Мереке

 «Көгілдір экран төрінде — «Ақтөбе» теледидары»

Менің өмір жолым бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысты. Соның ішінде он жылдық қызметім өңіріміздің телеарнасына жұмсалды. Сол кезеңді, өмір белесіндегі айшықты жылдарымның бірі деп есептеймін.

Жерлес, ақын ағамыз Есенбай Дүйсенбайұлы жырлағандай, «Көгілдір экран төріндегі «Ақтөбе» теледидарының» бүгінде алғаш телеэфирге шыққанына 65 жыл толып отыр. Ақтөбе телеарнасы — республикалық корпорацияның құрамдас бөлігі ретінде өз облысымыздың тарихын қаттап, бейнешежіресін сақтап келе жатқан бірегей, айрықша қасиетті орын. Мұнда жергілікті телеарна тарихында ежелден қалыптасқан шығармашылық дәстүр қоғам дамуындағы талай алмағайып уақыт тезіне төтеп беріп, сәтті жалғасып келеді.

Бұл телеарнаға басшылыққа кіріскенімде тақыр жерге келгенім жоқ. Осыған дейін де телеарна біраз эволюциялық даму жолынан өткен. Бұрыннан қалыптасқан шығармашылық дәстүрі бар. Алайда арнаның материалдық-техникалық жағдайы уақыт талабынан едәуір кешеуілдеп қалған болатын. Оны айтасыз, елді мекендердегі облыс тұрғындарына телеарна бағдарламалары тәулігіне небары бір сағат қана таратылады екен. Бұл мәселені тиісті деңгейде шешу үшін ең әуелі материалдық-техникалық базаны жаңарту қажет болды.

Әлбетте, алдымен қаржы мәселесін шешіп алып, ойға алған шаруаны жоспарлы түрде іске асыруға кірістік. Қазір айтуға оңай! Театрдың киім ілгіштен басталатыны сияқты, мұнда да өзінің спецификалық ерекшеліктері бар. Соған сәйкес үнемі «аяғында жүретін» тележурналистердің қызметтік автокөліктері жаңартылды. Телеарна ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, бағдарламалар түсіріліп, хабарлар жүргізілетін жаңа студиялар пайда болды.

«Кателко» спутниктік байланыс стансасы арқылы жергілікті телеарна хабарлары өңірдің 112 елді мекеніне тарататын деңгейге жеттік. Бағдарламаларды тарату көлемі тәулігіне 1 сағаттан 14 сағатқа ұзартылды. Кейін «Отау» спутниктік желісіне қосылғаннан соң хабарларымыз еліміздің барлық өңіріне таратыла бастады, шетелдік жаңа технологияларды алып толықтай цифрлық жүйеге көштік.

Біз мұнымен де шектеліп қалмай, телехабарларды көрерменге неғұрлым шұғыл және сапалы жеткізудің жаңа заманға лайықты жолдарын іздестірумен болдық. Соның нәтижесінде өзге өңірлердегі әріптестерімізден бұрын, өз алдымызға жылжымалы телевизиялық спутниктік станса сатып алуымызға мүмкіндік туды. Сол арқылы телеэфир кеңістігіндегі «даңғылымыздың» аясы да кеңейе түсті. Құлашымызды кеңге салдық. Нәтижесінде түрлі тақырыптағы, мазмұны терең және мағынасы зор бағдарламалар мен телехабарлар түсіруге арналған жаңа, заманауи техникалармен жабдықталған он шақты студия жұмыс жасап тұрды, сапасы жоғары LED-экрандар қойылды. Ақпарат министрлігі мен республикалық корпорацияның назары бізге ауып, ел өңірлеріндегі әріптестерімізге үлгі болдық, тәжірибе алмасу алаңына айналдық.

Осындай игіліктерден соң шығармашылық топтың да шабыты ашылды. Ақылдаса отырып, жаңадан, қоғамның дамуына, жұртшылықтың сұранысына орай бірнеше бағдарлама мен ток-шоу ұйымдастырылды. Біз, ең бастысы, олардың мазмұнына айрықша назар аударған едік. «Отау» спутниктік желісінде болған соң аудиториямыздың ауқымы әлдеқайда ұлғайған болатын. Телеарнамыздың таңғы бағдарламасы көрермен арасында үлкен серпіліс туғызды. Таңғы тікелей эфирге еліміздің кез келген елді мекенінен көрермен қосыла кетеді. Сондай белсенді азаматтарды қолдап отыруды тәжірибеге айналдырдық Тіпті қызылордалық көрерменімізді Ақтөбеге шақырып, өз қаражатымызға «Юкон» емдеу-сауықтыру орталығына орналастырғанымыз есімде. Ал аса белсенділік танытқан атыраулық көрерменіміз Дүйсәлі ағамызға тұрмыстық техника сыйлап, жеткізіп бердік.

Сол кезеңдер телеарнаның жарты ғасырлық және 55 жылдық мерейтойларымен тұстас келген еді. Телеарна халықтық ақпарат құралы болғандықтан біз мерейтойды сол елдің ортасында өткізуді көздедік. Ақтөбеліктер әлі күнге дейін айтып жүрген телемарафон сол уақытта ұйымдастырылған еді. Біздің бұл ұсынысымызды аудан әкімдері қолдады. Соның нәтижесінде халыққа жақындай түстік. «Елу жыл елмен бірге» сияқты бағларламалар сол кезеңдерде дүниеге келді.  Тіпті телеарнаның 55 жылдығына орай 55 хабар ұйымдастырғанбыз.

Кәсіптік және халықтық мерекелерге орай телебағдарламалар жүргізуді дәстүрге айналдырдық. Мәселен, Наурыз немесе жаңажылдық мерекелерде орай ұйымдастырылатын бағдарламаны телеарна ғимаратындағы студиядан гөрі қатысушыларды молырақ қамтитын орындарға ауыстырдық. Мәселен, 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Тағдырлары табыстырған халықпыз» телехабары жыл сайынғы дәстүрге айналды. Сондай-ақ «Біз айтпасақ, кім айтады?» ток-шоуы «Сәті түскен сұхбат», «Үмітпен соққан жүрек» телехабарлары көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Осындай және басқа да мерекелік телехабарларды  жұрт күтіп отыратын болды.

Ақтөбе телеарнасы ұжымымен бірге болған кезеңде материалдық және шығармашылық әлеуетті қатар дамытуға күш салдық.  Материалдық-техникалық базаны заманауи жабдықтармен толықтыру арқылы бүгінгі спутниктік, цифрлық басқару әдістері игерілді. Күн сайынғы шығармашылық ізденістің нәтижесінде өңір көрермендеріне тарихи-мәдени, танымдық-тағылымдық бірнеше жаңа телебағдарлама ұсынылды. Мұның бәрі ұжымның, атап айтқанда, тележурналистер мен бағдарламаларды әрлеуші техникалық қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін шыңдай түсті. Соның нәтижесінде жерлестеріміздің көзайымына айналған бірқатар әріптестеріміз бұрын да, қазір де еліміздің республикалық телеарналарының қатарын толықтыруда.

Қазір есігімізді жасанды интеллект «қағып тұр». Ол табалдырығымыздан аттап, төрге озар күн де қашық емес. Жасанды интеллект дәуірінде де шығармашылық игілік өзінің рухани азық құндылығынан айырылмайды. Ақтөбе телеарнасының ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, жағымды жаңалықтарыңыз көбейе берсін.

Раукен ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,

Қазақстан Журналистер одағы

облыстық ұйымының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button