Дүлдүлдер даңқы өшпейді

Жұбановтар әуені
Ақтөбе қаласында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен халықаралық «Жұбановтар әуені – 2025» ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері фестивалі өтті. Дәстүрлі өнер мерекесі бұл жолы ерекше форматта болды.
Екі күнге созылған Өнер орталығы ғимаратындағы мәдени шара қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, академик, жерлесіміз Ахмет Жұбанов және оның қызы, ұстаз, композитор, КСРО және Қазақстанның халық артисі Ғазиза Жұбанованың есімін ұлықтау мақсатында, сондай-ақ Қазақстанның халық қаһарманы, дирижер әрі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды.
Фестиваль «Дирижерлер шеруі» гала-концертімен басталды. Ақтөбе қаласында алғаш рет ұйымдастырылған кеш барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан келген өнер ұжымдары орындаушылық шеберлігін көрсетті. Көрермен назарына қазақ және әлем композиторларының туындылары, соның ішінде Ахмет, Ғазиза Жұбановтар, Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы ұсынылды. Мұнымен бірге қазақ-қырғыз өнерпаздары бірлесе күй тартыс ұсынды.
— Ақтөбеге бұл бірінші келуіміз емес. 2016 жылы осында мен жетекшілік ететін оркестр бас жүлдені жеңіп алды. Енді, міне, дирижерлер шеруіне қатысып отырмыз. Оркестр мүшелері — 46 әріптесіммен осында өнер көрсеткенімізге қуаныштымыз. Мұндай тәжірибе алмасу, әрине, өте қажет. Алда да бұл жалғасса екен, — дейді Бішкек қалалық әкімдігінің халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижёрі, Қырғыз Республикасының халық артисі Бақыт Тілегенов.
Келесі күні Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған «Атадан мұра» концерті өткізілді. Сахна саңлағының қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева дирижерлық еткен кеште А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар және Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен даңқты композитордың «Ата толғауы», «Көш керуен», «Саржайлау», «Алтын дән», «Қабан жырау», «Сағындым ғой», «Жүрегім менің», «Құстар әні» сияқты көпшілікке танымал шығармалары орындалды. Марат Әйтімов, Аманжол Өтемұратов, Светлана Айтбаева, Манзура Сапарова, т.б. ән салған концертке «Аққу» би ансамблі де қатысты.
— Әкемнің 100 жылдығына арналған шаралар Ақтөбеде жалғасын тапқанына ризамын. Биыл Алматы облысында әкемнің құрметіне ескерткіш қойылды, сол кісінің атындағы Мәдениет үйі ашылды, деректі фильмдер түсірілді, жер-жерде концерттер өтіп жатыр. Бұл — әкемнің музыкалық мұрасы, есімі ешқашан өлмейтінінің куәсі, — деп лебізін білдірді маэстроның қызы Дінзухра Нұрғисақызы.
Соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы дирижерлер мен оркестрлер мүшелеріне алғысын айтып, сый-құрмет көрсетті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



