Мерекеге тарту

Қобда
Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау және медицинаның қолжетімділігін арттыру мақсатында Қобда ауданының Жарық және Өтек ауылдарында жаңа медицина пункттері пайдалануға берілді.
Әлеуметтік нысандардың ашылу салтанаты 25 қазан — Республика күніне орай ұйымдастырылып, шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев қатысты.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстың жалғаса беретінін атап өтті.
— Жаңа пункттердің салынуы — ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, шалғай ауылдардағы халыққа алғашқы медициналық көмекті қолжетімді ету — басты мақсатымыз, — деді А.Есенбаев.
Бұл екі нысан — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Ауыл — ел бесігі» ұлттық жобасы аясында салынды.
Жаңа медицина пункттері заман талабына сай, барлық санитарлық талапты сақтай отырып тұрғызылған. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда күніне кемінде 20 адам қабылдайтын мүмкіндік бар. Әр пунктте бір медбике, бір санитар және бір от жағушы қызмет етеді.
А.АЛТЫБАЕВ,
Қобда ауданы.
Ақтөбе
Мерекеде Ақтөбе қаласына қарасты К.Нокин ауылында және Жібек жолы тұрғын алабында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Жаңа нысандардың ашылу рәсіміне Алматы ауданының әкімшілігі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық спорт басқармасының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
К.Нокин ауылындағы кешеннің жалпы ауданы— 1010 шаршы метр. Мұнда бір мезетте 50-ден 200-ге дейін жас спортшы жаттыға алады. Спорт орталығында дзюдо, грек-рим және еркін күрес, сондай-ақ футбол секциялары жұмыс істейді.
Жаңа спорт кешенінің ашылуы ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Жібек жолы тұрғын алабында ашылған «Заречный» спорт кешенінде дзюдо, самбо, грек-рим күресі, волейбол,тоғызқұмалақ, т.б. спорт түрінен 200-ге дейін бала жаттыға алады.
Айта кетейік, спорттық инфрақұрылымды дамыту—облыста жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың бірі. Соңғы үш жылда 32 жаңа спорт кешені халық игілігіне берілді. Жыл соңына дейін 12 жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға тиіс.
Д.ҚАЗИХАН.
Ырғыз
Республика күнінде Құмтоғай ауылында 100 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Ырғыз ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азамат Махаев құмтоғайлықтарды мерекемен және жаңа мектептің пайдалануға берілуімен құттықтап, білім ордасының ауыл өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Марал Төлеуұлы игі тілегін айтып, жаңа нысанның табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға батасын берді.
Жиыннан кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары мектеп ішін аралап, оқу кабинеттерімен, зертханалармен танысты. Заманауи құрал-жабдықтар және жаңа жиһаздармен қамтылған сыныптар жұртшылықтың оң бағасын алды.
Ата-аналар мен ауыл тұрғындары білім ордасының құрылысына қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді.
Айта кету керек, бұрынғы мектеп ғимараты 1985 жылы салынған. Ал жаңа мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Бас мердігер — «ЕРЗАТ» өндірістік кооперативі. Екі қабатты жаңа мектеп ғимаратында оқу блоктары мен спортзал орналасқан.
Бүгіндемұнда 114 бала білімалады.
Д.АЙДАР,
Ырғыз ауданы.
Темір
Темір қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі бастаған мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындарықатысты.
—Бұл—тұрғындарымыздың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін заманауи кешен. Біздің мақсат —жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, дені сау, белсенді ұрпақ тәрбиелеу. Республика күнінде ашылып отырған жаңа кешеннің игілігін көруге тілектеспін! —деді аудан әкімі Алмас Жақсылықов.
Жаңа спорт нысаны бір уақытта 100 адамды қабылдай алады. Кешен соңғы үлгідегі спорт құрылғыларымен жабдықталған, мұнда 6 түрлі спорт секциясы жұмыс істейді.
Айта кетейік, мұндай инфрақұрылымдық жобалар өлкеде салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.
Айәли АЙБЕК,
Темір ауданы.



