Мереке

Спортқа жаны құмар өрт сөндіруші

Өрт сөндіруші — жүректілердің мамандығы. №25 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде еңбек ететін жас өрт сөндіруші Мағжан Жақыпжанов жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүр.

Еңбек жолын Әйтеке би ауданындағы өрт сөндіру бөлімшесінен бастаған ол бүгінде қарауыл бастығына дейін көтерілген.
— Көкшетау техникалық институтын, Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясын тәмамдадым. Оқу бітірген соң бірден өрт сөндіруші болып жұмысқа орналастым. Академияда оқыған төрт жылымыз еңбек өтіліне кіреді. Сондықтан мені бірден өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы етіп тағайындады. Құтқарушы мамандығын игерген адамның ең басты міндеті — азаматтарды қауіп-қатерден арашалау. Тәуліктің қай кезінде болмасын, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Қарауыл бастығы ретінде командамдағы өрт сөндірушілердің өрт оқиғаларына жедел жетуіне тікелей өзім жауаптымын. Күн сайын кезекшілік ауысымын қабылдап алған адам техникалық қауіпсіздікке жауап береді, — дейді ол.
Мағжан спорт десе ішкен асын жерге қоятын кәнігі волейболшылардан кем түспейтін ойыншы екен. Ол қолы қалт етсе, спорттық сайыстарға қатысады.
— Өзім бос уақытымда шынығып, спортпен айналысқанды жақсы көремін. Бұған дейін көптеген жарыстарға қатыстым. Өрт сөндірушіге қойылатын ең басты талап — шыдамдылық пен ерік-жігер екенін ескерсек, спортпен шұғылдану өрт сөндірушіге көптік етпейді. Бүгінде №25 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға инженер қызметін атқара жүріп, көптеген спорттық іс-шаралардың ұйытқысы болып жүрмін. Жуырда алапат өрт оқиғасының алдын алдық. 14 қазанда «Эко Газ» газ құю бекетінде 27 тонналық газ құю цистернасының жарылу қаупі бар екені туралы шұғыл хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға орнына жедел жеттік. Сөйтсек, автокөліктің алдыңғы қозғалтқыш бөлігі жанып жатыр екен. Өрт дер кезінде ауыздықталмағанда, цистерна жарылып тұрғындарға қауіп төнер еді, — дейді өрт сөндіруші.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button