Ән қанатында

Тұсаукесер
Сәрсенбі күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада жергілікті композитор Мақсым Менкешовтің «Ұлттық дәстүрден ұлағат» деп аталатын кітабының тұсаукесері болды.
Философия ғылымдарының докторы Бекежан Ақан алғашқы сөзді алып, өзінің замандасы, композитор М.Менкешовтің жаңа шығармашылық туындысы туралы баяндады.
— Мақсым сексен жасқа қараған шағында өзінің жаңа қырын көрсетті. Бұл кітап композитордың шығармашылық өмірінің есебі деп атауға да болады. Ол өмір бойы рухани құндылықтарға қызмет етіп келеді. Соның айғағы бүгін өздеріңізге ұсынылып отырған — «Ұлттық дәстүрден ұлағат», — деді Б.Ақан.
Тұсаукесерге қатысқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин М.Менкешовке ескерткіш-сыйлық ұсынып, композитор және оның туындылары жөнінде әсерлі әңгімеледі.
— Мен де, менің замандастарым да Менкешовтің «Балауса» әнімен бой түзеп, есейдік. Осы ән жазылған шағын ғана күйтабақ сол кезеңнің ең бағалы сыйлығы болғаны да рас. Кейін жоғарғы оқу орнында студент болып жүргенде «Анама хат» әні арқылы анаға, бауырларға, ауылға деген сағынышымызды бастық.
Мен облыстық телеарнада басшылық жасаған кезеңде Мақсым ағаны «Қайырлы таң, Ақтөбе!», «Сәті түскен сұхбат» бағдарламаларына жиі шақыратынбыз. Көрермендеріміз композитормен тікелей эфирге шығып, сұхбаттасып, мәре-сәре болатын.
Құндылықтардан алшақтап бара жатқан жаһандану заманында ел ішін рухани тұтастыққа тартып жүрген Мақсым аға, сізге шексіз рахмет! — деп сөзін аяқтады Р.Отыншин.
Тұсаукесерде жерлес ақындарымыз Е.Дүйсенбаевтың, Қ.Жанжұновтың, Е.Ашықбаевтың, С.Дәрібайдың сөздеріне жазылған «Балауса», «Анама хат», «Туған ел», «Күзгі серенада» әндері мен «Сарайшық» аспаптық поэмасы орындалды.
«Табылды Досымов атындағы республикалық қор» филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Бижан Қалмағамбетов сөйлеген сөзінде ұлт жанашыры Мұхтар Арын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры болып тұрған тұста осы оқу орнында композитор М.Менкешовтің ықпалымен музыка факультеті ашылғанын атап өтті.
Тұсаукесер рәсіміне М.Менкешов ұйымдастырған «Балауса» эстрадалық ансамблінің әр кезеңдегі сазгерлері де қатысып, естеліктер айтты.
Т.БҰРХАНОВ.



