Еңбекке баулу — тәрбие өзегі

Мектеп
Қоғамның дамуы мен ұлт болашағы—сапалы тәрбиенің нәтижесі. Ал тәрбиенің басты өзегі—еңбекке баулу. Еңбек—баланың бойында жауапкершілік, табандылық, адалдық секілді қасиеттерді қалыптастыратын өмірлік мектеп.
Ұлы ағартушылар еңбек тәрбиесінің мәнін ерте түсінген. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы ұлша тәрбиелесең—ұл, құлша тәрбиелесең—құл болмақшы» десе, Әзілхан Нұршайықов «Бала тәрбиесінің ең үлкені— оны еңбекке баулу» деп айтқан.
Бала еңбектің қадірін ең алдымен отбасынан үйренеді. Үй шаруасына араласу, ата-ананың еңбегін бағалау—еңбекке құрметтің бастауы. Ал мектеп бұл тәрбиені жалғастырып, жүйелі түрде дамытса, оның нәтижесі айқын болмақ.
Бүгінгі цифрландыру заманында кей балалар еңбекке қызығушылықты жоғалта бастаған. Сондықтан мектептерде еңбекке баулу сабақтарын жандандыру, үйірме мен жоба ұйымдастыру, ата-аналардың белсенді қатысуы—уақыт талабы.
Ыбырай Алтынсарин «Қазақ жастарын өнер-білімге, еңбекке баулу —басты міндет» десе, Абай «Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп, еңбектің өмірлік құндылығын көрсеткен.
Еңбек— тек табыс көзі емес, тәрбие құралы. Еңбекқор бала — ел болашағы, қоғам тірегі. Сондықтан әр ата-ана мен ұстаз жас ұрпақтың еңбекке сүйіспеншілігін оятуға ерекше мән беруге тиіс.
Ботагөз СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ,
№30 қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,
6 «Ә» сынып жетекшісі.
Ақтөбе қаласы.



