Мәдениет

Қобызшы

Нәсу Табынқызы

Қазақтың қобыз өнерінің дамуына зор үлес қосқан, Ақтөбе қобызшылар мектебінің негізін қалаған ұлағатты ұстаз, білікті музыкант Нәсу Әбдікәрімованың тағылымды өмірі мен шығармашылық мұрасы — бүгінгі үрпақ үшін үлгі-өнеге.
Нәсу Әбдікәрімова Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, дарынды музыкант, педагог Раушан Нұрпейісованың мектебінен, кейін консерваторияда әйгілі музыкант Фатима Балғаевадан дәріс алған. Ол 1973 жылы Ақтөбе музыка училищесіне арнайы шақыртумен келіп, қобыз класын ашқан.
Әңгімені әріден бастасақ, 1956 жылы Ахмет Жұбановтың кеңесімен шалғайдағы Гурьев (қазіргі Атырау) облысының музыка мәдениетінің дамуына атсалысуға домбырашы Сейілхан Құсайынов пен зайыбы, қобызшы Раушан Нұрпейісова арнайы жолдамамен жіберіледі. Талантты екі жас сауатты музыканттардың, әртүрлі аспаптың жетіспеушілігіне қарамастан, үлкен мақсатқа жету жолында орасан зор еңбек етеді.
Тұтас батыс аймағына келген алғашқы прима-қобызшы Р.Нұрпейісова жаңадан құрылған ұжымдағы орындаушылық қызметімен қатар, қаладағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінде және 1958 жылы іргесі қаланған Гурьев музыка училищесінде прима-қобыз класын ашады. Осылайша жергілікті қобыз мектебінің негізін қалаған олар орындаушылық пен педагогтікті қатар бастап, қатар ұстап, қатар дамытуға кіріседі.
Музыка училищесінің түлектері Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алып, арнайы шақырулармен еліміздің мәдениет және білім саласына мамандарды даярлау ісінің негізін қалап, яғни өңірлерде мектеп ашып, әрі қарай дамуына атсалысқан. Мәселен, Нәсу Әбдікәрімова 1973 жылы Ақтөбе музыка училищесінде, Нұрша Құбалиева 1993 жылы Маңғыстау өнер колледжінде, ал Нұрсұлу Елеуғалиева 1977 жылы Қызылорда музыка училищесінде қобыз класын ашқан.
Нәсу Әбдікәрімова 1948 жылы 5 маусымда Гурьев облысының Теңіз ауданы Азғыр ауылдық округінде дүниеге келген. Гурьев музыка училищесінде қобыз-прима аспабы бойынша Раушан Нұрпейісованың класында оқып, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында Қазақ КСР-інің халық артисі, профессор Ф.Балғаевадан білім алды.
Ол еңбек жолын арнайы шақыртумен Ақтөбе музыка училищесінде ұстаздық қызметтен бастайды. Осы оқу орнында 1991 жылға дейін еңбек етіп, денсаулығына байланысты қызметінен босатылады. Отбасында жолдасы екеуі Азамат пен Айымгүл атты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
«Анам өте еңбекқор еді. Өз ісіне шын берілген адам болатын. Анамның жұмыстан қолы тимейтін, тіптен студенттері біздің үйдің балконында, асүйде, жатын бөлмесінде дайындалып отыратын», — деп сағынышпен еске алады қызы Айымгүл.
Нәсу Әбдікәрімованың еңбегі еш кетпеді. Бірқатар шәкірті консерваторияда білімін жалғастырды. Осы мектептен шыққан ізбасарлары облыстағы өзі негізін салған қобызшылар мектебін өркендетіп, бүгінге дейін орындаушылық және ұстаздық бағыттарды жалғастырып, еңбек етіп жүр. Олар Ақтөбе облысымен бірге, республикамыздың басқа да облыстарында қобыз өнерін насихаттауда.
Н.Әбдікәрімованың музыка училищесіндегі алғашқы бес шәкірті — 1973-1977 жылдары оқыған Қарлығаш Иманкарина, Әсия Ғұбайдуллина, Несібелі Берекетова, Гүлзада Қалмағанбетова, Самиға Агайдановалар (қазір Есенбекова) — бүгінде өмір жолын қобызды насихаттауға арнаған еңбек ардагерлері. Олардың арасындағы Ә.Ғұбайдуллина (қазір Ә.Әкімбаева) оқу орнын үздік бітіріп, консерваторияда білімін жалғастырды. Еңбек жолында көптеген республикалық конкурстың лауреаттарын шығарды. Ұстазы туралы естелігінде: «Нәсу Табынқызының сіңірген еңбегі зор. Жан-тәнімен жұмыс жасады. Өте сабырлы, жұмсақ жан болатын. 1977 жылы соңғы курста оқып жүргенімде Шымкентте өткен музыкалық училищелер білім алушылары арасында өткен конкурсқа бардым. Оркестр сүйемелімен жеке қобызда Ықыластың «Жез киігін» ойнап, 1-орын алдым. Ұстазым Нәсу апай менің орындауымдағы шығармаларды «облыстық радиоға жазамын, концерттерге шығарамын» деп көп талпынды. Сексенінші жылдары есімімді Ақтөбе облысының энциклопедиясына кіргізген еді. Облыста қобызшылардың алғашқы легі — біздің фотомызды сол кезде училище директоры Ахметжан Бақдәулетов ұйымдастырған студенттік оркестрдің концертінен соң облыстық «Ақтөбе» газетіне шығарды», — дейді.
Ал Қарлығаш (Иманқарина) Атиханова консерваториядан кейін Орал қаласындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы саз колледжінде 40 жыл ұстаздық етіп, жас ұрпақты музыкаға баулыды. Бүгінде Оралда шәкірті Гүлзада Әлімбаева да өз саласы бойынша жетекші маман ретінде жемісті қызмет етіп жүр.

