұлтан Джуманов сөз сөйлеп, аймақтық жыр сайысын өткізу маңыздылығына тоқталды.
— Мөңке би — өз дәуірінде ел бірлігі мен ынтымағын ту еткен, келешекті болжаған көріпкел тұлға. Оның даналық сөздері мен тағылымы терең ойлары ғасырлар өтсе де өзектілігін жоймай ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді.
«Дала дастаны» байқауы — халқымыздың тарихын, өмір салтын, рухани байлығын бейнелейтін өнер додасы. Сол өнерді ұлықтау — баршамыздың ортақ парызымыз, — деді С.Джуманов.
Байқауға облыстың қала және аудандарынан 15-35 жас аралығындағы 10 өнерпаз қатысты. Қатысушылар Мөңке би, Сары Батақұлы немесе Сарышолақ шайырдың бір шығармасын, сондай-ақ батырлар жырынан үзінді орындады.
Қазылар алқасы орындаушылық шеберлікті, ұлттық киім үлгісін және сахна мәдениетін ескере отырып бағалады. Нәтижесінде қобдалық Ақниет Ордабай бас жүлдеге ие болса, І орынды темірлік Ақерке Назарбаева, ІІ орынды хромтаулық Айым Гельманова мен ақтөбелік Әмина Қалибек иеленді. Ал ІІІ орын алғалық Ақжарқын Еркінбаева мен шалқарлық Жанерке Қуандыққа бұйырды.
Сонымен қатар Қазбек Хамитов, Әліжан Берік, Мұстафа Жақсылық және Сымбат Нұржанқызы көрермен көзайымы атанып, Алғыс хатпен марапатталды. Барлық жүлдегерге қаржылай сертификат табысталды.

Арайлым СИДАҚОВА,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button