Мереке

Зияткер жастар сайысы

Аудандық жастар ресурстық орталығында жас сайлаушылар клубының қолдауымен оқушылар арасында зияткерлік квиз ойыны өтті. Аталған іс-шара Республика күніне орай танымдық бағытта ұйымдастырылды.
Сайыс барысында қатысушыларға Ата Заң, мемлекеттік рәміздер, сайлау жүйесі мен ел тарихына қатысты сұрақтар қойылды. Зияткерлік сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде тапқырлық танытқан ойыншылар Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері мен егемен елдің дамуына қатысты сауалдарға жауап берді.
Одан соң «Тарих және тұлға» кезеңіне өткен сайыс қатысушылары қазақ халқының өткені мен бүгініне қатысты сауалдарға мүдірместен жауап беріп, ел тарихын терең білетінін дәлелдеді. Ал «Ата Заңым — айбыным» атты кезеңде оқушылар құқықтық білімдерін ортаға салды. Сайыстың соңғы кезеңі бейне-сұрақ түрінде өтті. Ойыншылар экран арқылы көрсетілген сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беріп, зияткерлік қабілетін көрсете білді.
— Зияткерлік ойындар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастырады. Әр жас өз елінің болашағына жауапты екенін сезінуі қажет. Сондықтан құқықтық мәдениет пен патриоттық сана — ұлттың іргетасы. Расында, бұл квиз ойыны тек білім сыналатын жарыс емес, жастардың ел тарихына деген қызығушылығын айқындады, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.
Нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен «Алатау» командасы 1-орынды иеленсе, «Жігер» командасы 2-орынды, «Жалын» командасы 3-орынды місе тұтты. Жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,
Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button