Еңбек майталмандарының мерекесі

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні
Қобда ауданында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Еңбек майталмандары — аудан мерейі» атты салтанатты шара өтті.
Этноауыл форматында өткен мерекелік жиын ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегіне құрмет көрсетуге арналды. Шараға аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлері, аудан қонақтары мен тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында 40-қа жуық ауыл шаруашылығы еңбеккері түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Оның арасында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар бар.
Ауыл шаруашылығы саласына білікті мамандар даярлап, жас ұрпаққа кәсіби бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен аграрлық сала мамандары да құрметке бөленді.
Мерекелік шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
— Ауыл шаруашылығы — біздің аудан экономикасының тірегі. Ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері — елдің ырысы мен берекесінің бастауы. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында Қобда өңірі тұрақты дамып келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасының амандығын және мол өнім тілеймін, — деді аудан басшысы.
Мал шаруашылығын дамытуда табанды еңбегімен көзге түскен Қызылжар ауылының «Болашақ» шаруа қожалығының шопаны Арман Қидас «Қой шаруашылығының озаты» номинациясына ие болды. Биылғы мал төлдету маусымында ол 100 бас саулықтан 110 төл алып, жоғары көрсеткіш көрсетті. Ал «Қобда Жер» ЖШС-ның механизаторы Өмірзақ Байташов 3 700 гектар жерді сапалы дайындап, 3 000 тоннадан аса астық жинауға үлес қосты.
Шарада ауыл шаруашылығы техникасы мен жергілікті өнімдердің көрмесі, жәрмеңкелер, сондай ақ қазақша күрес, асық ату, садақ ату, бәйге ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Кеш соңында аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, театрландырылған көрініс көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Қобда ауданының агроөнеркәсіп саласы соңғы жылдары тұрақты дамып келеді. Бүгінде өңірде 482 шаруа қожалығы, 56 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 33 агроөнеркәсіптік кооператив белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Машина-трактор паркі жаңартылып, жаңа техника алынуда. Соңғы жылдары аудан шаруашылықтарына 43 мал азығын дайындау техникасы мен 33 жаңа трактор сатып алынды. Бұл — ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік беріп отыр.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,
Қобда ауданы.









