МЕЙІРІМ. ПАРЫЗ. ҚЫЗМЕТ

Қазанның соңғы жексенбісінде елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтеді. Кәсіби мереке қарсаңында өткізілген «Мейірім. Парыз. Қызмет» атты салтанатты іс-шара аясында сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Салтанатты кешке әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері мен ардагерлері, өндірістік компаниялар басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар және кәсіподақтар өкілдері қатысты.
Өңір басшысы Асхат Шахаров сала мамандары мен ардагерлерін құттықтап, мерекелік марапаттар тапсырды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек» деп атап өткен болатын. Бұл — ізгілік пен қамқорлықты күшейтуге бағытталған маңызды бастама.
Өңіріміздің әлеуметтік қорғау саласында 2000-нан астам адам еңбек етіп жатыр.
Қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы және табысы аз отбасылардың, жұмыссыздардың және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының жағдайын жақсарту жолында қосып жатқан үлестеріңіз айрықша.
Сіздердің жұмыстарыңыз еңбекқорлық пен өз істеріңізге деген адалдықты ғана емес, сонымен бірге қайырымдылық пен үлкен шыдамдылықты, жанашырлықты қажет етеді.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 40 мыңнан астам адам, соның ішінде 1131 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды, 567 адам жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант алды, 519 адам жаңа кәсіптік білім алды. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 6184 жұмыскердің құқығы қорғалды.
Бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау саласының алдында үлкен, жауапты міндеттер бар, — деді облыс әкімі.
Сонымен бірге өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік қорғау саласында оңтайлы шешімдер қабылдау, әлеуметтік саясатты біріздендіру және цифрландыру бойынша нақты тапсырмалары аясында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Бүгінде өңірде мемлекеттік қолдау шараларын мұқтаждық деңгейіне қарай көрсету мақсатында отбасыларды әл-ауқатына қарай 6 деңгейге бөлуге негізделген скорингтік жүйе енгізілу жоспарланып отыр. Сонымен қатар FSM «Social» мобильдік қосымшасы арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға уақтылы және нақты көмек көрсету жүйесі енгізілген. Бүгінгі таңда аталған қосымшаның көмегімен 12 764 адамға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетілген.
Құттықтаудан соң Асхат Шахаров сала мамандары мен ардагерлеріне мемлекеттік және салалық марапаттар табыстады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен әлеуметтік саладағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін әлеуметтік сала ардагері Құрания Аймағанбетов «Құрмет» орденімен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы облыстық филиалының әлеуметтік педагогі Арай Сәдуақасова, Зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жаңыл Аймұхамбетова, Қобда ауданы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Гүлшат Ешмұханова, Қарғалы ауданы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Сайлан Юсупова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
— Бұл марапат менің ғана емес, барша ұжымның ортақ жетістігі деп білемін. Бүгінде аталған салада айтарлықтай өзгеріс орын алып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсетуді және төлемдерді біріздендіруді басты міндеттердің бірі ретінде атап өткен болатын. Бұл — азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастама, — дейді Жаңыл Аймұхамбетова.
Сала ардагерлері Жексенбай Өмірзақ, Бақтығали Баядилов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Осы салада жемісті еңбек етіп келе жатқан Гүлсара Гумарова мен Айгүл Бижанова «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
— 30 жылдан бері еңбек етемін. Біздің бөлімнің негізгі мақсаты — аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және жұмыссыз адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету. Сонымен қатар қиын жағдайдағы отбасылармен де жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Қазіргі таңда Қарғалы ауданында 506 мүгедек азамат, оның ішінде 61 бала (18 жасқа дейін) бар, 2261 зейнеткер тіркелген. Ауданда 30 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Қазіргі таңда бөлім 98 адамға үйде әлеуметтік қызмет көрсетеді, оның ішінде 7 мүгедек бала бар. Қызметкерлер белгіленген график бойынша барып, балаларға және қарттарға көмек көрсетеді, — дейді Қарғалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижанова.
Әлеуметтік қорғау саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ардагерлер Мұхтар Қаймулдинов пен Айдынғали Шотов «Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Салтанатты жиында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік жұмыскері және үздік әлеуметтік жоба» атты республикалық конкурс жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді. Аталған байқауға Ақтөбе облысынан 51 үміткер қатысып, 6 номинация бойынша үздік жеңімпаздар анықталды. Салтанатты іс-шарада жеңімпаздарға диплом мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы табысталды.
Сонымен бірге Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізілген «Еңбек жолы» өңірлік конкурсының жеңімпаздарына да марапат табысталды. Аталған байқауда «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша екінші орын алған Батановтар әулетінің «Ақтөберентген» акционерлік қоғамындағы жалпы еңбек өтілі 165 жылдан асады, отбасындағы тоғыз баланың жетеуі ата-ананың өнегелі еңбек жолына түскен.
— Әулетіміздің еңбек жолы осы зауыттан басталды – алғаш болып әкеміз Телағыс Батанов еңбек етті, кейін анамыз қосылды. Бүгінде зауытта отбасымыздың төрт мүшесі еңбек етеді. Мен электромонтажшы және кәсіподақ ұйымының төрағасымын, ағамыз Абай Батанов — технолог және еңбек қауіпсіздігі инспекторы, апам Роза — электромонтажшы, ал сіңлім Гүлжан — кооперация бөлімінің логисі. Байқауда біз әулетіміздің еңбек жетістіктерін, зауыттағы үлесімізді және отбасы тарихын таныстырдық. Еңбек дәстүрін жалғастыру — біз үшін үлкен мақтаныш, — дейді Ақжарқын Омарова.
Мереке қарсаңында облыс әкімі атынан облыстағы алты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына әрқайсысына 3 млн теңге көлемінде сертификат табысталып, компьютерлік жабдық сатып алу үшін қолдау көрсетіледі.
Осы орталықтардың бірі — 18 жасқа дейінгі жүйке аурулары бар балаларға арналған №3 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Аталған мекеме директоры Қарлығаш Шалаеваның айтуынша, орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар балаларға тәулік бойы әлеуметтік, медициналық және педагогикалық көмек көрсетеді.
— 2024 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталықта медицина қызметкерлері, педагогтер, психологтар, еңбек нұсқаушылары және дефектолог мамандар жұмыс істейді. Қазіргі таңда мекемеде 57 бала тәрбиеленіп жатыр. Арасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Бүгінгі берілген қаражат мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалатын болады, — дейді ол.
Салтанатты кеш соңында кәсіби мереке иелеріне арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры (көркемдік жетекшісі және дирижеры: Мәдениет саласының үздігі — Мербол Құспанов), «Аққу» би ансамблі, әншілер Серік Жұбатқан, Аллаберген Жақсыбаев, Дулат Айтжанов, Рита Римова, Бағдат Балмағамбетова, Ернар Дүйсеев және танымал әнші, жерлесіміз Рахман Сатиевтер ән-күйден шашу шашты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.









