Өнерлінің өрісі кең

Өнер
Қалалық Мәдениет сарайында қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйі өнерпаздарының «Өнерлі ордам – Ақтөбем!» атты есеп беру кеші өтті.
Концерттік бағдарламаның шымылдығын халықтық «Қазына» ансамблі А.Жұбановтың «Би күйімен» ашып берді. Бұдан соң жиналғандар «Әжелер» ансамблінің орындауындағы халық әндері «Ақ тамақ», «Угай-ай» және «Шаттық» вокалдық, «Шаңырақ» отбасылық топтары өнерпаздарының орындауындағы есті әндерді ұйып тыңдады.
— Өнерпаздар концертке жоғары дайындықпен келген. Бүгінде облыста көз жанарынан айырылған 900-ден астам адам бар. Біз олардың қоғамнан тысқары қалмай, шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік береміз. Қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінде 7 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерде білікті мамандар сабақ береді. Осы жолғы концертте шығармашыл ұжымға енді ғана қосылған оқушылар да өнер көрсетті. Шығармашыл ұжым жалдамалы ғимаратта сахналық қойылымдарына дайындалуға мәжбүр. Мұнда зағип жандарға жағдай жасалмаған. Ендігі басты арманымыз — жаңа ғимарат беру мәселесі шешімін тауып, орталықтан Мәдениет үйінің жаңа ғимараты ашылса екен, — дейді қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің директоры Ақыл Жарылғасынов.
Мазмұнды кеште белгілі ақындардың өлеңдері оқылып, «Қарақат» би студиясының өнерпаздары «Қазақ биін» мың бұрала биледі. Сондай-ақ көпшілік «Қазына» ансамблінің сүйемелдеуімен Ақыл Жарылқасыновтың орындауындағы «Тау ішінде», «Ақ бұлақ» әндерін қосыла шырқады.
— Шығармашыл ұжымның қатарына жақында қосылғаныма қарамастан, Мәдениет үйі ұйымдастырған концерттерге белсене атсалысып жүрмін. Әсем әнмен көмкерілген кеште Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» өлеңін оқыдым. Өзім жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығымен таныспын. Алдағы уақытта «Ақтөбе» газетінің «Балдырған» бетіне авторлық туындыларымды жариялағым келеді. Қолым қалт етсе, өлең шығарамын, қағаздан түрлі бұйымдар жасаймын. Радиода дикторлық шеберлік бойынша оқығанмын. Алайда оқу ақысы қымбаттағандықтан, жалғастыруға мүмкіндігім болмады. Өзім секілді талабы бар жастарға арналған тегін үйірмелер саны көбейсе деген тілегім бар, — дейді жас өнерпаз Дидар Төлтаев.
Іс-шараның соңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева сөз сөйлеп, мәдени шаралардың ұйытқысы болып жүрген өнер ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Өнер ұжымының есеп беру концерті «Мәңгілік ел» әнімен аяқталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.







