Мереке

Қауіп пен қайсарлық жолы

Өрт сөндіруші болу — тек кәсіби мамандық емес, бұл — ерлікке бастайтын жол. Себебі бұл мамандықты таңдаған адам күн сайын өмірін қауіпке тігіп, өзгелердің амандығы үшін күреседі.

Көпшілік тілсіз жаумен бетпе-бет келіп көрмесе де, оның қаншалықты қауіпті екенін жақсы біледі. Мұндай жағдайда тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да мықты болу қажет. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің өрт сөндірушісі Азамат Оташ — осындай қажырлы маман иесі.
Азаматтың бұл салада еңбек етіп жүргеніне үш жыл болған. Ол дабыл түскен кезде күн-түн демей командасымен бірге оқиға орнына аттанады.

— Әр шақырту — жаңа сынақ. Кейде өрттің беті қатты болып, алдымен өзіңнің де қауіпсіздігіңді ойлауға тура келеді. Бірақ біздің басты мақсат — адамдардың өмірін аман алып қалу, — дейді өрт сөндіруші.
Азаматтың негізгі мамандығы — есепші. Алайда ол бір кабинетте отырып, қағазбасты тірлікпен айналысу өзіне арналмағанын ерте түсінген. Жүрегі жігерді, іс-әрекетті қажет ететін салаға тартты. Ақыры өмірін өрт сөндіру қызметімен байланыстырып, нағыз ер-азаматқа лайық жолды таңдады. Бүгінде ол — басын қатерге тігіп, тілсіз жаумен күресіп жүрген маман.
— Қай жерде тілсіз жау тұтанса, сол жаққа аттанамыз. Жақында Ресеймен шекаралас Әлімбет ауылында дала өрті болды. Екі күн командамызбен сол жақта жүрдік. Қызыл жалынның бетін қайтарып, өртті толық сөндіріп барып қалаға оралдық. Жалпы, өрт сөндірушілердің жұмысы тек өртпен күресу емес, олар түрлі төтенше жағдайларда, жол-көлік оқиғаларында, апат кезінде де көмекке келеді, — дейді Азамат.
Азамат әріптестерімен бірге күн-түн демей қызмет етіп, қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүр. Оның ерлігі мен кәсібилігі — өскелең ұрпаққа үлгі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button