Мереке

Мизам шуақтағы марапат пен бәйге

Кездескенде «мал-жанның» амандығын сұрайтын қазақ үшін ауыл — қашанда берекенің бастауы. Қашаннан төрт түлігі тең өрген Ойыл үшін ауыл шаруашылығы — тіршіліктің күре тамыры. Осындай еселі еңбектің майданында жүрген майталмандар қандай құрметке де лайық.

Ойыл ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні дала төсінде ат тұяғының дүбірімен үндесіп аталып өтті. Алдымен арнаулы құрылған сахнада еңбек озаттары марапатталды. Еңбеккерлерге ізгі лебізін жолдаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев ең бірінші ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Астана мен Ақтөбеден келген марапаттарды табыстады. Еңбек ардагері Темір Сағынғалиевтің омырауына «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақса, Талғат Иманғалиевқа осы ұйымның «Елеулі еңбегі үшін» медалін табыстады. Ал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Мұратбек Әділхановқа «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысы бойынша филиалы төрағасының Құрмет грамотасы берілді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі және қажырлы еңбегі үшін шаруа қожалығы қызметкерлері әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Салтанатты сәт тай жарысына ұласты. Атшабар шеңберді көзді ашып-жұмғанша екі айналып шыққан тайлардың ішінен Хромтаудан келген Мәлік Жантерековтің «Қарлығашы» мәре сызығын бірінші кесіп өтіп, бас жүлдеге ие болса, екінші жүлде «Қарлығаштың» құйрығын тістей келген Мәліктің «Бағаласына» бұйырды. Үшінші жүлде ақтөбелік Жандос Зухайдаровтың «Жаннұр» атты жүйрік тайының еншісіне тисе, төртінші болып мәре сызығын атыраулық Амандық Талбаевтың «Сұлужирені» кесіп өтті.
«Аламан бәйгеде» Шалқардан келген Руслан Қойшыбаевтың «Ақбақайы» алдына жан салмады. Мәре сызығын екінші болып ақтөбелік Талғат Нұржігітовтің «Байторысы» кесіп өтсе, үшінші болып атыраулық Сайфолла Жұмағалиевтің «Ақбөкені» келді. Төртінші жүлде қобдалық Сағындық Қосмағамбетовтің «Құтты» тұлпарына бұйырды.
Бәйгені тамашалауға келген ағайынның көңілі шат болды. Қазақтың киіз үйлерінде берекелі дастарқан жайылды. Қойнауы құтты Ойылдың жазығындағы тойға жас- кәрінің бәрі асығып жеткен. Күздің мизам шуағында күн райы да қолайлы болды. Бәйгемен қатар, жігіттер жағы қошқар көтеріп, арқан тартып, ұлттық спорт ойындарынан бақ сынасты. Қошқар көтеруде белгілі уақытта бәрінен артық көтерген Нұрхат Аязбаев бас жүлдеге ие болса, арқан тартыста Қаракемердің білекті жігітертіне тең келер команда болмады.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button