Мереке

Еңбек адамдары марапатталды

Ақтөбедегі қалалық Мәдениет сарайында Республика күніне орай «Ұрпаққа ұран – Қазақстан» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке қала әкімі Азамат Бекет қатысып, тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтады.

Шара заманауи технология мен ұлттық рухты ұштастырған сахналық көрініспен басталып, «Серпер» жастар хоры мен «Сұңқар» вокалдық ансамблі Мемлекеттік Әнұранды шырқады.

Одан кейін қала басшысы Азамат Бекет Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген 40-тан астам жұмысшыны марапаттады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Біз еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, оларды дәріптеу арқылы жастарға  еңбектің қадірін көрсетуді көздейміз. Ақтөбеде бұл бағытта көптеген іс-шара ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері 70-тен астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, үш жүзге жуық мамандық ұсынылды, — деді қала әкімі өз сөзінде.

Марапат иелерінің қатарында түрлі салада көп жылдық еңбек өтілі бар азаматтар бар. Соның бірі — Аманғали Кенжеғалиев. Ол «Ақтөбе кірпіш» зауытында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі жүргізуші.

— Жалпы, 40 жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар жүргізушімін. Соңғы 20 жыл кірпіш зауытында еңбек етіп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Үйренген жұмыс қиын болмайды. Былтыр Ақтөбені көркейтуге қосқан үлесім үшін төсбелгі мен мақтау қағазын алған едім. Биылғы марапат соның жалғасы іспетті. Келер жылы зейнетке шығамын. Еңбегімді елеп, марапатқа ұсынып жатқан ұжымыма, басшылығыма үлкен ризашылығымды білдіремін. Республика күнімен баршаңызды құттықтаймын, — деді ол.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

 Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button