Білім

Тәрбие мен руханияттың ордасы

Мектеп

1927 жылы іргесі қаланған Ақтөбедегі алғашқы қазақ мектебі бүгінде Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы аталады. Бір ғасырлық тарихы бар білім ордасы — мыңдаған түлектің арманын ұштап, өмірге қанат қақтырған қара шаңырақ. Мектеп әр кезеңде жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, тәрбие мен руханияттың ордасына айналды. Оның қабырғасынан қаншама белгілі ұстаздар еңбек етіп, елге еңбегі сіңген тұлғалар шықты. 1995 жылы мектепке ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, I,II дәрежелі Отан соғысы, екі рет «Қызыл жұлдыз», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі»  ордендерінің иегері Ғұбайдолла Ақтаевтың есімі беріліп, білім ошағы жас ұрпаққа патриоттық рух сыйлады.

Ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған мектеп-гимназияның әр түлегі үшін бұл білім ордасы — жүректегі жылы естелік, ұмытылмас балалықтың куәсі. Солардың бірі — осы мектептің ардагер түлегі, менің әжем76 жастағы Алма Данашова. Оның айтуынша, мектеп қабырғасында білім берген ұстаздар есінде ерекше сақталған.

— Есте қалған ұстаздарыңыз бар ма? – деген сұрағыма әжем былай деп жауап берді:

—  Әрине, көп ұстаз жадымда сақталды. Әсіресе ботаника пәнінен сабақ берген Сара Тілеуова апайдың есімі ерекше ойыма оралады. Ол кісі сабақ барысында тек оқулықпен шектелмей, табиғатты көзбен көріп, зерттеуге баулитын. Сол арқылы бізге пәнді сүюге, қоршаған ортаға жанашыр болуға үйретті.  Фахрудинова апай математикадан берді. Ол кісі күрделі есептерді жеңіл тілмен түсіндіріп, бізді ойлануға жетелейтін. Василий Иванович денешынықтырудан сабақ берді, әр жаттығуды шыдамдылықпен үйретіп, спортқа баулыды. Амина Наурызбековна орыс тілінен дәріс оқыды. Оның сабағы бізге жаңа әлем ашқандай әсер қалдырды. Ал Ғұбайдолла Ақтаев — оқушыларды темірдей тәртіпке баулыған білікті ұстаз. Тәртіпке деген қатаң талабы бізге өмірлік тәрбие болды, — деді әжем.

Одан кейінгі сұхбатымыз былай өрбіді.

— Ол заманда мектеп өмірі қандай еді? 

— Біз тек сабақ оқумен шектелмей, түрлі шығармашылық шараларға да белсене қатыстық. Өзім мектептің хорының құрамында болдым, сахнада ән айтып, түрлі кештерге қатысқан сәттерім жадымда жақсы сақталған. Бір жылдары мектеп ғимараты өртеніп кетті. Кейін сол орнында жаңа мектеп салынып, біз үшін үлкен қуанышқа айналды.

— Мектептен алған ең үлкен тәліміңіз қандай? 

— Ең бастысы, білімге деген құштарлық пен тәртіпке үйрендік. Ұстаздарымыз бізді еңбексүйгіштікке баулыды. Бір-бірімізді құрметтеуді, ұйымшыл болуды сол кезден бойымызға сіңірдік.

— Қазіргі жас ұрпаққа қандай тілек айтасыз? 

— Білім алудан жалықпаңдар, әрбір сабақты жауапкершілікпен меңгеруге тырысыңдар. Тәртіп пен еңбек — табысқа бастайтын қос қанат. Ұстаздарыңды қадірлеңдер, достарыңмен сыйластықта болыңдар. Болашағың жарқын болсын! Мектептің 100 жылдығы құтты болсын!

Бұл — тек бір түлектің естелігі  емес, №6 мектептің тарихындағы тұтас бір кезеңнің айғағы.

Ғасырлық тарихы бар мектептің бүгінгі шәкірттері де арманшыл, талапшыл. Солардың бірі — мен.Мен қазіргі таңда №6 мектеп-гимназиясының 10-сыныбында оқимын. Болашақ мамандығымды педагогикалық қызметпен байланыстырып отырмын. Ағылшын тілі мамандығын таңдап,  университетті тәмамдаған соң өз мектебіме қайта оралып, білім беру сапасын арттыруға, ұстаздық

еңбекпен мектептің абыройын көтеруге үлес қосуды армандаймын. Мен үшін бұл мектеп — туған үйімдей. Болашағымды осы алтын ұямен байланыстырып, осы жерде еңбек етуді басты мақсатымдеп санаймын.

Наз КАЛИТОВА,

Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының

10 «А» сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button