Нәсу Табынқызы

Нәсу Табынқызының класынан Бибігүл Қашқынова, Зағипа Елубаева, Жаңылсын Күмісбекова, Роза Райымбергенова, Роза Жангелдина, Ұлболсын Сүлейменова, Күміс Абатова, Айгүл (Төлеуова) Аманжолова, Нұржамал Тілеужанова, Сара (Қойбағарова) Мәлімбаева, Ұлмекен Сүйінішәлиева, Альмира Алпысбаева, Миргүл Шаудирова, Балсұлу Әлекешова және т.б. білім алды. Осы мектептің тағы бір өкілі ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұстаз Дәмелі (Сүйіншәлиева) Таубекова қазіргі уақытта А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде еңбек етеді.
Ақтөбе қобызшылар мектебінің негізін қалаған, кәсіби мамандар легін тәрбиелеп, соңына өшпес із қалдырған ұстаз Нәсу Табынқызы 2003 жылы 24 ақпанда дүниеден озды. Оның өңіріміздің мәдениет және білім саласында атқарған еңбегі ұрпақ жадынан өшпейді.
Н.Әбдікәрімова туралы зерттеу жұмысыма бағыт-бағдар берген, ақпараттармен және сақталған құнды фотосуреттермен бөліскен ардагер ұстаздар Г.Ізтелеуоваға, шәкірттері С.Қойбағароваға, С.Есенбековаға, Ақтөбе қаласындағы №3 Балалар музыка мектебінің оқытушысы Р.Әбилдинаға және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы А.Аманжоловаға ризашылығымды білдіремін.
Нәсу Әбдікәрімова туралы алғаш рет М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өткен Халықаралық Симпозиумда баяндама жасалды және Ақтөбе облыстық архивінен алынған материалдармен толықтырылған өмірбаяны сәуір айында жарық көрген «Атырау өлкесінің қобызшылар мектебі» кітабына жарияланды.

Бақыт ЖОЛДЫБАЙҚЫЗЫ,
өнертану кандидаты, музыкатанушы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button