Мереке

Жүрек жұтқандардың мерекесі

Қазанның 19-ы — құтқарушылардың кәсіби мерекесі.

1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған бұл сала отыз жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қауіпсіздік жолында күн-түн демей еңбек етіп жүрген құтқарушылардың еңбегі ел назарында. Соның бірі — облыстық төтенше жағдайлар департаментінің №22 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Нұрбек Табай.

«Бір өмірді құтқару — әлемді құтқарумен тең», — дейді ол. Осы ұстаныммен өмір сүретін Нұрбек Табай он жылдан астам уақыт бойы құтқару қызметінде абыройлы еңбек етіп келеді.
— Әскерден келген соң елге пайдам тисе деген ой болды. Сол себепті 2015 жылы төтенше жағдайлар қызметіне келдім. Бұл сала — жүрек жұтқан жандардың таңдауы. Себебі құтқарушы кез келген сәтте қауіп пен күтпеген жағдайға дайын болуы керек, — дейді ол.
Қызметінің алғашқы жылдарынан-ақ ол талай күрделі оқиғалардың ортасында жүрді. Соның бірі есінде ерекше сақталған.
— Осыдан бес-алты жыл бұрын түн ортасында гараж кооперативінде өрт шыққан еді. Екі автокөлік пен гараж толықтай отқа оранды. Біз оқиға орнына жеткен сәтте жалын шарпып, түтін қоюлана бастаған. Темір есікті бұзып кіргенде, іште газ және кислород баллондары бар екенін көрдік. Егер сол сәтте жарылыс болса, салдары өте ауыр болар еді. Уақытты оздырмай, оттың ортасына еңбектеп кіріп, баллондарды сыртқа алып шықтық. Абырой болғанда бәрі сәтті аяқталды.
Осындай сәттерде қорқыныш пен жауапкершілік қатар жүреді. Себебі төтенше жағдаймен бетпе-бет келгенде, алдымен, өмірің көз алдыңнан өтеді. «Аман шығамын ба, үйге ораламын ба?» деп ойлайсың. Бірақ сол сәтте қорқыныш емес, парызды ойлайсың. Өйткені сенің артында отбасың тұр, ал алдыңда сенен көмек күткен адамдар бар. Көбіне бір ғана шешімнің артында бірнеше адамның тағдыры тұруы мүмкін, — дейді ол.
Құтқарушының айтуынша, бұл қызметтің ең басты талабы — батылдық. Төтенше жағдай кезінде әр секунд маңызды. Сондықтан әрбір құтқарушының кәсіби дайындығы, денешынықтыру деңгейі мен өз ісіне деген жауапкершілігі зор болуы қажет.
— Бізде күн тәртібі нақты бекітілген. Таңертең кезекшілікті қабылдап, физикалық дайындық жаттығуларына қатысамыз. Бәрі әскери тәртіппен жүреді. Ауысым сайын норматив тапсырамыз. Өйткені кез келген уақытта дабыл қағылып, төтенше жағдайға дайын болуымыз керек, — дейді бөлімше командирі.
Бүгінде құтқарушылардың жұмысы заманауи техника мен жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен анағұрлым жеңілдей түскен. Арнайы қорғаныс киімдері ыңғайлы әрі қауіпсіз, дрон көмегімен өрттің таралу аумағын бақылап, жағдайды жедел бағалау мүмкіндігі бар.
— Қазір салаға жаңа техника мен заманауи жабдықтар келіп жатыр. Бұл біздің жұмысымызды тиімді әрі жылдам етуге мүмкіндік береді. Өрт сөндіру киімдері де бұрынғыға қарағанда жеңіл әрі ыңғайлы.
Жалпы, бұл салада жүргеніме еш өкімбеймін. Мамандығым — мақтанышым, — дейді Н.Табай.
Құтқарушы Нұрбек Алпысбайұлы — өнегелі әке, отбасылы азамат. Өмірлік серігін де осы салада жолықтырған. Қазір зайыбы бала күтіміне байланысты демалыста. Жас отбасы екі ұл — Әбілмансұр мен Әбунасырды тәрбиелеп отыр.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button