Мереке

Командир Айбат

Айбат Асабаев — жанкештілігімен көзге түсіп жүрген бүгінгінің батырларының бірі. Оның су тасқыны кезінде жасаған ерлігі әлеуметтік желіде таралып, көп қаралым жинапты. Қатермен бетпе-бет жүретін құтқарушы №23 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет етеді.
АГУ «Тарлан» көпсалалы колледжінде және Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде оқып, кейіннен өрт сөндірушілерді даярлайтын арнайы мектепте білімін шыңдаған ол 2019 жылы өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасқан.
— Еңбек жолымды №2 өрт сөндіру бөлімінен бастадым. Мұнда үш жыл жұмыс істедім. Рауан елді мекеніндегі бөлімде қызметімді аға өрт сөндіруші болып бастадым. Қазір аталған бөлімде бөлімше командирімін. Ағам да өрт сөндіруші мамандығын таңдаған. Өзім қазақ күресімен кәсіби түрде айналыстым. Көптеген спорттық сайыстардың жеңімпазымын.
Бұл мамандық қателесуді кешпейді. Адам өмірінің арашашысы болғандықтан, бізге артылған жүк ауыр. Негізі жылдың қай мезгілі болмасын, өрт оқиғалары көп тіркеледі. Әсіресе, көппәтерлі үйлердің тұрғындары қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді. Ең алғаш еңбек өтілімді бастаған кезде далалық өрттерді сөндіретінмін. Масаң күйде үйін өртеп алған адамдарды да жолықтырдық. Сондықтан демалған кезде немесе үйден шығып бара жатқанда электр аспаптарын, тұрмыстық техниканы электр желілерінен ажыратуды ұмытпаңыз, әзірлеп жатқан тамағыңызды немесе шәйнекті газ плитасында қалдырмаңыз, — дейді ол.
№23 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары Айбат Асабаев, Құмар Мәжен, Жүсіпбек Әбілсейітов су тасқыны кезінде қиындықта қалған жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек көрсеткені туралы көптеген БАҚ беттерінде жарияланғаны белгілі. Адам өмірін арашалау азаматтық борышым деп санайтын Айбат су тасқыны кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін Төтенше жағдай министрлігінің Алғыс хатымен марапатталыпты.
— Былтырғы су тасқыны кезінде «Геолог» бау-бақша ұжымында тұратын қала тұрғынына жедел көмек қажет болды. Еш ойланбастан, толарсақтан саз кешіп, фельдшерді үйге арқалап кіргіздік. Ол алғашқы медициналық қызметін көрсетіп, науқасқа ем-дом жасады. Қызыл судан зардап шеккендерді эвакуациялап, бөгеттер тұрғыздық. Қауіпті аймақта қызмет еткен құтқарушылардың еңбегі ескерусіз қалмады. Осындай қиын сәтте атқарған еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымын, — деді А.Асабаев.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button