«Көк тудың желбірегені…»


Ұлттық мереке — Республика күніне орай Ақтөбе қаласында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті.
Қазақстанның Егемендік туралы декларациясының қабылданғанына да 35 жыл толғаны белгілі. Қос атаулы датаның құрметіне Орталық саябақта салтанатты жиын ұйымдастырылып, әуелі Мемлекеттік Әнұран орындалды, артынша Қазақстанның көк байрағы елдің бірлігі мен бейбітшілігі, тәуелсіздігінің символы ретінде көкке көтерілді.
Ақтөбеліктерді басты һәм жалғыз ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтаған облыс әкімі Асхат Шахаров бұл күннің әр қазақстандық үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
— 25 қазан — тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи белес. 1990 жылы дәл осы күні қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке апарар алғашқы қадамы болды. Бұл күн ел тағдырындағы ерекше кезеңді, халқымыздың ерік-жігері мен болашаққа деген нық сенімін білдіреді.
Бүгін біз еліміздің басты нышандарының бірі — Мемлекеттік Туымызды биікке көтере отырып, Тәуелсіз Қазақстанның бірлігі мен жарқын болашағын айшықтаймыз. Көк байрағымыз — бейбіт өмірдің, еркіндік пен елдік рухтың символы. Біздің басты мақсатымыз — егемен еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып, бірлігімізді нығайту. Көк Туымыз әрдайым көкте желбіреп, еліміздің еңсесі биік болсын! — деген Асхат Шахаров ақтөбеліктерге амандық және ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Мерекелік шара облыстық филармонияның артистері дайындаған шағын концертке ұласты.
Жиынға атқарушы билік өкілдері, әскерилер мен белсенді қала тұрғындары қатысты.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



