Мереке

Төл мерекелерін тойлады

Шалқардағы «Отан» спорт кешенінің алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған ауылдық округтерден шаруа қожалықтары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты — аудандағы шаруашылықтардың өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсыну, отандық өнімге сұранысты арттыру және ауыл еңбеккерлерін қолдау.
Жәрмеңкеге ауданның түрлі ауылшаруашылық құрылымдары мен жеке кәсіпкерлер ет, сүт, балық өнімдері, бау-бақша мен кондитерлік өнімнің түрлерін нарық бағасынан төмен бағада ұсынды. Жәрмеңке барысында тұрғындар мен қала қонақтары сапалы әрі табиғи өнімдерді арзан бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Аудан халқы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұруының маңыздылығын атап өтті.
Шаруалар төл мерекелеріне орай аудандық Мәдениет үйінің фоесінде өздері өндірген өнімдерін жайып, көрме өткізді.
Бұдан соң Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Жиында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов баяндама жасап, осы сала бойынша жыл бойы атқарылған, жеткен жетістіктер, алға қойған міндеттер туралы айтты.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауыл еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, тәуелсіздік алған жылдардың ішінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын дамытуға бағытталған ондаған кіші бағдарламамен қатар, жалпы агроөнеркәсіптік кешені мен ауылдық аумақтарды қолдауды мақсат тұтқан үлкен бағдарламалар қабылданып, агроөнеркәсіптік кешен мен алтын бесік — ауылымыздың жаңа белестерге көтерілгеніне тоқталды.
— Бұл күн — туған жердің топырағын түлетіп, ел ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарын ұлықтайтын айрықша мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын үнемі назарда ұстап келеді. Президентіміз ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс сапасын жақсарту, өндірістік қуатты арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар беріп, агросекторды мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңейтуді басты міндеттердің бірі ретінде айқындады.
Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялық тетіктер табысты іске асырылып, ауыл еңбеккерлеріне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Соның айқын дәлелі — «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отбасылық шаруашылықтарды қолдауға бағытталған. Жоба аясында ауданымызда мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағыттарында нақты жобалар жүзеге асырылып, ауыл халқының тұрмыс сапасы жақсарып келеді. Бұл — ауылдың әлеуетін арттырып, ел экономикасына серпін беретін игі бастама.
Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылының жариялануы да еңбек адамының мәртебесін арттыру жолындағы маңызды қадам. Ауыл — ырыстың бастауы. Сол ауылдың берекесін арттырып, еңбегімен ел мерейін өсіріп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі.
Салтанатты шарада Ж.Жидеханов табысты еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламаларды орындауға үлесін қосқан «Ерғали» шаруа қожалығының төрағасы Жаңабай Ерғазин мен «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы Жансерік Анаров бастаған 30 шаруа қожалығының төрағаларын Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат тапсырды.
Мерекелік шараның өн бойы аудан көркемөнерпаздарының концертімен өрілді. Бұдан соң көпшілік Жылтыр ауылының маңындағы атшабарға жиналып, аламан бәйге мен тай бәйгені тамашалады. 24 шақырымдық аламан бәйгеге қосылған сәйгүліктер көсіле шауып, тамашалаған жұрттың делебесін қоздырды. Нәтижесінде Жаңақоныс ауылдық округінен қосылған Руслан Қойшыбаевтың Ақбақай аты бірінші келіп, мотоциклді иеленді. Ал екінші және үшінші орындарды ретімен Айшуақ ауылдық округінен келген Нұртуған Сағындықтың Тортөбел атты сәйгүлігі мен Жаңақоныс ауылдық округінің атынан қатысқан Қуанқан Біржановтың Көгершін тұлпары бөлісіп, жүлдеге тігілген теледидар мен мұздатқыш табысталды.
Сонымен қатар мерекелік шараға қатысушылар тай жарысын да тамашалады. Дүбірлі додада Е.Көтібарұлы ауылдық округінен қосылған Әзілхан Сағиталының Үштерек атты тайы алғашқы келіп, жүлдеге тігілген 150 мың теңгені еншіледі. Бұдан соң Шалқар ауылдық округінен келген Заманбек Жайлыбаевтың Жылтыр күрең тайы екінші, Е.Көтібарұлы ауылдық округінен қатысқан Әсет Омаровтың Зымыраны үшінші келіп, жүлдеге тігілген 100 мың және 80 мың теңгені иеленді.
Бәйгеден соң аудан әкімі Ж.Жидеханов облыс көлемінде ауданымыздың атағын ұлттық ат спорты ойындары арқылы танытып, қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір тармағы — атбегілік өнерін дамыту мен насихаттауға қосқан зор үлесі үшін атбегілер Шынболат Төлеуқұлұлына, Рақымжан Орынбасарұлына, Қуанхан Айталыұлы мен Нұртуған Шынбайұлына Алғыс хаттар тапсырып, сый-сияпат жасады.

Қ.ӘЛИН,
Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button