Сіздердің мінсіз еңбектеріңіз – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі

Құтқарушылардың күн сайынғы ерлігі былайғы жұрттың көзіне түсе бермейтіні айқын. Олар уақытпен санаспай, өз басын қатерге тіге отырып, адамдарға көмектесуге ұмтылады. Яғни Құтқарушылар күні – кәсіби мереке ғана емес, қасымызда бүгінгінің батырлары бар екенін ескеретін, олардың ержүректігі мен қайсарлығына құрмет көрсететін күн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған сөзінде құтқарушыларымыздың соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалғанын айтты. Бұл дегеніміз — 225 мыңға жуық адамның өмірін құтқару ғана емес, сол 225 мың адамның отбасын қайғыдан сақтап қалу деген сөз.
«Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады», — деді Президент.
Мұғалім ретінде мен жас ұрпақты осындай батылдық пен адалдыққа тәрбиелеуге міндеттімін. Құтқарушылардың ерлігі – балаларға үлгі болатын ең биік қасиет. Олар – біздің қоғамымыздың тірегі, нағыз адал азаматтар. Меніңше, бүгінгінің батырларының ерлігін паш ететін Құтқарушылар күнін кеңінен насихаттап, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін арттыру қажет деп есептеймін. Сіздердің мінсіз еңбектеріңіз – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі. Барлық құтқарушыны кәсіби мерекесімен құттықтаймын!
Ақалтын ЖҮНІСОВА,
Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.



