Жастар

Үздіктер Астанаға барады

Жасыл ел

Жазғы маусымда тынбай еңбек еткен жастар Астана қаласына жолдама алды.
Жастар сарайының «Мәңгілік ел» залында өткен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенді сарбаздарын марапаттау салтанатына 120-ға жуық жас қатысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев жастарды ұлттық мерекеміз — Республика күнімен құттықтап, еңбек жасақтарында белсенділік танытқан жастарға алғысын білдірді.
— Жастарды жұмыспен қамту — аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. «Жасыл ел» — тек еңбек ету, сенбіліктерге қатысу емес, патриоттық тәрбиенің, еңбекқорлық пен бірліктің мектебі. Биыл облыс бойынша 240-тан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, үш мың тоннадан астам қоқыс жиналды, екі мыңнан астам ағаш көшеті егілді. Бұл — жастардың еңбегінің нақты нәтижесі. Сіздер өздеріңізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шықтыңыздар. Міне, енді еңбектеріңіз еленіп, Астана қаласына жолдама алып отырсыздар. Облыс әкімінің қолдауымен биыл жолдама саны көбейді. Былтыр жолдама саны 100-ге жуық болса, биыл 150-ге артып отыр, — деді ол өз сөзінде.
Жалпы биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтары құрамында облыс бойынша 3200 сарбаз еңбек етіпті. Солардың ішінде ерекше көзге түскен жастар үш күн бойы елорданы аралайтын болады. Солардың бірі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Аян Қуандықұлы.
— Мен «Жасыл елдің» үшінші тобының құрамында жұмыс істедім. Айналаны тазалап, артық шөптерді жұлып, қаламызды көркейтуге атсалыстық. Еңбегіміз үшін алған жалақымызды өз қажеттілігімізге жұмсадық. Бұл біз үшін пайдалы тәжірибе болды, — дейді.
— Мен де Жұбанов университетінде оқимын. Каникул кезінде туған жерімде — Ойыл ауданында жұмыс істедім. Табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстармен айналысып, жүз жетпіс мың теңге көлемінде жалақы алдық. Бұл қаржыны өз оқуымызға және керек-жарағымызға жұмсадық, — дейді Рабия Құспанова.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры, PhD докторы Нарқозы Қартжан да жастарды еңбектегі табыстарымен құттықтап, болашақта да белсенді болуға шақырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button