65 қарағай екті

Республика күнінде Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесі жас көшеттермен толықты.
Ұлттық мерекеге орай және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілген шараны Ақтөбе қаласына қарасты Астана ауданы әкімдігі ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат — ел азаматтарын табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны көгалдандыруға және туған өлкені көркейтуге бағытталған ортақ іске жұмылдыру, сондай-ақ сенбілік арқылы азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайту.
— Сенбілік барысында аудан аумағында 65 қарағай ағашы егілді. Бұл бастамамыз қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтау мен жасыл желекті көбейтуге оң ықпал ететініне сенеміз. Игі істі «Халық банк» және «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамдары қолдады.
Алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті дамыту мен қаланы абаттандыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, — дейді Астана ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Талғатұлы.
Шараға мемлекеттік мекемелер, банк қызметкерлері атсалысты.
Аудан әкімдігі өкілдері мұндай сенбіліктердің тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруда және қоғамдық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.







